Жамбыл облысындағы шалғай ауылда мәдениет үйі пайдалануға берілді

Қордай ауданы Қарасай ауылында 180 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді.

Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

— Қарасай ауылының жаңа мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналатынына сеніміміз зор, – деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ-кабинет бар, сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.

— Бұл мәдениет үйі ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор мүмкіндік береді. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырады деп сенемін. Ауылдың гүлденуіне қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға қариялардың атынан алғысымды білдіремін! – деген ауыл ақсақалы Жұмабек Тоқаев көпшілікке ақ батасын берді.

Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады.

Ағымдағы жылы 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті.

2024 жылдың қортындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызды құрайды (2023 ж. — 82,0%) деп күтілуде.

Жамбыл облысы әкімдігі