ЖАМБЫЛДЫҚТАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Адал жастар – парасатты қоғам кепілі» форумы өтті.
Бұл форумның мақсаты – қоғам өкілдерімен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жыл бойында атқарылған жұмыстарды қорытындылау, әрі келесі жылға жаңа бағыт-бағдар және мақсаттар қою болып табылады.
Іс-шара барысында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және парасаттылық қағидаларын нығайтуға үлес қосқан қоғам белсенділеріне облыс әкімінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының алғыс хаттары табысталды.
Форум барысында Т.Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы аясында түсірілген «Тау тұлғалы Тұрар» бейнедәрісінің тұсаукесері өтті. Адалдық сағаты департаменттің бастамасымен Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен әзірленді.
Сонымен қатар, «Адал ұрпақ» облыстық слетінде үздік клуб атанған Тараз қаласы №39 мектеп-гимназиясының оқушылары «Заң бәріне ортақ» сахналық қойылымын ұйымдастырып, форум қатысуышыларына терең ой салатын көрініс ұсынса, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Б.Смаил өзінің «Жемқорлық жетер түбімізге» туындысын оқып берді. Өз кезегінде институттың «Жас Шерханшылар» клубы, Шерхан Мұртазаның адалдық аясында айтылған қанатты сөздерін мәнерлеп жеткізді.
Іс-шараға қатысушы жастар көрсетілген қойылымдардан ерекше әсер алып, форум жанды дауыста орындалған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.