Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыт

Кез келген ғылыми қызметтің маңызды нәтижелерінің бірі – бұл нақты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге, аумақтың дамуына, әрбір қазақстандықтың өміріне оң әсер ету. Қазақстан Ғылым қоры желісі бойынша 2016 жылдан бастап ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың 151 жобасы қаржыландырылыпты. Инновациялық өнімді сатудан түскен жалпы табыс 16 млрд теңгеге жуықтаған. Сондай-ақ, 5,2 млрд теңге салық төленген. 1400-ден астам жұмыс орны құрылған.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ғылыми саланы дамытуға және технологиялық саясатты жүзеге асыруға бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды. Заң еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізуге жәрдемдесуге, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18 пайызға өсті.

Ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылыпты. Жас ғалымдарды қолдау үшін постдокторантураға мың грант бөлінген. Арнайы конкурстар көбейген. Соның аясында 2 мыңнан астам жас ғалым 17 миллиард теңгенің грантын алыпты. Мұның бәрі – «Ғылым туралы» Заңға енгізілген өзгертулердің нәтижесі екені сөзсіз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасы бойынша 1 мың грант бөлуді тапсырды. Мақсаты — ғалымдар санын арттыру. Грант докторантура бітірген, докторлықты қорғаған ғалымдарға арналған.

Жас ғалымдардың екі байқауының нәтижесінде 315 жобада 1,5 мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші өздерінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Бұл жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындардың жалпы көлемі 17,6 миллиард теңге.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды. Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті.

– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Ғылымға арналған шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өседі. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына жаңа серпін бермек.

 

Нағашыбай Қабылбек