Əзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздарына қалдырған өсиеті

Қыздар! Жаңдарыңда жүрген жігітті ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік асыл қасиеттермен бұйдалап алып, оларға айтқандарыңды істетіңдер: арақ ішкізбеңдер, айқайға жуытпаңдар. Оларды түнгі он екіде мас боп рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезесінің түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтпейтін етіңдер. Өйткені қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Өйткені ақыл анадан тарайды, адамгершілік әйелден басталады, қыздан – қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Өздеріңе табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса – қорғаның. Қорғаның, қормалың сенің! Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым! Өмірдің қызық ләззаты – адал достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да естеріңде сақтаңдар.
Қыздар! Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Өздеріңді алақанға салып, әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар! Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Саналы болыңдар! Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы. …Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар! Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер! …Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. “Жылтырағанның бәрі алтын емес” дегендей, жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысы, өз денеңе жарасымдысы, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер. Көрсе қызар болмаңдар! Қол жетпеске тыраштанбаңдар! Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағындырыңдар.
Қыздар! Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ қылғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!
Қыздар! Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудын сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар!
Пәк болыңдар! Пәк болу үшін сақ болыңдар, бауырларым! Алайда, қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр-сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер… …Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар.
Жаман жолдастан жалғыздық жақсы.…………………