Құлағымен емес, миымен тыңдаса…

Елбасымыз, Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.» — деп аталып өтті.

Дәл осы тұсында ойға кеттім. Мемлекеттік емес сектордың бірі — Біз, яғни, мемлекеттік емес өнер ұжымдары, сол ұжымның артистері, қызметкерлері. Демек, осы қадамды жасауға біздің ат салысып, бүкілхалықтық үлкен үрдіске үлес қосқанымыз қажет. Қалай?

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «Елімнің еркін күлкісі» атты жобаның аясында «Қызық кәнсерт» бағдарламасымен ұлан-байтақ еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын түгелге дерлік аралап шықтым. 300-ге жуық кеш өтті. Бұл сапарды тілге тиек етіп отырған себебім, көзім көрген қазіргі көрермен келбетін, көрермен мәдениетін, көрермен көз қарасын, көрермен деңгейін, оның талап-тілегін атап өткім келіп отыр.

Алдымен алдыма келген көрерменнің бәріне мың алғыс! Уақыт тауып, теңгесін қиып, саған көңіл аударып келген көрерменге бас игеннен басқа арам ойым жоқ. Аман болсын!

Концертке не қойылымға келген көрермен «Не болар екен?, не қызық болар екен?, не жаңалық болар екен?» — деп келеді. Бұл оның ойына келер алғашқы үш сұрақ. Міне, осы жай ғана үш сұраққа шымылдық ашылған сәттен бастап сен, яки өнерпаз жауаптысың. Алдымен «Не боладыға» жауап ізде. Өзгеден емес, өзіңнен. Неге келдің? Бар ойың зал толы көрерменнің билет алған ақшасын ала салу болса, онда сенде өнер жоқ. Әншейін бір-екі сағат арзан күлкі, әкәку-мәкәкумен уақыт өткізіп, тайып тұруға келгенсің. Осы қылығың, сенің адал не арам пиғылың сахна деген айнадан көрермен көзіне көрініп тұрарын естен шығармау керек екенін саған ешкім оқытпаған болса, артыңнан топырақ шашпаса да, іштей көңіл толмастығын, өкпе-назын сақтап қалады. Сенің сол шала тірлігің сенен кейін келген тағы бір өнер иесіне кесірін тигізеді. Өнерпаздың сахнаға шықпастан бұрын өз-өзінен жауап іздейтін осы үш сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге әзір болсаң – көрермен сенікі! Мәңгілік сенікі!

Қайтадан гастрольдік сапарға келейін. Облыс орталықтарын былай қойғанда, аудан, ауыл сахналарына көп шықтым. Ақкөңіл, ақжарқын көрермен келбеті әлі де бар. Тек қана, көрермен жасарған. Үлкендер бірен-саран. Кей жерлерде тіпті оқушы балалар басым. Осы тұста жоғарыда атап өткен жодаудың «Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеу» ісіне тікелей жауапкершілігің басталады. Үлкеннің құлағына жағатын қағытпа қалжың, астарлы әзіліңді мына жас буын ұға қоя ма? Қазіргі КВН көрермені, қысыр сөзге (прикол) күліп, шолақ сықақ, шолтаң әзілге ұйыған бала сенің айтатын кесек сөзіңе, мазмұнды монологыңа құлақ аса ма? Бүгінгі жас толқын да арзан өнер қуып жүрген жоқ. Оған дәлел әлемді таңдай қаққызып отырған Димаш Құдайберген баламыз! Ол осы өскелең ұрпақтың талғамы биік өкілі. Енді соның замандасының алдына сен шығасың. Даярсың ба? «Ой, тек бала-шаға жинапсың, менің көрерменім бұл емес еді» — деп теріс айналып кете қоймайсың. Демек, ендігі жерде міндетіңді адалынан атқару керек. Көрермен деңгейін көрдің, енді соны өзіңе тартып ала алмасаң, келесі кезекте саған деген көрермен көзқарасы өзгереді. «Қазіргі әзіл арзандап кетті, менің кезімде олай еді, былай еді» — деп өзеурейтін орын емес, оған енді уақытың да жоқ! Көрерменмен жекпе-жекке келдің, ол қарсы алдыңда тұр! Не істейсің? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көрерменнің ішінде де қойылым біткенше телефон шұқылап, өмірі бір кітап оқымаған, сөз қадірін ұқпайтын пенде де болуы ықтимал.

«Арғымақты жамандама, сәйгүлігін кім берсін» — дейді қазақ. «Бүгінгі өнер кешегідей емес» — деп сын айту үшін де, сол өнерді бағалаған ұрпаққа сөзің өту үшін де алдымен өзіңнің заман көшінен қалмай, жаңалықты қалт жібермей қырағы қадағалап, өз шеберлігіңді шыңдап, ескіні жаңаша пайдаға асыру амалын тауып, орынды қолдана білу қажет. Өмірдің заңы сол – өкше басар артыңнан ілескенде не шетке шығасың, не жылдамдықты үдетесің. Бірақ заман көшінің алдына сауатсыз далақтап шаба алмайсың. Өз деңгейіңді өсіре біл. Әйтпесе көш соңында қалғаныңды кеш байқауың мүмкін.

Содан, шымылдық ашыла сала саған қадалған көздің кірпік қақпай тек сені қадағалап ұзақ отыруына, үлкеннің де кішінің де көңілінен шығып, тамырын дөп басуыңа берілген уақытты пайдаланып қалмасаң, келесі жолы әкімшілік түгіл әскердің күшімен де алдыңа кісі жинай алмай қаласың! Соны ұқ! Ауыл сахнасына шыққаныңда алдыңда отырған бала мүмкін бүгін тұңғыш рет көрермен болып отырған шығар? Оның ендігі жерде сахналық өнерді,театрды, концерт, спектакльді қызыға қарайтын көрермен болып кетуі дәл сол сәтте сенің қолыңда екенін естен шығармау керек. Сахналық өнер болашық ұрпақтың рухани қалыптасуына бірден тәрбие бере қоярлықтай күші болмаса да, сезімін селт еткізіп, эстетикалық ләззат алатын, көкірек көзі оянатын сахна деген өзгеше бір әлем бар екенін, сол арқылы дүниені танып-білуіне тағы бір жол ашылатынына сеніп кетер болса, өнерпаздың титтей де болса ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі болар еді.

Мен КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкіртімін. Ұстаздарымыз бізге дәріс еткен неше түрлі білім, ғылым, амал, тәсіл, мысалдары жетерлік еді. Хадиша апайымыз Серке Қожамқұлов атамыздың ұлы қайтыс болған күні, соны біле тұра «Алдар Көсе» спектаклінде Ханның ролін ойнағанын, сосын ғана баласының қасына барып, қазаға қайғырғанын айтатын. «Сондықтан сендерге сахнаға шығар алдында ауру түгіл өлуге рұқсат жоқ! «Ауырып тұр едім, шаршап тұр едім, қарным аш еді» — деген сылтауды айтатын артист профессионал емес! Міндетсімей сахнаға шық, қадірің болса қарның тояр, қадірсіз болсаң өзің қоярсың! Сахна берсін жазаңды!» — дейтін. Бізді сахнаға солай тәрбиелеген. Сол санамызға сіңген.

Ал, адуынды Тұңғышбай ағамыз болса: «Сен сахнада тұрғанда залда біреу есінесе сол жерде өл! Сосын аулаққа апарып өзіңді көме сал. Өйткені, сен енді қызық емессің! Көрерменнің келмеуі сахнадағы сенің қызығыңның қайтқанынан шығар, бәлкім?!» — деген сөзді қамшылап айтып, қағида қылып қауашағымызға қағып тастаған. Бізді солай оқытқан.

Мен бүгін осы әңгімені қозғап отырғаным көрерменге де, әріптеске де ақыл айту емес, өзімнің өмір мектебінен алғанымды шәкірттерімен осылай бөлісемін. Көптің алдына өзім осылай өзіме талап қойып шығамын. Айтпағым сол…

Ел аралағанда тағы бір түйгенім, қазіргі салдыр-салақ артистің көбейгені. «Аңқау елге арамза молда» демекші, шала-шарпы дайындықпен, көшеге киген киіммен, әңгүдік өнермен көпті алдап, той мен сахнаны шатастырып алған «артистсымақ сәулемдердің» алшаңдай басып, гастрольге көп шығатыны барлық жерде алдымен ел айтатын ұятты мәселе болып тұр. Мәдениет және спорт министрлігі осыған бір шара қолданатын уақыт келген сияқты. Төрт-бес асаба жиылып «театр» болып, ғаламтордан дайын минуске дауысын жазып, «әнші» болып жүрген қаңғыбас өнерге тиым салатын кез жетті. Бірақ, қалай? Соны ойластыру қажет. Біреуінің көкесі, біреуінің тәтесі бар, облыстан рұқсат ала алатындар, ертең министрліктен де оп-оңай құжат ала салмасына кім кепіл?..

Әрбір концертке шығарды көңілде күпті күдік тұрады. «Осылар мені ұғар ма екен? Айтқан сөзім жетер ме екен? Замандасым ұғар ау, жастарға түсінікті болар ма екем?» — деп өзімді жегідей жеп тұрамын. Құдайға тәуба, артымнан жаман сөз ерген жоқ. Әрине кәсібім бойынша. Жеке басымда кемшілік те, артымнан ерген сөз де жетерлік. Оған да өзге емес, өзім кінәлі.

Ал, енді сөздің басталуына себеп болып, өзіме ой түрткі жасаған Елбасының жолдауындағы өскелең ұрпақ тәрбиесіне меніңше әрбір өнер адамы алдымен өзін қамшылап, ертеңгі ұрпақ алдында жауапкершілігін түсініп келгені жөн деп топшыладым.

Оған өзім дайынмын. Жаңа бағдарлама жасап, оған «мАСҚАРа кәнсерт» деп ат қойып та үлгердім. Дар еткізер дарақы күлкіні емес, қысыр сөзді емес, мырс еткізер Мысқылбекті дәріптеймін. Әрине, көңіл көтертер риясыз күлкі де бар, дегенмен, біз қытықтап, зорлап күлдіруге үйренбеген жанбыз. Қалай екенін тек көзбен көріп, құлағымен емес, миымен тыңдау керек!

Baq.kz