Патриотизм ұғымын қалай түсінуге болады?

    Патриотизм деген-мағынасы кең, мәні зор ұғым. Әр адамның бойында бұл қасиет бар. Біз оны байқамауымыз мүмкін, бірақ  бұл сезім бәрімізде кездеседі. Сондықтан жас ұрпақ ең бастысы ұлттық патриотизм ұғымын санасына сіңіріп өсуі керек. Әрі қарай  өмір жолында патриоттық сезім қалыптасып, жас ұлғайған сайын мәні де кеңейе береді.  Біз ұрпағымыздың санасына ең алдымен Отанына деген сүйіспеншілік сезімін сіңіртіп, елі мен жеріне деген махаббатын арттыруға күш саламыз.

Патриотизм балалық шақтан басталуы керек. Біздің міндетіміз — балаларымызды кішкентай кезінен патриот болуға тәрбиелеп, ой-санасына сіңіру, зердесіне құю. Кез келген адам өзін патриотпын деп санайды. Бойы патриоттық сезімге толы ұрпақты тәрбиелеуді негізі әрбір адам өз отбасынан бастауы керек. Әрбір  бала кішкентай кезінен бастап қай елдің азаматы, ұлттық тілі мен ділі қандай? Рәміздері қандай? Туы мен елтаңбасы нені білдіреді? Отаны мен туып- өскен елі қандай? Міне осыларды білуі керек. Жастар  білім алады, жоғары оқуға түсіп маман атанады. Кейбір азаматтар әскери салаға барып, елін қорғауға аттанып жатады. Оқуларын бітіріп маман иесі болады. Иә, маман иесі болған соң  алдымен өз отбасы мен Отанның игілігіне қызмет жасауы қажет. Жасы келіп есейген сайын адам  өз елінің нағыз патриотына айналады. Қысқасы біз ұрпағымыздың санасына ең алдымен Отанына деген сүйіспеншілік сезімін сіңдіріп, елі мен жеріне деген махаббатын  арттыруға күш салуымыз қажет.

Қазақстандық патриотизм мәселесі еліміздің аса маңызды да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі  Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюы және  дамып-өркендеуінің  обьективті шарттарының бірі – осы қазақстандық патриотизм. Негізі патриотизм деген көзсіз құштарлық емес, ата-баба қанымен бойға сіңген отанға, елге деген саналы да  шынайы махаббат деп түсінеміз. Отансүйгіштік деген ұғым өзің жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезім ғана емес, ол  өте кең ұғым. Ертеңге деген берік сенім сияқты сезімдерді оятып, елдік, бірлік, халықтық қасиет-қазыналарды қастерлеу отансүйгіштікке жатады.  Оның қоғам дамуында алатын орны ерекше.

Қазақстандық патриотизм  біздің тәуелсіздігіміз туған кезде қалыптасты. Ол еліміздегі саяси — әлеуметтік жағдайдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүріп жатыр. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны болып қала бермек. Соған орай әрқайсысы атажұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғап, материалдық байлығын арттыруға күш жұмсауы тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді. Әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі үшін өсіп келе жатқан жас буындардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ  олар бір — бірін танып біліп, құрметтегені  және баланың санасына  халқымыздың мәдениетін, әдет — ғұрпын, тарихын  сіңіре білгені дұрыс.

Шаргүл Қасымханқызы