ТҮРКІСТАНДА «ARAL – 2024» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯЛАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ I САММИТІ ӨТТІ
Түркістанда «ARAL – 2024» жасылдар партияларының халықаралық І саммиті өтті. Самитке Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріндегі жасыл партиялардың жетекшілері мен табиғат жанашырлары жиналды. Олар апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, климаттық өзгерістерге төтеп беру тақырыптарын талқылап, экологиялық мәселелерді бірлесе шешудің жолдарын саралады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арал теңізін қорғау мақсатында қабылдаған шешімдері мен экологиялық мәдениетті қалыптыруда серпін беретін «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын ерекше атап өтті.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі Орталық Азиядағы ең өзекті мәселе екенін айтты. Сонымен қатар саммитте Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев, Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова, Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ, Өзбекстан экологиялық партиясының өкілі Комилжон Жураев тұшымды ой-тұжырымдарын жеткізді.
Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар табиғатты қорғау шараларын өткізу, халық арасында экологиялық білім мен үгіт-насихатты бірлесіп кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді. Сонымен бірге жасыл партиялардың жетекшілері айтулы саммитті тұрақты негізде өткізуге уағдаласты.
Халықаралық саммиттің соңы «Байтақ» партиясының құрылғанына 2 жыл толуына орайластырылған салтанатты жиынға жалғасты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, облыс басшысының жылы лебізін жеткізді. Сонымен қоса құндылығы жоғары халықаралық саммиттің іске асуына ұйытқы болған «Байтақ» жасылдар партиясына алғысын білдірді.
– Түркістан облысында Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды іске асырылуда. Биылғы жылы облыс аумағында жалпы 1 миллион түп ағаш отырғызылды. Түркістан қаласының айналасынан жасыл белдеу құруға 30 мың гектар жер қаралып, қазіргі таңда аумаққа ағаштар отырғызылып жатыр. Осы жұмыстардың бәрі ауқымды. Біздің басты мақсатымыздың бірі – еліміздің, оның ішінде аймағымыздың экологиялық жағдайын жақсарту. Су ресурстарын тиімді пайдалануға, су тапшылығының алдын алу үшін үнемдеу технологияларын дамытуға күш салып жатырмыз. Бүгінгі халықаралық саммит Орта Азияның, Арал теңізінің ғана емес, Түркістан облысының экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз. Осы бағытта жұмыстарымызды бірлесіп атқаруға дайынбыз, – деген облыс әкімінің орынбасары шет елден келген қонақтарға тұтас Түркі жұртының құты, береке мен бірлігінің символы «Тайқазан» кәдесыйын табыс етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі