Ұстаз ұрпақ тірегі
Ұстаз беделіне келер болсақ, негізі, ұстаз өз беделін өзі көтереді. Ұстаз – ерекше мамандық. Неге? Себебі, ұстаз адаммен жұмыс істейді. Алдына әртүрлі мінездегі, әртүрлі оқушы келеді. Олардың отбасындағы тәрбиесі де әртүрлі. Ұстаз педагогикалық қарым-қатынас құру кезінде педагогикалық мақсатты ғана көздеп қоймай, баланың мүддесін де ескеруі тиіс. Әр бала – өзінше бір әлем. Оларды тыңдай білу, көңіл-күйін сезіне білу, баланы жақсы көру, ұжымдағы психологиялық ахуалды тани білу, бір сөзбен айтқанда оқушыны өзіне тең сезіну болғанда ғана ұстаз жұмысы нәтижелі болады деп ойлаймын. Баланың бойындағы қабілетті дамытуда мұғалім үнемі ізденістегі, француз педагогы Жубердің «Оқыту деген екі есе оқу» деп айтқанындай, жеке көзқарасы бар және оны қорғай білетін, педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасқан, білім негіздерін өз бетінше оқып-үйренетін, балалармен педагогикалық үрдісте ынтымақтаса қызмет ететін, адамгершілік қасиеттердің барлығын бойына сіңірген, білімді, тынбай оқитын жан болуы керек. «Мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин) болып табылатындықтан, ол барлық қасиетімен де өз шәкіртіне үлгі болуға тиіс екендігін айтудай айтып жүрміз. Дегенмен, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мақсатында еліміздегі барлық педагогтардың білімін үзбей көтеріп, жаңа іс-тәжірибелерді оқу үрдісіне енгізіп, жұмысты сыни тұрғыда дамыту, білімді бағалау жолдарын жетілдіруге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Мұғалімге қойылып отырған қоғамдық талап өскен сайын, мұғалімнің жауапкершілігі де өсе түсуі тиіс. Әрбір мамандықтың өмірде, қоғамда өз орны бар екені рас. Қазіргі жаңа оқыту технологияларына сүйенген мұғалім беделді болу үшін «оқушы үніне» ден қоюы керек. «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы Джин Раддок «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады. Оқушымен пікірлесу, алаламау, жалпы алғанда, мұғалім психолог ретінде оқушының үлгерімінің жақсаруына барлық жағынан қамқор болуы қажет. Сонда ғана іс өнеді, оқушының білім алуға деген сенімі жоғары болады, оқушылар қатаң мұғалімді жақсы көреді. Себебі, талап қоя білетін мұғалім – оқушыға нағыз жанашыр мұғалім.
Мұғалім мамандығының беделін арттыру үшін білім беру жүйесін жетілдіру, мұғалімдерді тиісті еңбек жағдайларымен және лайықты жалақымен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, мұғалімнің ел дамуына қосқан үлесін мойындай отырып, қоғамда оң имиджін қалыптастыру аса маңызды.
Мұғалім мамандығы Қазақстанның болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ұстаздар білімді жеткізіп қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеп, оны құндылықтар мен мұраттарға баулиды. Қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау және құрмет көрсету осы маңызды кәсіптің беделін арттырудың негізгі факторлары.
Нағашыбай Қабылбек