ТЕГІН ЖҮРУГЕ АРНАЛҒАН ТӨЛЕМ КАРТАЛАРЫ ҚОЛДАНЫСТА

Түркістан қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында қоғамдық көлікте тегін жүруге арналған төлем карталарын беру жобасы іске қосылды. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі №476 «Автомобиль көлігі туралы» заңының 20-бабына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы беріледі.

Осыған байланысты, 4000 төлем картасы көпбалалы аналарға, 800 төлем картасы бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға беріледі.

Тегін жол жүру құқығына ие азаматтар төлем карталарын алу үшін бір реттік сатып алу және тіркеу рәсімінен өтіп, төмендегі мекенжайға хабарласуы қажет.

Мекен-жай: Түркістан қаласы, Ерубаев көшесі, №356, Жетісу ғимараты, 2-қабат, ALEMPAY кеңсесі.