«ҒАЗИЗ АҒА» ӘНІ – ЕРЛІКТІҢ ҰРАНЫ

Ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың құрметіне «Ғазиз аға» әні жарыққа шықты. Шығармашылық туындының сөзін де, әнін де жамбылдық тәртіп сақшысы Гүлжан Ниязқұлова жазған. Автор әнді де өзі орындайды.
Ғазиз Байтасов – 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында террорлық акт салдарынан жанқиярлық ерлікпен көз жұмған полиция капитаны. Содан бері оның есімі батырлық пен адалдық үлгісіне айналды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін Халық Қаһарманы атағы берілді. Гүлжанның қолына қалам алып, өлең шығаруына, оның сазын нотаға түсіруіне қанша жыл өтсе де, басын қауіпке тіккен полицейдің жүрек қозғар ерлігі себеп болған.

– Ән жүрегімнен, бір сәтте тебіренген сезімнен, ой толғаудан шықты. Ғазиз Байтасовқа арналып кино түсіріліп жатыр, басты кейіпкердің рөлінде белгілі актер Азамат Сатыбалды деген жаңалықты көрдім. Осы сәтте «Кино сәтті шықса екен» деген іштей тілек болды. Мүмкін, осы бір тілек ойыма түрткі болып, ішкі шығармашылығымды оятқан болуы керек, «Ғазиз аға» әні еш қиындықсыз, жарты сағат уақыт ішінде сөзімен бірге шықты. Көбіне белгілі әндер мықты ақындардың өлеңдеріне жазылып жатады. Яғни, бірінші кезекте сөзі, соған сай ән өмірге келеді. Менің бұл әнім, сөзі мен әні қатар айтыла отырып шығарылды, – дейді автор.
Гүлжан Абдірәсілқызы бүгінде аталмыш әнге бейнебаян түсіріп те, үлгерген. Бейнебаянның сюжетін өзі құрастырып, оның мәнді де мағыналы болуына айрықша көңіл бөлген. Ұрпақтар сабақтастығы көрініс табуы керек деген пікірмен оқушылармен қосылып ән айтуды аудандық М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің жетекшісі Зарипа Дабысоваға жеткізген. Музыка маманы да әнді тыңдап көріп, келісімін береді. Бейнебаянның соңында балалардың даусымен «Ғазиз аға» деп ән шырқауы тыңдарманды бей-жай қалдырмайды. Еліміздің ертеңі – бүгінгі буын үшін өмірін қиған Ғазиз Байтасовтың тұлғасын балалар үнімен жеткізу, ұрпаққа дәріптеу – әннің басты мақсаты. Автор алда бұл әнді балалар зор мақтанышпен орындаса деген ниетте.
«Адалдық. Парыз. Абырой. Ант.». Осы ұғымдардың барлығы Ғазиз Байтасовтың өмірінен жоғары тұруы өз қызметін сүйгендіктен болар. Әннің авторы бұл қызметтік борыштан бұрын, халқын, елін сүйгендіктен деп біледі. Полиция қызметі – адамдардың өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерден қорғауды мақсат еткен қызмет түрі. Осы тұрғыдан ойласақ, Ғазиз Байтасов ерліктің ғана емес, адамдықтың ең биік үлгісін көрсеткен.

Халық қаһарманының отбасы да жаңа әнді жылы қабылдаған. Әнді Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, тыңдаған. Батырдың кіші ұлы Әділжан Ғазизұлымен бірге ән авторы Гүлжан Ниязқұлова Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «Қазіргі заманның қаһармандары» атты іс-шараға қатысты. Халық қаһарманының баласының айтуынша, ән оның анасын да тебірентіп, ерекше әсерге бөлеген.
Ерліктің дастанын ән қып шырқаған Гүлжан Абдірәсілқызы 2017 жылдан бері Жамбыл облысы полиция департаменті Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы қызметінде. Полиция қызметкерінің шығармашылыққа жақындығы бала кезден басталған. Мектеп кезден үкілі бөрікпен қолына домбыра алып, ән байқауларына қатысқан.
– Кәмелет жасқа толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы болғандықтан, ата-аналар мен балаларға көмектесу күнделікті қызметім десе де болады. Отбасылық, тұрмыстық, өмірлік қиындыққа тап болып жататын ата-аналарға, балаларға қолдау көрсетеміз. Мәселен, бір отбасының анасы аяқ астынан ауруханаға «Жедел-жәрдем» қызметінің көлігімен кеткен. Балалары үйінде қараусыз қалып, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды орналастыру орталығына» жіберу керектігі туындады. Бірақ балалар басқа жерге баруға қорқып жылаған соң, анасы ауруханадан келгенше жақын маңдағы мектеп-интернатына орналастырып, бақылауда ұстадық. Сонымен бірге тауда-құмды аймақтарда мал бағып жұмыс істейтін ата-аналар балаларын өздерімен алып кеткен жағдайда оларды іздеп тауып, отбасылық мәселелеріне көмектесуге тура келеді. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алады, соған байланысты көмектесеміз, – деді.
Гүлжан Ниязқұлова отбасында төрт ағайынды, үйінің үлкені. Екі қыздың анасы. Қандай істі қолға алса да, тәртіп сақшысы үшін жауапкершілік бірінші орында.
Ерлікті жеткізу үшін де сондай рух керек. Бұл тұрғыдан алғанда, Гүлжанның қаһармандықты тани білген көкірек көзі, сезіне білген жүрегі де оның сондай ұлылықты ұлықтай алатынан хабар береді.

Гауһарай ЕСІМОВА