ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ

Құт орнап, береке қонған Қамқалы ауылдық округі дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Ауданнан шалғайда орналасқан аймақта мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп келеді.
Осы орайда, ауылдың тыныс — тіршілігімен танысып, түрғындардың тілегін тыңдау мақсатында бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы топ мүшелерімен Қамқалы ауылдық округінде болды.
Алдымен аудан басшысы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарына барып, ауылдық клуб, медицналық пункт, Сәкен Сейфуллин атындағы және Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептерін аралады. Ауылдағы маңызды болып саналатын ауыз су мәселесін де жіті қадағалады.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді: — Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді шешу мақсатында өздеріңізбен ашық диалог қалыптастырып, сарапқа салуға келіп отырмын. Ойларыңыз бен ұсыныс — пікірлеріңіз біз үшін қашан да маңызды, — деген аудан басшысы тұрғындардан туындаған әрбір ұсынысты назарда ұстап, заң аясында шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізіп, жиында көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін округ әкімі мен жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Өз кезегінде ауыл қариялары ауылдың ахуалын біліп, мәселелердің оң шешімдерін табуда аянбай еңбек етіп жүрген аудан басшысына алғыстарын білдірді.