Өтті-ау, кетті-ау, жиырма бес

Қызды ауылдың сыртынан,
Қылаң еткен жиырма бес.
Қызды көрсем қиқайып,
Құлай кеткен жиырма бес.
Суға келген жеңгейге,
Ұнай қалған жиырма бес.
Жеңге, халің қалай? — деп,
Сұрай қалған жиырма бес.
Қыз-бозбала жиналып,
Қызып кеткен жиырма бес.
Алдында мың қамалды
Бұзып кеткен жиырма бес.
Іздесең де табылмас,
Өтті-ау, кетті-ау жиырма бес.
Күлдір-күлдір кісінетін,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін ақситып,
Сұлуды құшқан жиырма бес.
Тастан қашқан түлкідей,
Сылаң қаққан жиырма бес.
Жастық шақтың қызығын,
Ұрандатқан жиырма бес.
Төрде жатқан кемпірден
Қарғыс алған жиырма бес.
Бесіктегі баладан
Алғыс алған жиырма бес.
Іздесең де табылмас,
Өтті-ау, кетті-ау, жиырма бес.
// Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы
Қазақ әдебиеті