ЕЛАНАСЫ ҚҰТТЫ МЕКЕН — САРЫСУДА

Бір сәттік тебіреніс…   

Ұлы даланың құлан жатқан қырында, қыран ұшқан көгінде, қиян жартасты құзында да өткеннің белгісі, ата-бабалардың ерлігі мен ерлікпен қорғаған елдігінің ізі жатыр. Елім деп өткен ер аз ба, халқының қамын жеген азаматтар аз ба?

Қолына қару алып, жер қорыған ерлерден кем түспеген, парасаты мен пайымы, ақылы мен көркі досы түгіл дұшпанын мойындатқан аналарда аты аңыз болып, тарих беттерінің өткен парақтарында қалды.

         Тарихи дәйек пен дерекке үңілсек, қазақ хандығы тарихында мемлекеттік деңгейде мұрағаттық құжаттарға түскен тарихи тұлғалар қатарында қазақ қыздары көп емес. Олар туралы сөз қозғағанда біз Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымды, Уәлиханның жұбайы Айғаным ханымды, Кенесары ханның қарындасы, көзсіз батырлығымен даңқы шыққан Бопай ханымды еске аламыз.

         «Алып анадан туады» деген сөзбен бабаларымыз біраз нәрсеге ишара еткен ғой. Қазіргі кездегі әйел деген, ана деген, қыз бала деген атқа сай заман талабымен тіршілігін дөңгелетіп, тек өзі емес, өзгеге де шапағатын тигізіп отырғандар аз емес.
         Сондықтан Бопай ана сияқты пендешілік жеке бас қиындығы емес, ел жайын ойлаған ер тұлғалы аналарды көбірек дәріптеп, көбірек насихаттаған дұрыс болар еді.
         Ақиқатында ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие. Бұлар ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер.

         Осы мәңгілік тақырыпқа қалам тербеп жүрген бірден-бір жазушы, насихаттаушы Сәуле Мешітбайқызын Еланасы деп жазғанымызға кейбір жандар тарапынан «Неге Еланасы?, «Кім берген бұл атақты?!»,- деп жатады…

         Ана – ұлт тәрбиешісі. Туған жер, Отан, ана  десе тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Ана сыйлар қызы бар, атаны ардақ тұтар ұлы бар иманды, ибалы халықтың қашанда жүзі жарқын.

         Әңгімемізге арқау болған ел анасы атанған Сәуле анамыз осындай елеулі жандардың бірі, халық қадірлісі. Ол тек отбасы емес, ауыл-аймақ, күллі елінің келешегіне алаң болып, амандық тілейтін ел анасы.

         Қазақ халқын айрандай ұйытып отырған Президенттен бастап, билік басында жүрген әрбір азамат, туған халқы мен ағайын-жұртының әр қимылына баға беріп, жүрек сүзгісі, ақыл таразысынан өткізеді. Ол өзі туған еліне сонысымен де қадірлі.

         Қашан да пенде атаулының бәрі уақыттың құлы. Өйткені құм сағат сырғып өткен сайын адамдардың тынымсыз әрекеті жалғасып, дүниеге күн сайын жаңалық әкеледі.

         Ал, жаңалық дегеніміз қоғамдағы өзгерістер. Өмір сүруші қоғамды түрлендіреді, жаңартады. Сөйтіп қандай ел болса да мәңгілік бір қоғамдық қатынаста тұрып қалмайды. Белгілі бір кезең, уақыттарда өзгерістерге ұшырап, адамдар үшін бұрынғыдан да жаңа және қолайлы жағдай туғызады.    Бірақ оларды уақыт үрдісіне сай жаңартатын да сол баяғы адамдар, қоғамның мүшелері. Бұл ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан үрдіс…

         Дүниеде ана болу, әже атанып, оның үстіне елдің алдында шырылдап ұрпақ аманатын арқалап, дұрыс бағыт бағдар беру, Еланасы, елдің шешесі атану тіптен қиын. Балаларының туған халқы үшін атқарып жатқан әр ісін сырт көз-сыншы халық қалай бағалайды?

          Міне, мәселе сонда! Қанша рет халық қалт айтпайды дегенмен бірі оңды іс деп оңға сүйресе, екіншісі терлеп жүріп тезге салғаныңды тек өзінің басы үшін деп теріске жориды.

         Адамдардың бәрі бірдей ана жүрегі сынды ақ емес, кейде барды бар деп екшемейді, басқаша бағамдауға да жол береді. Ал, ондайды есту- ана үшін жүрекке салмақ, санаға сын.

         Ата-ана – біздің бар байлығымыз емес пе?!  Ата-анаға баласынан артық жан жоқ. Бар өмірінде «перзентім қиындық көрмесе екен, ойлаған арман-мақсатына жетсе екен» деумен маңдай терін төгіп, тынымсыз еңбек етеді.      Ұлы Абай «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі, көкірегіне жұбаныш, гүлденіп ой өлкесі» дегендей, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады.

          Қазақта «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге бірігіп, ана болмас» демекші, ата-ананың орнын ешкім баса алмайды.

         Түн ұйқысын төрт бөлген ананың ақ сүтін ақтау, асқар таудай арқа сүйер әкенің қадір-қасиетіне жету – баланың ата-ана алдындағы парызы.       Тарихын түгендеген мықты ел боламыз десек, шағын мемлекет – отбасы үлкендерін қадірлей білейік. Бала бақытын бәрінен биік қоятын, өнегелі ұрпақ өсіріп, ортасында қадірлі болып жүрген ата-ананың мерейі үстем, абыройы асқақ болары ақиқат.

         Сондықтан елдің анасы, ұрпақтың панасы болып жүрген, сексеннің сеңгіріне әдемі жетіп, айтарын ашық, жазарын салмақтай білген Сәуле анамыздың жағасына жармасып, орамалымен алысқаннан гөрі, қалай қартаюымызды, сексенге жеткенше өз перзенттерімізді қалай жетілдірерімізді ойлайық.

         Өзгеге береріміз бар ма, қандай қасиетке иеміз. Қандай қылып ұрпақтарымыздың азбасы үшн өнегелі сөзімізбен ісімізді арнай аламыз деген ой болу керек.

          Сондықтан да ұяттан артық дүние эоқ, ұятты сөздерді жиып, келеңсіздікіт тиып, ел боламын деп, бесігімізді тербеп, есігімізді түзу ашып, түтініміз тура шықсын десек, болмайтын нәрседен, тырнақ астынан кір іздеуден аулақ болайық ағайын!

                        ҚОС АМАНАТТЫ АРҚАЛАҒАН ЕЛАНАСЫ САРЫСУДА

“Qazaqstan dáýiri” халықаралық, қоғамдық-саяси газеті, “Мөлдір бұлақ” журналының және “Ел ана” сайтының Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы , ұрпақ аманаты мен «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Сарысу ауданына арнайы келді.

Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов бастаған зиялы қауым Жаңатас шекарасынан күтіп алып, берері мен айтары мол Еланасына алқызыл гүл шоқтарын тарту етті.  Ауданның бұрынғы орталығы, қаймағы бұзылмаған Байқадам ауылдық округінің тұрғындармен жүздесті.

Тағылымды кездесуде келелі мәселелер көтеріліп, сүбелі ойлар айтылды.

-Әр сапарымның мақсаты — ел ішінде орын алып жатырған ізгі істерді, жақсылықтарды жариялап, халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу.  Әсіресе, қазақ қоғамының руханияты, ұлттық құндылықтар, қоғамдық сананың жаңғыруы секілді маңызды мәселелер сіз бен біздің тарапымыздан елеусіз қалмауы тиіс.

   Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше.    Сол себепті ұлтымыздың салт-санасын жаңғырту еліміздің саясатын, қоғамда қолға алынып жатырған жобаларды ұлттық сипатта жүргізу керек.

Ұлттық идеяның қалыптасуы – ұлттық құндылықтарды дұрыс насихаттаудан бастау алады,  — деген Сәуле Мешітбайқызы  отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, қоғамдағы ер  мен әйелдің рөлі, тіл мәселесі т.б өзекті тақырыптарға да кеңінен тоқталды.

    Сондай-ақ, — ұялы телефонға құл болған қазіргі кезде қазақ газеттеріне жазылу бәсеңдеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, жас ұрпағымыз көбірек газет — журнал, кітап оқып , тіл байлығын дамытса, есте сақтау қабілетін арттырса деген ниетім бар. Сондай-ақ, біз «Ел аманаты» деген атаумен бекерден-бекер жүргеніміз  жоқ. Өйткені, біз аграрлы мемлекетпіз, елдегі шаруашылық пен білім мәселесін жинақтай келе, елдің, жердің аманатын сол өңірде қалдырмай, жоғары жаққа жеткізіп, теңізге тамшы құйғандай болса да көмегімізді бергіміз келеді,-деді апамыз ағынан жарылып.

  Ауыл аманаты бойынша облыстық басқармадан келген Бақыт Сейтімбетова ауылдықтар алдында, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстарға кең көлемде тоқталды.

Жиналған жұрт ойларын ортаға салып, сауалдарын беріп, тиісті жауаптарын алды.  Сәуле Мешітбайқызы қоғамдағы газеттің беделі мен оқылымы жайында сүбелі сөз қозғап, «Қазақстан дәуірі» газетінің журналистері қозғаған мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті.   Аудан әкімнің орынбасары Е. Дайрабев аталмыш газетте тұрақты түрде жарияланып тұратын есімі елге белгілі тұғырлы тұлғалар жайындағы мақалаларды жиі оқып тұратындығын, бұл газеттің бұрын «Қазақстан заман» деп аталғандығын тілге тиек ете келіп, жиынға қатысушыларға «Қазақстан дәуіріне» жазылуға кеңес берді.

Көп ішінен сытыла шығып Ардақты да асыл, Еланасы деп жас ақын Самат Тоқпанов жырын арнаса, бірқатар азаматтар ауданға жиі жиі атбасын бұрсаңыз, айтарыңызды барлық тұрғындарымыз тыңдаса, сіздің басылымыңызды міндетті түрде оқып, тұрақты оқырманы болатындықтарын жеткізіп жатты. Сәуле Мешітбайқызы да жылышырай танытып, зор құрмет көрсеткен ауыл жұртына ризашылығын білдірді. Іссапар Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» очеркін жазуға мұрындық болған Көк Жон Түркістан өңірінде жалғасын тапты.

Сарысуда ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамуда

Ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы өте жоғары. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың нәтижесінде елімізде ауылшаруашылығын дамыту жүйелі түрде іске асырылып, бұл сала қарқынды дамуда.

Біздің ауданда да ауылшаруашылығы саласы бойынша көңілге қонымды көрсеткіш баршылық. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 13 млрд. 961,2 млн. теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ауданда 1716 шаруа қожалығы тіркелген. Оларға тиесілі егістік алқаптың көлемі 24 914 гектарды құрап, ауыл шаруашылығы дақылдары 24 235,6 гектар алқапқа орналастырылды.

Биылғы жылы қамбаға ойдағыдай өнім жиналып, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде  мал шаруашылығы да дамуда.

Төрт түлік малдың басы артты. Өндірілген ет пен сүт өнімдерінің көлемі ұлғайды. Осыдан 5 жыл бұрын тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының игілігін қазіргі таңда ел көруде. Бұл жоба аясында тұрғындарға есік алдындағы, ауыл сыртындағы егістік жерлерін игеріп, мал және өзге де қосалқы шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туды. Бұл жобаның 5-ші бағыты барлық ауылдық округте іске асатын болады. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, жобаның ел игілігіне айналары сөзсіз. Жыл өткен сайын ауылшаруашылығы техникалары да жаңаланып келеді. Биылдың өзінде  842,9 млн. теңгеге 53 дана ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды.          Жалпы аудан көлемінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша ақпарат төмендегідей;

«Халықтың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы маңызды бастамалардың бірі. 2019 жылдан бастау алған бұл жоба бүгінгі күнде өз нәтижесін беруде.

І. Жоба 6 ауылдық округте (Байқадам, Жайылма, Жаңаталап, Жаңаарық, Игілік, Түркістан) жүзеге асырылды. Жалпы жобаны іске асыруға 3 млрд. 734,8 млн. теңгемен қаржыландырылды.  6 округке қарасты 14 елді мекенде  855 кәсіпкер  қаржыландырылып 22045-ге жуық мал сатып алынып бірдейлендіру базасына енгізілді.  6 кооперативті  несиелендіріліп, кооперативтерге 59 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алып жұмыстарын жасауда.  5-бағыт бойынша 4 азамат қаржыландырылып наубайхана және нығыздалған кірпіш цехтарын ашып жұмыстарын жүргізуде.    Жобамен 6 ауылдық округтегі 17 569 тұрғын, яғни, 2 800 аула  қамтылады.  Нәтижесінде:- 697 жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркелді;- 697 – ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды; Осындай жүйелі жұмыстардың және тынымсыз еңбектің нәтижесінде ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының әлеуеті зор болатындығына сенім мол. Сарысулықтар одан әрі еңбектеніп, бұл саланы дамыта беретін болады.

Шаруасы шираған «Мұрат» шаруа қожалығында…

     Бүгінгі таңда облысымызда дәнді –дақылдар өнімін арттыруға бағытталған жұмыстары бір жолға қойылып келеді. Мәселен, Сарысу ауданының шаруалары көршілес өңірлерімен тығыз байланыс орнатып, өз жұмыстарын жандандыруда. 

Солардың бірі  Түркістан ауылдық округіндегі «Мұрат» шаруақожалығында болып, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстық.

«Мұрат» шаруа қожалығы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылықта масақты дәнді-дақылдар мен мақсары дақылының егіс алқабы аумағы жыл сайын ұлғайып келеді.

Кәсіптің көзін табамын дегендерге бүгінгі таңда мүмкіндік көп. «Мұрат» шаруа қожалығы да бүгінде кәсіптің көзін тапқан қожалықтардың қатарында.

«Қазақ жастары ата кәсіппен айналысуы керек. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізге көп жағдайда батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар.

Сондықтан шаруаның адамы боламын, кәсіп бастаймын дегендерге «қорықсаң, бизнеске барма, кәсіп оңай емес» дер едім. Расында, оның жауапкершілігі мол.Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің.

Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал, біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр.

Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, сондай-ақ уақ малдың санын арттыру. Айтарлықтай мәселе жоқ. Барлығы жақсы. Тек ерінбей еңбек еткенге береке берері анық», – дейді кәсіпкер.

Сәуле Мешітбайқызы қамба толлы дәнді, айнала толған техникаларды көргенде еріксіз риза болып, ақ батасын берді.

Сәуле анамызды сапар барысында аудан ардагерлерінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев пен алқа билер төрағасы Қалмырза Жандарбеков және аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабаев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Әлібекқызы еріп, таныстырып жүрді.
Ақиқатында мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас.

Бастысы еңбек ету керек. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. 

Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Мұрат» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.

  Арақтан ада ауылда…

         Табиғаты ерек, адамдары іскер Түркістаннан шыққан соң Сәуле апамыз Жаңаарық ауылдық округіне атбасын бұрды.
Жалпы ішімдік ішпейтін елді мекендердің саны еліміз бойынша 100-ге жуық көрінеді.
Ал, Жамбыл облысында 12 ауылдық округ тұрғындары арақты ауызға алмайтын болған. Соның арқасында аталған елді мекендерде төрт жылдың бедерінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген екен.

Осындай арақтан ада ауылдардың қатарында Сарысудың Жаңаарық ауылдық округі де бар.

         Округ әкімі: — Арақсыз-ақ пайда, табыс табуға болады.  Саудада береке болады. Ішімдік тыныштықты бұзады. Соны сатпағалы ауылымыз тыныш. Барлығының негізгі күнкөрісі диқандық кәсіп.  Қыстың күні де мұнда ешкім қарап жатпайды.  Техникасын оңдап, жерін жыртып, көктемге қам жасайды.  Тынымсыз еңбектің  арқасыда көбінің тұрмысы жақсы, тірлігі түзу. Ауыл рухани жағынан да кемелденіп келеді.

Жалпы округте 47 шаруа қожалық тіркелген. Онда 104 адам еңбек етеді. Аталған шаруашылықтардың ішінде 31-і тек мал бағумен айналысады. Қалған шаруа қожалықтар мал және егіншаруашылығы бағытын ұстанады. Ауылдық округтегі 214 түтін мал ұстау арқылы күнелтіп отыр, – дейді  Қуандық Алдабергенов.

6.   Берекелі «Диас» шаруа қожалығында…

«Еңбекпен ғана ісің өнеді, тер төккен еңбек өз жемісін береді, еңбек қана қиындықты жеңеді» деген тәмсіл бар қазекеңде. Барлық байыпты бастама мен тындырымды тірлік адам қолымен жасалатыны жасырын емес.

Иә, Тәуелсіздік біздің қоғамға еңбек еркіндігін сыйлады. Бұрынғы кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп жұмыс істеу жоқ. Әркім қандай кәсіппен шұғылданамын десе де өз еркі, қалауы біледі.

Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алуда. Осы орайда ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген құлшынысы артқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып келеді.

Бүгінгі мемлекет жасаған қолдаудан қанаттанып, өз ісін алға бастырып, өркендететіп отырған жандар заман талабына сай қоғамның ағысымен ілесіп келеді. Еңбек етіп табыс тауып, жетістікке жетудің жолын кәсіпкерлік деп білгені адамдардың масылдық көзқарастан арылғаны деп түсінеміз.

Бұған  Жаңаарық ауылдық округінде болғанда көзіміз жете түсті. Егін және мал шаруашылығымен айналысып отырған іргелі «Диас» шаруа қожалығының  жұмысымен таныстық. «Ауыл аманаты» жобасының ауылдарда іске асу барысын аралап көрдік.

Ауыл шаруашылығында ауыртпалық көп. Төрт түліктің жайын күйттеген әрбір шаруа малдың күйін кетірмей ұстауға тырысады. Бұл орайда уақытылы залалсыздандыру, түрлі ауруға қарсы екпе жүргізудің маңызы зор.

Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Оның үстіне мал бағу арқылы жан бағып, қаншама отбасы төрт түлікті тіршілік көзіне айналдыруда. Сондықтан, болар, қазақ саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жан аман ба?» деген жөн-жоралғыны ұмыт қалдырмаған.

Осылайша мал жан амандығын сұрап, Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ шаруа қожалығының иелері Бұралқы Есмұрзаев және жұбайы Мейрамкүл Қаракесековамен әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдады.

Мейрамкүл Жамбылбекқызы тек қана алтын алқа иегері ғана емес, жеке «Диас» шаруа қожалығының төрайымы. Мал шаруашылығымен балалары айналысып, білдей шаруаны дөңгелентіп отырған жайы бар.

Шаруасы мығым, ісі нық Мейрамкүл ананың оннан астам жеміс талдарын күтіп ұстап отырған бағбаншылық қасиеттері де бар. Алма, өрік, сары,қара өрік,жаңғақ, шие тағы басқа талдармен қатар, картоп, қызанақ, қияр,жүгері өсіріп қарапайым заттар экономикасының дамуына бірден бір үлес қосып келе жатқан жәйі тағы бар.

– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан тиімді бағдарламалардың да шарапатын көріп отырмыз. Жақсы қартая білудің өзі өнер ғой.           Сондықтан тек қана игі істердің бастамашысы болғым келеді. Перзенттерімізе де білім ал, оқы, еңбектен деп жиі айтып отырамыз. Соның нәтижесі балаларымыз өз салаларының биігін бағындырып жүрген азаматтар. Осы күнге дейін ешкімнің ала жібін аттаған емеспіз.        Соның өтеуі болар бұл күнде ұрпақ амандығы мен тірлігімізді тиянақты, бірлігімізді сақтаған әулеттер қатарында келеміз, — деп ағынан жарылды еңбекқор ана.

Осы аралау барысында Есмұрзаевтар әулетімен танысып, қора толы төрт түлік малды, қамба толлы дәнді, үй ішінде асыр салып ойнап жүрген қарадомалақтарды, сәлемін салып майысқан келінмен,  ата анасына қарап, еңбегіне жарау үшін қаладағы тірлігін тастаған баланы көрдік.

«Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек көптеген азаматтар сол қол­дауларды білмей жатады. Осы мақсатта ауыл аманатын арқалаған топ барлық жерде мемлекет тарапынан берілетін қолдауларға жеке жеке тоқталып айтып жатты.

  Қайраткер анаға айрықша құрмет

Қоғамның ең үлкен құрметі де, алғысы да аналарға десек қателеспейміз. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербететін аналарға деген сарысулық  азаматтардың да қошеметі ерекше.

Сексеннің  сеңгіріне қарай адымдаған анамыздың ауданға бұл келуі бірінші рет емес. Өйткені жыл сайын, тек біздің ғана өңірді емес барлық облыстарды аралап, жақсылықтарын жария етуді үрдіске айналдырған апамыздың бұл ерлігін мойындамасқа болмас.

Бұл жолы да көптің алғысын арқалап, ұрпақтың ертеңі үшін шырылдап, елдің әл ауқатын кө теру үшін ауыл аманаты деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген анаға аудан әкімі Сәкен Мамытов айрықша құрмет көрсетті.

Естелік болсын деп «Жаңатас қаласына 55 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып,құшақ  толы гүлді тарту етті.

 

Дариха Пазылбекқызы, журналист