ТҮРКІСТАНҒА ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНАН «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» КЕЛДІ
Жиынның мақсаты – өңірлердегі қоғамдық келісімді нығайту бағытында тәжірибе алмасу, ҚХА этномәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу және коммуникациялар қалыптастыру, биылғы XXXІІІ сессия тапсырмасына сәйкес ҚХА жобаларын ілгерілету, «Cалауатты сана» жобасын кеңінен насихаттау.
Алдымен жамбылдық делегация Түркістан төрінде жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көрді және этномәдени бірлестіктердің көрмесімен танысты.
«Достық үйінде» өткен салтанатты іс-шараға өңірдегі ҚХА жанындағы Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, мүшелері және этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдері қатысты. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов «Достық керуені» жобасының ел ынтымағы мен жалпыұлттық бірлікті арттыруда маңызы жоғары екенін атап өтті.
Сондай-ақ іс-шарада Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева және Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілхан Асқарбек қоғамдағы бірлік пен келісімді ілгерілету, жастарды позитивті этносаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу жайында келелі әңгіме, салиқалы сөз қозғады.
Бұдан соң салтанатты шара Жамбыл облыстық филормониясының концерттік бағдарламасына ұласты.
Шара барысында көршілес қос өңір арасындағы әріптестік, достық байланысты және этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ҚХА мүшелері Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі