Халықаралық әріптестік орнатты

Бүгін Астанада БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігінде Қазақстанның су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысты.
Жиналыста БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Қазақстанның су ресурстарын басқарудағы әріптестік мәселелері, және еліміздің су секторындағы басым бағыттарды қарастырылды. 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасынында; су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы секілді маңызды тақырыптар қарастырылған.
Жиналыста сөз сөйлеген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов халықарылық ұйымның қолдау көрсеткендігіне ризашылығын білдіре келіп, -«Үйлестіру кеңесі Қазақстанның су секторындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Кеңес халықаралық серіктестермен білім мен тәжірибе алмасуда шешуші рөл атқарады. Бірлескен зерттеу, технология мен инновациялар сумен жабдықтау деңгейін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыра алады. Үйлестіру кеңесі мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестікті қалыптастырудың маңызды тұғырнамасы болады. Оны құру іске асыру үшін басым бағыттар мен ресурстарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Біз серіктестерімізді ротациялық негізде кеңесте бірлесіп төрағалық етуге шақырамыз. Биыл біз осы рөлді БҰҰ Даму бағдарламасына ұсынамыз», — деді
Жиналыс барысында тағы бір маңызды жаңалық- Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және басқа да халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылымдардың өкілдері кіреді.
Дайындаған: Ерқазы Сейтқали