Қазақтың «қар шаңғысы» Ұлттық музейге сыйға тартылды
Бүгін күндердің сұлтаны, қасиетті Жұмада Ұлттық музейдің сақтау қорына ұлтымыздың спорт тарихынан сыр шертетін тамаша дүние тапсырылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан ZAMAN» газеті директорының бірінші орынбасары, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы осыдан төрт жылға жуық уақыт бұрын өзіне аманатталған қазақтың қар шаңғысын Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбайға өз қолымен тапсырды.
-Бұл шаңғыны Алтайдығы қандас бауырымыз Мұрат Ақатай 2013 жылдың жаз айларында Астанаға әкеліп, өзіңе тапсырмақ болғанын білесің. Дегенмен, енді ғана жұмысын бастап, әлі ашылуы да өтпеген Ұлттық музейдің сақтау қорына бұл жәдігерді кейін тапсыруды ұйғарған едік. Соның реті міне бүгінге, қасиетті Жұмаға дөп келгеніне қуанып отырмыз,-дейді С.Мешітбайқызы.
Қазақ еліне Мұрат Ақатай есімі «Қазақстан ZAMAN» газеті арқылы белгілі болған еді. Қолындағы көп адам елей бермейтін құнды жәдігерді алғаш болып журналист Нағашыбай Қабылбек жалпақ жұртшылыққа таныстырған болатын. Уәделі уақыттан үш жылға кешігіп жетсе де, Дархан Мыңбай мырза байырғы шаңғының Ұлттық музейге табыс еткен Ел анасына өз ризашылығын білдірді.
-Бұл тарихи жәдігердің музейімізден орын алғанына шын қуанып отырмын. Өздеріңізге белгілі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Ұлттық мерекеміз Наурыз жақындаған шақта бұл бір тамаша тарту болды,-дейді Д.Мыңбай.
Иә, ұлттық құндылық десе ішкен асын жерге қоятын азаматтың Наурызды тіліне тиек етуі де тегін емес. Дархан Мыңбай басқаратын іргелі ұжымның да 2017 жылға арналған жоспарының ішінде қазақтың төл мерекесі Әз-Наурызға ерекше мән берілген. Музей басшысымен болған жүздесудегі осы және өзге де ақпараттарды алдағы уақытта сайтымыздан және «Қазақстан ZAMAN» газетінің жаңа нөмірінен оқи аласыздар.
Ермұрат Назарұлы