БҚО-да жаңа қоқыс полигоны ашылмақ
9 қыркүйек күні Орал қаласы Мәслихатында бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Мұнда қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірнеше маңызды мәселе талқыға түсіп, қатысты саланың жауапты тұлғалары баяндама жасады.
Сөз кезегінде Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев БҚО-бойынша 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары туралы баяндап берді. Марат Төлеғалиұлы облыс аумағындағы 1975 жылдары салынған қоқыс полигонының қазіргі күнде қоқыстарды сұрыптауға, көмуге, қайта өңдеуге қауқарсыз болып оытрғандығына тоқтала келіп, енді Бәйтерек ауданы аумағынан жаңа қоқыс полигонын ашуға кіріскендіктерін жеткізді.
-«Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін Бәйтерек ауданы аумағында қолданыстағы полигоннан 7 шақырым қашықтықта жаңа полигон салу үшін 70 гектар жер учаскесі белгіленді. Орал қаласының әкімдігі жаңа полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірледі. 2023 жылы қалалық әкімдік «Полиграмм» ЖШС-мен 101,8 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттама дайындауға келісті. Жобаға 3 линиялық сұрыптау кешені, ұсатқыш құралдар, престеу аппараттры және қоқысты көму алаңдары кіреді»,- деді Марат Молдашев.
Ләззат Қажымова, Орал қаласы