Қазақ дастарханындағы ұмытылып бара жатқан 5 тағам

Ұмытылып бара жатқан тағамдар туралы Халықаралық «Слоу фуд» ұйымының Қазақстандағы өкілі, «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығының төраға орынбасары Ханым Ахметова айтып берді.

Ұлпершек

Ұлпершек – құрамында түрлі дәрумендері бар өте пайдалы тағам. Оны үйінен ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде пісіріп беретін болған. Ол “қайда жүрсең де біздің жүрегіміздесің” деген мағынада ұсынылады.

Жылқы немесе сиырдың жүрегінен жасалады. Жүректі кітап сияқты ашылатын қылып тіліп, қанын тазалайды да, ішіне тұз бен бұрыш себеді. Сосын ұсақталып туралған ет пен маймен толытарады да, бір ай бойы ұнға батырып қояды. Уақыты келгенде фольгаға немесе аспаздық целлофанға салып пісіреді.

Быламық

Быламық

Бұрындары быламықты жаңа босанған келіндерге арнап пісірген. Ол жас ананың иммунитетін көтеріп, гемоглабинін қалпына келтіреді, тістерін бекітеді. Оны ішкен ананың сәбиі ана сүтіне тоқ болады, іші ауырмайды екен.

Быламықты жасау үшін ұн, сүт, май, тары, қант пен тұз керек. Ұнды сарғайғанша майда қуырып, сүт қосады, 5 минуттан кейін тары араластырады. Бастысы – тары қолмен өңделген болуы керек.

Жаужүрек

Жаужүрек

Бұл тағам қойдың бауырынан жасалады. “Жаужүрек” деп аталуының себебі – оның құрамында қорқынышты жоятын гормонға әсер ететін элемент бар. Сондықтан оны ер адамдар мен жас балаларға береді. Сондай-ақ қойдың бауырында миокард инфарктының алдын алатын гепарин бар.

“Жаужүректі” ыстық тіскебасар ретінде ұсынуға да болады.

Балқаймақ

Балқаймақ

Балқаймақ – қазіргі кәмпиттерден де тәтті тағам. Оны жасау үшін қаймақты ақырын отта пісіріп тұрып, ұн мен бал қосады. 10-15 минут араластырып тұрып, отты өшіреді де, қаймақты бұқтырып қояды. Егер от қатты болып кетсе, қаймақ майға айналып кетуі мүмкін.

Қазіргі таңда кейбіреулер оны торттың арасына жағатын крем ретінде пайдаланады. Ал бұрындары оны гастрит пен асқазан жарасына қарсы дәрі ретінде жасаған. Ол үшін құрамына аздаған қызыл бұрыш қосады.

Өрметөс

Өрметөс

Күйеу бала қонаққа келгенде ұсынылатын бұл тағам қазір қарапайымданып кеткен. Қазіргілер қой сойғанда оның ішек-құрылысын тастай салады. Олардың өте пайдалы екенін ескере бермейді.

Өрметөс – қой төсінен жасалатын тағам. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас қылып жасайды. Бұл күйеу балаға “қанатың талмасын!” деген тілектестікті білдіреді.

Ал сіз тағы қандай тағамдар ұмытылып бара жатыр деп ойлайсыз?