ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАЛ ҚАЛДЫҚТАРЫН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН БІРЕГЕЙ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде тағы бір өндірістің құрылысын бастау бойынша келіссөздер жүргізді. Инвестормен кездесіп, жаңа жоба барысын жан-жақты талқылады. Сиырдың сүйегінен сан түрлі өнім шығаратын өндірістік кешенді Түркістан облысындағы индустриалды аймақта салу жоспарлануда. Бірегей жоба пайдаланылмаған ірі қара малдың сүйектерін озық биотехнологиялардың көмегімен экономикалық құндылығы жоғары өнімдерге қайта өңдеуге бағытталған.
Жоба мал қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, аймақ үшін экономикалық өсудің жаңа көзін қамтамасыз етпек. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, Ұлы Жібек жолы құрылғаннан бері дамып келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркендеуіне ықпал етеді.
Келіссөз барысында Дархан Сатыбалды аймақтың экономикалық даму перспективаларын таныстырып, облыстың бүгінгі инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ облыс басшысы өңірдегі қолайлы бизнес-климатты ерекше атап өтті. Аймақта инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысының екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайтыны белгілі. Тарихы терең, болашағы зор Түркістан өңірінде кәсіп ашу – ұтымды шешім. Бүгінгі мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру. Ауыл шаруашылығы саласы Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Осы саланы дамытуда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, — деді Дархан Амангелдіұлы.
Түркістан облысы ҚХР-дың өңірлерімен екіжақты өңіраралық қарым қатынасты нығайтуға қарқынды жұмыс жасап жатқаны белгілі. Облыс орталығында өткен Халықаралық форумда 300 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды. Нәтижесінде, өңірде дрон және видеокамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары жүзеге асуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі