ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖАЛПЫ АУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Біз өмір сүріп отырған ортамыздың келешегі мен көркеюі – салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұрпақ өсірумен, экологиялық таза қоғамда өмір сүруімізбен тікелей байланысты болғандықтан санитарлық тазалық мәселесі аудан әкімі Серік Мамытовтың назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік жұмыстары тұрғындар тарапынан да үлкен қолдау тауып, жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгін де қала, кент, барлық елді мекендердің тұрғындары мен мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастарының қатысуымен аудандық сенбілік өтті.
1500-ге жуық адам қатысқан сенбілік барысында мекемелер мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары тазаланып, ауданның кіреберістері тазаланып, шөптері шабылды, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды.
Мемлекет тарапынан орнатылған түнгі жарықшамдар мен пайдалануға берілген саябақтардың, скверлердің талан-таражға түспеуіне жанашырлық танытып жүрген аудан жанашырларына алғысын білдірген аудан әкімі аудандағы барлық арық-атыздар мен қашыртқылардың тазаланып, көшет егу жұмыстарының кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі