ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ҚАШАНДА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЯДЫ
Мемлекет басшысы Ел Президенті болып сайланған күннен бастап «әділдікті» ту етіп келеді. Өйткені қордаланған кез келген мәселенің түбінде әділетсіздіктің тұрғаны белгілі. Сол себептен мемлекеттік маңызы бар барлық құжаттарда «әділдік» ұғымына жүгінеді, заң мен тәртіптің үстемдігіне мән береді. Оны сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдеп отыр.
Соның негізінде ауқымды саяси реформалар қарқынмен жүргізілуде. Нәтижесінде жаңа саяси мәдениет қалыптасып, қоғамдық және саяси сана жаңғырды. Әлемде орын алған түрлі қақтығыстар мен шиеленістерге, қауіп-қатерге, ғаламдық экономиканың құлдырап жатқандығына, тіпті табиғи опаттардың жиі-жиі болып отырғандығына қарамастан Қазақ мемлекеті еңсесін еш уақытта түсірген емес. Керісінше, озық елдердің тәжірибесінен пайдаланып, саяси-экономикалық саланың дамуына едәуір көңіл бөліп отыр. Мемлекеттің барлық саласын ілгерілету бойынша ел алдындағы парызы мен міндетін толық атқарып келеді.
Мемлекеттің алдында, мемлекетті басқарып отырған Ел Президентінің алдында бір-ақ мақсат тұр – Ұлттық мүддені қорғау және мемлекеттілікті сақтау. Бәрінен қымбат тұратын Тәуелсіздікті нығайту. Сондықтан Мемлекет басшысы ұлт мүддесін, мемлекеттік мүддені әр уақытта бәрінен де жоғары ұстайды.
Қазақ елі – алысы бар, берісі бар, барысы бар, келісі бар ел. Біздер томаға-тұйық өмір сүріп отырған ел емеспіз. Сыртқы саясатымызды дамытуымен қатар ішкі саясатымызды, ішкі саясатпен қатар сыртқы саясатты дамытып отырамыз. Сол себептен кез келген саяси мәселе мұқият қаралады. Таразыға тең түседі. «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» асқан ықтияттылықпен жүргізіледі.
Бүгін біздерді түрлі дау-дамайға салып жібергісі келетіндер жоқ емес. Тіпті Тәулсіздігімізге нұқсан келтіруді мақсат еткендер де бар. Жүргізіліп жатқан ауқымды іске көлеңке түсіріп, мемлекетті әлсіреткісі келетін, не болмаса ынтымақ пен бірліктің қадірін түсінбей, арзан да, пәни дүниеге алданған, жеке қара бастың мүддесін бірінші орынға қоятындар да жоқ емес, бар.
Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын, тіпті әрбір қадамын мұқият бақылап, ақылмен, парасат биігінен пайымдайтын жандар қандай қиындықтар мен кедергілерді бірге еңсергенімізді, қандай байсалды істердің атқарылып отырғандығын анық көре алады. Алыс-жақын көрші елдермен құрған қарым-қатынасты қандай тиянақтылықпен, ықтияттылықпен жалғастырып жатқанын байқау қиын емес. Біздер өткеніміз бен бүгінімізді әділ бағалап, болашаққа сеніммен қарауға тиіспіз. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!