СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІ 5 ЖАҢА ТЕХНИКАМЕН ТОЛЫҚТЫ
Созақ ауданында облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков туған жеріне қамқорлығын білдіріп, ауданға 5 дана жаңа Беларус 801 маркалы тракторын тарту етті. Бұл техникалар арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған.
Жаңа техникаларды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қарсы алып, қуанышты сәтпен бөлісті.
– Бүгін біз ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Өйткені, ауданымызға қосылған жаңа техникалар – бұл тек материалдық көмек емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету үшін өте маңызды бастама және ауданымыздың көркеюіне қосылған зор үлес екені анық – деген аудан басшысы жыл соңына дейін аудандағы техникалар мен коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған жоспарларымен бөлісіп, тың бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Шара аясында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков жылы лебізін білдірді.
Облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков өз сөзінде: «Бұл бастама – тек аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміздегі экологиялық тазалықты жақсартуға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Бұған дейін ауданда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында сенбілік жұмыстарына атсалысып, тал егу жұмыстарын жүргіздік. Сол сәтте ауданымыздағы техникалық құралдардың жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселені шешу үшін тазалыққа қажетті техникалар жеткізуді көздеп, бүгінгі күнге сәті түсті. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары анық», – деп атап өтті.
Ауданның Құрметті азаматы, спорт ардагері Анарбай Шәдібеков те өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Сексенбайұлының демеушілігімен жүзеге асырылған жұмыстарды жоғары бағалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі