ӨТКЕН КҮНДІ ЕСКЕ АЛСАҚ…
Мойынқұм ауданына — 60 жыл
Өмір өзен. Өмірде бәрі болады, жақсы да, жаман да, аралас дүние. Қазақта көре берсең, көне бересің деген. Яғни, пешенеге жазылған тағдырды бастан өткересіз. Алла Тағала адамзатты уақытқа тәуелді еткен. Уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын білмей қаласыз. Күндер, айлар, жылдар ағын судай қас қағым сәтте өте шығады екен. Жастың келіп қалғанын, қартайғанда білесіз. Өткен өмір көз алдыңыздан елес болып өтіп жатады. Әсіресе есте қалатын айтулы оқиғалар болады. Сондай айтулы оқиғалардың бірегейі менің замандасым Төлеухан Оспанбековпен 6 ай қызметтес болған кезім дер едім. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Ел басқару – өнер» деп баға берген екен. Бойында көрегендік пен сезімталдық бар, ел басқару өнерін жетік меңгерген адам ғана басқара алатыны анық. Әрине, білім мен іскерлік те керек. Міне осы аталған қасиеттер Төлеуханның бойында болды. Келген бетте қатал тәртіп орнатты. Алланың қалауымен осындай іскер адаммен (14.12.2007жылы – 25.06.2008 жылы) 6 ай қызметтес болғаным менің өміріме көп өзгеріс әкелді. 6 айда 6 жылдық жұмыс істелді десем артық айтпаймын. Небір адам айтса нанғысыз идеялар мен жобалар іске асты. Төлеухан Оспанбеков алдағы орындалатын іс-жоспарларын «Мойынқұм таңы» газеті арқылы елге жария етті. Төменде сол іс-жоспарлармен оқырман қауымды таныстырғанды жөн көрдім.
1. 1 сәуірге Шу өзенін байлап, орталық тоғанға су жіберу.
2. Елді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бұрын қирап, бұзылған 4,5 қабатты тұрғын үйлерді қайта күрделі жөндеуден өткізіп, 1 шілдеде пайдалануға беру.
3. Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық музейдің алдындағы су жүретін арықтарға бетон астауларын орнатуды 1тамызға бітіру.
4. Бұрынғы бұзылған моншаның орнына 50 орындық монша салуды 1 қазанға бітіру.
5. Аудан орталығында 1 мамырға 1 наубайхана, 1 ветеринарлық дәріхана ашу.
6. Аудандық коммуналдық кәсіпорнына 1 мамырға 8 су жаңа техника сатып алу.
7. Шу өзені мен Абылан елді мекені арасындағы алаңға шағын асфальт зауытын салып 1 желтоқсанға пайдалануға беру.
8. Аудандық білім бөліміне қарасты 30 орта мектептің 20-ын күрделі, орта, ағымдағы жөндеуден өткізуді 1 қыркүйекте аяқтау.
9. Шығыстан бастау алатын орталық Амангелді көшесі бойында орналасқан мекемелер мен ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, безендіру жұмыстарын, яғни, ауылды көркейту шараларын 1 мамырға бітіру.
10. Орталық алаңды күрделі жөндеуден өткізіп, безендіру шараларын 1 мамырға бітіру.
11. Аудандық білім бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді 1 мамырға бітіру.
Іс-жоспарлар елдің көңілінен шықты. Ол кезде аудан экономикасы құлдырап, елді қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлады. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген ел туған жерін тастап, жан сақтау қамында қалаға қарай стихиялы түрде көше бастады. Міне, осындай қиын кезеңде ауданның тізгінін ұстаған Төлеухан еш мойымай ауқымды жоспарлар жасады. Енді сол іс-жоспарлардың қалай орындалғанын кейінгі жастарға үлгі ретінде ұсынып отырмын.
Жоспарлау кеңесі туралы айтсақ…
Жоспарлау кеңесі – ел билеудің Кеңес Үкіметінен келе жатқан озық үлгісі болып саналады. Жауапты қызметтерге берілетін тапсырма мен оның орындалуын қадағалау хаттама толтыру арқылы жүргізіледі. Мәселен, әр аптаның дүйсенбісі күні таңғы сағат 7-де жоспарлау кеңесін өткізу үрдіске айналды. Жиынға 5 минут кешіккендер кері қайтарылады. Тәртіп солай. Қысты күні сағат 7:00 таң ата қоймаған қараңғы уақыт болатын. Көп басшылар мұндай қатал талапқа үйрене алмай, қатты қиналып жүрді. Дүйсенбі күнгі кеңесте әр жауапты қызметкердің есебі тыңдалса, тапсырманы орындамағандар тиісті жазаға тартылатын. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпіз ел болмайды» деп аталы сөз қалдырған. Көп ұзамай қатал тәртіп жемісін берді. Ауданның барлық саласында жұмыс жандана бастады.
Алғашқы тапсырма
Алғашқы жоспарлау кеңесінде маған ерекше тапсырма берілді. Аудан орталығы Мойынқұм ауылында су құбырының 40-тан аса құдықтарының шойын қақпақтары ұрланған себепті ашық жатқан екен. Бұл әрине адам өміріне, әсіресе балаларға қауіпті жағдай. Сол құдықтарын жаңа жылға дейін, яғни, 15 күнде жауып бітіру оңай шаруа емес екені белгілі. Кеңес үкіметі тараған соң техника атаулының тоналғаны сонша бірен-сараң мекеме болмаса арнайы техникалар жоқтың қасы деуге болады. Құдықтарды жабу үшін ат арба мен ат шананы да пайдалануға тура келді.
Қирап, бұзылған ғимараттар арасынан табылған төрт бұрышты бетон плиталар іске жарады. Қыстың боранды аязына қарамай орынбасарым мен екі жұмысшы айтылған уақытта, жаңа жылға дейін ашық құдықтарды жауып үлгердік. Кеңсе жұмысы жайына қалды, тек телефон арқылы байланысып тұрдық. Мен бұл мысалдарды кейінгі ұрпаққа ой салу үшін айтып отырмын. Қиындықты жеңе білу ол ерлік деп білемін.
Алғашқы сынақтан сүрінбей өттік
Қандай қызмет болмасын өзінің ерекшеліктері мен қиындықтары болады. Соның ішінде ең қиыны сізге дейінгі басшының орнына халық алдында есеп беру дер едім. Қазақта «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген мәтел қалған. Керек құжаттар табылмаған соң әр қызметкерден есепті жылда атқарған жұмыстары туралы сұрап білгесін барып іске кірістім. Өмірдегі өзімнің тәжірибеме, жаза білу қабілетіме сүйеніп, 20 минуттық баяндама жазып шықтым. Қиындықты жеңе білдім. 2008 жылдың 18 қаңтары ауыл әкімінің есебі екен. Бұл есеп беру жиналысы су жаңа сайланған ауыл әкімі мен аудан әкіміне үлкен сынақ болды десем артық айтпаймын. Шаруалары шайқалып, азып-тозған ауыл тұрғындары қымбатшылық пен жұмыссыздықтан, 1996-2000 жылдар аралығындағы экономикалық дағдарыстан шаршаған халық ашулы болатын. Бір кезде атағы облыс, тіптен республика көлемінде танымал болған ауданда небәрі 30 мыңға жетпейтін халық қалса, ал аудан орталығы Мойынқұм ауылында 15 мың халық тұрса, 8 мыңға жетпейтін халық қалғаны әрине қынжылтатын жағдай. Бабалардан «Қыс жылы болса арқар ауып несі бар» деген ұлағатты сөз қалған. Міне, осындай қиын кезеңде билікке келген біздер халық сенімін ақтай аламыз ба деп іштей қобалжулы едік. Сонымен көптен күткен есеп беру жиналысы қаңтардың 18-і күні сағат 11:00-де Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебінің акт залында өтті. Қыстың қақаған аязына қарамай халық залға лық толды. Есімде қалғаны сыртта 25 градус аяз болды. Күн тәртібі бойынша алғашқы сөз баяндама жасау үшін маған берілді. Онда есепті жылдағы кемістіктер мен жетістіктерді айтып шықтым. Артынан сөз алған аудан әкімі Төлеухан Оспанбеков қорытынды сөз сөйлеп ауыл тұрғындарымен алдағы ауылды, ауданды көркейту іс-жоспарларымен бөлісті. Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділері баяндамаларды мұқият тыңдағандарын, керемет іс-жоспарлар көңілдерінен шыққанын айтса, келешекке деген сенімдерін де жасырмады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары қатысып, сөз сөйледі. Ол да жаңа командаға сенім білдіріп барлық іс-жоспарларды қолдайтынын жеткізді. Жиналыс өткір пікірталас жағдайында өтті. Жиналыс аяқталған соң, қос әкім иығымыздан үлкен салмақ түскеніне қуансақ, үлкен сынақтан сүрінбей өткенімізді іштей сезініп қол алыстық. Мақсат айқын, алда биік асулар күтіп тұрды…
Ауылды көркейту жұмыстары
Ауылға кіре беріс шығыстан бастау алатын орталық үлкен көшенің сыртқы бейнесі қирап бұзылған ғимараттар, тозған жолдар, көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттар, түнгі жарықтың жоқтығы ауылдың сәнін бұзып келген қонақ емес ауыл тұрғындарының да ренішін тудыратын. Егесі жоқ, қараусыз қалған ауыл сияқты әсер қалдыратын. Қаңтар айында сол көшенің бойындағы кәсіпкерлік нысандардың иелері, аудандық электр тарату жүйесі, жол жөндеу мекемесі мен түрлі кәсіпорын басшыларын, аудан архитекторы, құрылыс мамандарын, қоғам белсенділерінің басын қосып үлкен жиын өткіздік. Онда әр қызметкерге нақты тапсырмалар берілді. Ауылды жаңарту жұмыстарын 1 мамырға бітіру жоспарланды. Бұл жұмыстарға басшылық жасап, қатаң бақылауға алу ауыл әкіміне жүктелді. Уақытпен санаспай күніне 10-12 сағат демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Көз – қорқақ, қол – батыр деген. Айтылған уақытқа барлық жоспарланған жұмыстар орындалып, пайдалануға берілді. Ауылдың күндізгі, түнгі бейнесі өзгеріп ауыл жаңарды десе де болады. Көше бойына түнгі жарық қосылса, тозған жолдар жөнделіп, ғимараттар күрделі жөндеуден өткен соң, ауылдың сәні кірді. Барлық мекеме алдында түрлі-түсті лампалар орнатылып түнімен жарқырап жанып тұрды. Одан басқа ауылға кіре берісте орналасқан «Бәйтерек» монументі мен ауыл ішіндегі су жиналатын мұнара да түрлі-түсті жарық лампаларымен безендіріліп, көздің жауын алып алыстан менмұңдалап жанып тұрды. Тура бір үлкен қалаға кіргендей әсер алатын көрініс тапты. Орталық алаң да безендіріліп, күрделі жөндеуден өтті. Адам айтса, нанғысыз небір идеялар мен жобалар іске асты. Үгіт насихат жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Айына бірнеше рет «Мойынқұм таңы» газеті арқылы атқарылған жұмыстар мен басқа да ішкі жаңалықтарды көрсеткен мақала жазып тұрдым. Ауыл адам танымастай өзгеріп, көркейді. Елдің алғысын, Алланың разылығын алдық десем артық айтпаймын.
Ауылда шағын және орта бизнесті дамыту жалғаса береді
Шағын және орта бизнес нарық экономикасының өзегі болып саналды. Бұл бизнесті дамыту да қызу қолға алынды. Мәселен, 8 мыңдай халқы бар Мойынқұм ауылында бір наубайхана мен бір ветеринариялық дәріхананың болмауы да әр жиында жиі айтылып жүрді.
1. 8 наурыз күні шағын наубайхана ашылды. Қ. Рысқұлбеков көшесі бойындағы 2 қабат тұрғын үйдің екі бөлмесін жалға алған кәсіпкер Талғат Көшербаев тәулігіне 1000 дана бөлке нан шығаратын наубайхана ашып елді қуантып тастады.
2. 15 наурыз күні ветеринарлық дәріхана ашылды. Малды ауылдағы халыққа аса қажет бизнестің түрі ол ветеринарлық дәріхана дер едім. Ауыл тұрғындарының талап-тілектерін орындау мақсатында бұл проблема да оң шешімін тапты. Амангелді көшесі бойынан бұрыңғы СПТУ-62 мекемесінің 4 қабатты жатақханасы тұрғын үй болып бейімделіп, ветеринарлық дәріхана ашылды.
3. 20 наурыз күні 4 бақпа ат сатып алынды. Ауылдардағы үлкен проблеманың бірі жеке малды бағуға бақташы шықпайтын. Себебі мініс ат жоқ. Қазақта болар істің басына жақсы келер қасына деген ұлағатты сөз қалған. Бірде аудандық халықты әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің басшысы Жақсыгүл Даниярова телефон шалды. Онда ол жаңа ереже келгенін, бақпа атты сатып алу да шағын бизнеске жататынын, оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетінін айтып жақсы хабар жеткізді. Артынша бұл шаруаға белсене кірісіп төрт бақпа аттарын сатып алуға (әрқайсысы 100 мың теңгеден) 400 мың теңге қаржы аударып берді. Үлкен проблема шешімін тапты. Сол кездегі бақташылар Өсерқұл Сырымбетов пен Айтқұл Наушабековке әрқайсысына екі бақпа аттан берілді. Бұл кәсіпкерліктің ережесі бойынша егер олар 3 жыл қатарынан мал бақса, аттар жеке меншігінде қалады екен. Аттарды қолдан сатып алу әрине қымбатқа түсті. Абырой болғанда айырмасын демеушілер төлеп берді.
Ел құлағын елең еткізген екі жаңалық
1-ші жаңалық. 1 сәуір күні Ақиық тоғанына су келді. Соңғы жылдары тоған суының уақытында келмеуі ауыл тұрғындарының реніштерін тудырып келгені анық. Бау-бақшасы бар адамға бақшаның уақытында суарылмауы ашу ызасын тудыратын заңды құбылыс. Міне, осы мәселе есепті жиында да аз айтылған жоқ. Аудан әкімі 1 сәуірге су келетінін айтып уәде берді. Шариғатта «Уәде – Алланың сөзі» деген. Ауданда су бөгейтін техника болмауының себебінен, сонау Қордай ауданынан алдыруға тура келді. Алдында шөміші мен итергіші бар темір табан трактор иесі бірден іске кірісті. Трактористің жатын орны, тамағы, шай пұлын ауыл әкімдігі мойнымызға алдық. Қазақта «Ақысын берсең, боқысын шығарады» деген мәтел сөз қалған. Тракторист уәдесінде тұрып 3 күнде Шу өзенін жартылай байлап берді. Су тоғанға қарай зымырап аға бастады. Сонымен 1 сәуірге Ақиық тоғанына су келді. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Алғыстарын жаудырып жатты.
2-ші жаңалық. 1 мамыр күні аудандық коммуналдық кәсіпорнына 8 су жаңа техника әкелінді. Кеңес үкіметі тарағасын иесіз қалған мекемелердің іске жарар техникалары тоналғаны, сатылғаны, металломға өтіп кеткені белгілі. Осындай жауапсыздық Мойынқұм ауданын да айналып өтпеді.
Бірен — саран мекеме болмаса, техника атаулы жоқтың қасы болатын. Техникасыз жұмыс жүрмейтіні анық. Барлық салада жұмыс жүрмей тұралап жатты. Тығырықтан шығу үшін аудан әкімі облыс әкіміне шығып көмек сұрады. Аудандық бюджетте артық қаражат болмады. Артынша қаржы көзі табылып ауданға 8 су жаңа техника сатып алынды.
Атап айтқанда, 1 автокран, 1 көшеге су шашатын автомашина, 1 эксковатор, 1 жер қазатын, жер тегістейтін трактор, 2 қоқыс таситын автомашина, 2 жүк таситын автомашина аудандық коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді.
Бұл оқиға ауданда Тәуелсіздік алғалы 17 жылда болмаған үлкен жаңалық, үлкен сенсация болды. 8 техника жалаулатып, мекеме ауласына кіргенде музыка ойналып, лента қиылды. Жиналған жұрт ризашылығын білдіріп жатты.
100 қасқыр ауланды
Наурыз айының басында облыс әкімдігінен жедел хат түсті. Онда Мойынқұм ауданында қасқырдың көбейгені соншалықты мал емес, адам өміріне де қауіпті жағдай орын алғаны айтылған. 220 қасқырға лимит бөлініп, тездетіп қасқыр аулауды ұйымдастыруды талап еткен. Артынша аудан әкімі барлық ауыл әкімдерін шақыртып жиын өткізді. Бұл науқанға жауапкершілікпен қарауды, берілген тапсырманың қатаң бақылауда болатыны айтылды. Тапсырманы орындауға 3 ай уақыт берілді. Қасқыр аулаудың санын әр ауыл округіне халықтың санына қарай бөлінетінін жеткізді. Мәселен, Мойынқұм ауылдық округі халқы көп ауыл болғандықтан 50 қасқыр ату міндеттелді. Тапсырма берілді, орындау керек. Уақыт талабы сондай. Әрине, қасқыр аулау оңай шаруа емес. Қасқыр аулаудың есебін жүргізу үшін Мойынқұм орман шаруашылығында арнайы бір маман қасқыр терісін қабылдайтын болды. Уақыт тығыз, дереу іске кірістік. Әр аңшы, әр малшы, әр қойшыға тапсырма берілді. Орындалуын қатаң бақылауға алдық. Нәтиже жаман емес. Көз – қорқақ, қол – батыр деген. 3 айда, яғни, 1 маусымға 100 қасқыр ауланып, жоспар екі есе артық орындалды. Бұл әрине ұжымның еңбегі. Жиында бірінші орын алған ұжымға бас жүлде түрлі-түсті теледидар берілетіні ескертілген болатын. Алайда маусым айында аяқ асты аудан әкімі ауысып, ауыс-түйіс қарбалас болып, өкінішке орай бас жүлде қолға тимей кетті.
6 айда 74 тұрғын үй пайдалануға берілді,
74 отбасы қоныс тойын тойлады
Ел ішінде аңызға айналған 1- ші жаңалық. 5 қаңтар 2008 жыл «Халық құрылысы» басталды. Аудан орталығы Мойынқұм ауылында «Тәуелсіздік алғалы 17 жылда ешқандай тұрғын үй салынбады. Ал баспанаға мұқтаж адамдардың саны күн сайын көбеюде. Мәселен, 1 қаңтар 2008 жылға кезекте тұрған адамдар саны 300-ден асып жығылды. Бірде аудан әкімі Төлеухан Оспанбеков «Маған күнде бірнеше адам баспана сұрап келеді. Халықты бұлай шұбыртып қоюға болмайды. Бұл мәселені тездетіп шешпесе болмайды» деп кесіп айтты. 5 қаңтардан іс-жоспарда айтылған «Халық құрылысын» бастайтынын мәлімдеді. 2008 жыл әлемді жайлаған қаржы дағдарысына қарамай үкімет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбей, демеушілердің көмегімен сенбілік жасау арқылы ел ішінде «халық құрылысы» атанған, бұрын бұзылып, қираған бірнеше қабат тұрғын үйлерді қайта күрделі жөндеуден өткізу көзсіз ерлік болатын. Аудан әкімі білікті де іскер, талапшыл басшы Төлеухан Оспанбеков болса мен аудан орталығы Мойынқұм ауылдық округі әкімі болдым. Жоспарлы кеңес өткізіп тұруға кабинетті 5 қабат тұрғын үйдің 1 бөлмесін таңдадық. Күнде кешкі сағат 7 мен 9 арасында жоспарлау кеңесін өткізу жұмыс кестесіне кірді. Кеңеске ауыл әкімі мекеме басшыларынан Жақсыгүл Даниярова прорабтар Валера Кравченко, Дүйсен Отыншиев, Алмас Асанбеков, Садығұл Исаевтар қатыстық. Осы тұста жоғарыдағы аталған 3 прорабтардың барлық құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруда іскерліктері мен кәсіби шеберліктерінің арқасында жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Ал Жақсыгүл Даниярова әйел адам болса да 5 ай бойы уақыт тауып, кеңеске белсене қатысты. Берілген тапсырмаларды ұқыпты орындап жүрді. Ал Садығұл Исаев екеуміздің міндетіміз сенбілікті жоғары деңгейде ұйымдастыру болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» деген, қыстың көзі қырауда 5 қабат тұрғын үйдің 3 қабатын, 4 қабат тұрғын үйдің 2 қабатын алып тастап, қайта жөндеуден өткізу айтуға оңай, ал орындау бос қиял сияқты көрінетін. Демалыс дегенді ұмыттық, күніне 10-12 сағат жұмыс істеуге тура келді. Бас аяғы 6 айда 58 пәтерлі тұрғын үйді қайта күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берілді. Одан басқа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2 пәтерлі 8 тұрғын үйді мерзімінен бұрын тапсырдық. Сонда барлығы (58+16) 74 пәтер пайдалануға берілді. 74 отбасы қоныс тойын тойлады. Пәтер алған азаматтардың қуаныштарын тілмен айтып жеткізу қиын. Адам айтса нанғысыз жоспар іске асты. Бұл жаңалық кезінде аудан, облыс көлемінде үлкен жаңалық, үлкен сенсация болды. Бұл бастама туралы деректер теледидардан берілсе, әр деңгейдегі баспасөз беттерінде жарыса жазылып жатты. Елдің алғысын, ақсақалдардың батасын алдық. Адал еңбек жемісін берді. Бабалардан «Жалғыз ағаш орман болмайды» деген мәтел сөз қалған. Бұл бастама халықтың қолдауымен іске асты. Мәселен, кей күндері сенбілікке 100 адамға дейін қатысқан кез болды. Бұрыннан айтылып келеді. Ауданда бірлі жарым мекемеде болмаса техника атаулы жоқтың қасы болатын. Жоқтан бар жасауға тура келді. Осындай қиын кезеңде «Автожол» ЖШС атқарушы директоры Талғат Жақсымбетов пен бас механигі Мирон Әшкеевтердің жасаған еңбектерін атап өткен жөн. Олар тұрақты пайдалануға 1 автокран, 1 эксковатор мен 1 жүк автомашинаны беріп тұрды.
Қыстың көзі қырауда 20-30 градус қақаған аязда 4, 5 қабатты тұрғын үйлердің жоғарғы монолит пен смола құйылған қабаттарын алып тастап қайта жөндеуден өткізу жұмыстары қиямет-қайым болатын. Барлық іс-шаралардың басы-қасында жүрген шебер ұйымдастырушы, аудан әкімінің орынбасары болған Бәкен Бейсебаевтың еңбегі зор.
Сенбілікке белсене атсалысқан мекеме басшылары мен ұжымдарына алғысымыз шексіз. Олардың қатарына М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің директоры Ғалия Асатова, Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің директоры Сүндетулла Әбілов, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының директоры Тома Нұрланова, аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлмира Жиенқұлова, Жамбыл ауылдық округі әкімі Алмас Кенжебеков, аудандық музыка мектебінің директоры Ғалымжан Иетаев, СПТУ-62 училище директоры Сағынғали Амановты жатқызуға болады. 4, 5 қабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабатының монолит пен смола құйылған бетін қыстың қақаған аязында 20-30 градус суықта қолмен аршып тазалау қауіпсіз де емес болатын. Бұл әрине оңай шаруа емес. Тек қиындықтан қорықпайтын қайсар адамдардың қолынан келетін іс екені іс жүзінде дәлелденді. Олар ауданның келешегі мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоя білді. Ұлы Абай «Адамдар тек адал еңбекпен ғана ел құрметіне бөлене алады десе, жоғарыда аты аталған азаматтар да адал еңбектермен ел құрметіне бөленген жандар. Кезінде ел ішінде аңызға айналған бұл айтулы оқиға, ел есінде мәңгі қалды.
6 айда аудандық білім бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден
өтіп, пайдалануға берілді. Қоныс тойы тойланды.
Ел ішінде аңызға айналған 2-ші жаңалық. Аудандық білім бөлімі Кеңес үкіметі тараған соң біресе жабылып, біресе ашылып арнайы кеңсесі болмай тоқырауға ұшыраған мекемелердің қатарында жүрді. 2006 жылы бұрынғы «Казсельхозтехника» мекемесінің кеңсесін пайдалануға мәжбүр болды. Бұл кеңсе деген аты болмаса бұрындары қирап бұзылған ат қораның жағдайына жеткен шала-пұла жөнделген ғимарат болатын. Әрине, ауданның 70 пайыз бюджетін ұстап тұрған білім ошағына, озық сәулет жобасына сай емес кеңсе болатын. Іс-жоспарда бұл ғимаратты да күрделі жөндеуден өткізу міндеттелген. 2008 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметіне білікті де іскер білім саласының маманы Бақтияр Махамедов көп жылдар аудандық білім саласының кәсіподақ комитетін басқарған, ел билеу өнерін жетік меңгерген ауданға танымал азамат. Ұлы орыс халқында «Адамды сынаймын десең, қолына билік бер» деген мәтел бар. Бақтияр аз уақытта ел сенімін ақтай білді, шебер ұйымдастырушы екенін көрсете білді. 6 айда аталған ғимаратты үкімет тарапынан еш қаржы бөлінбей білім саласы ұжымдарының күшімен күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берілді. Керемет идея мен жоба іске асты. Маусым айының аяғында ауласына екі киіз үй тігіп қоныс тойын жасады. Қоныс тойы жоғарғы деңгейде өтті. Мереке соңында ұстаздардың концертін тамашалап, рухани жаңарып қайттық.
6 айда 20 орта мектеп ағымдағы орта, күрделі жөндеуден өтті
Ел ішінде аңызға айналған 3-ші жаңалық. 2008 жылы аудандық білім бөліміне қарасты 30 мектептің оқу процесін жүргізуге дайындық жағдайы онша мәз емес еді. Жеткілікті қаржы бөлінбегендіктен көп мектеп авариялық жағдайда болатын. Аталған мектептерге қолдау көрсету, іс-жоспарда қаралған еді. Арнайы құрылыс бригадасын жасақтап жөндеуге мұқтаж мектептерге жіберіп тұрдық. Демеушілер де табылды. Бірнеше мектептің жылу беру жүйесін, жылу беретін қазандықтары жөндеуден өтіп, іске қосылса, төбесінен су ағатын бірнеше мектептің шатырлары жаңаланды. Уақытында жөндеу көрмеген шынайы келбетін жоғалтқан бірнеше мектепке ерте көктемде күрделі жөндеуден өткізуге тура келді. Сонымен есепті 6 айда 20 шақты орта мектеп ағымдағы, орта, күрделі жөндеуден өтті. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысына, ауа райының қолайсыздығына қарамай білім саласына жасалған қамқорлық көп уақыт ел аузында қалды. Елдің алғысын алдық.
10 көше орта жөндеуден өтті
Тағы бір есте қалған айтулы оқиға 4, 5 қабатты тұрғын үйлерден шыққан құрылыс қалдықтары іске жарады. Мәселен, ауылдағы ойдым шұңқырға айналған тозғын 10 көшеге аталған қалдықтар төселсе, бетіне гравий араласқан қиыршық құм тасталып, автогрейдермен тегістелді. Артынан катокпен тапталды. Міне осындай еңбектен көше жолдары орта жөндеуден өтті десе болады. 22 наурыз мерекесіне орай ауыл тұрғындарына тосын сый жасадық, қуаныш сыйладық.
Қорытынды сөз
Бүкіл саналы ғұмырым Мойынқұмда өтті. Өстім, өндім, есейдім, шыңдалдым, үлкен өмір мектебінен өттім, жақсы ортада, жақсы рухани тәрбие алдым, адал еңбекпен елге танылдым. Маңғыстау облысының тумасы, ақиық ақын Сабыр Адай әр өлеңінде, әр сөзінде, маған әр қазақтың баласы қымбат әрі бауыр демекші маған да Мойынқұмның әр адамы қымбат екені даусыз. Көп адаммен сыйластым. Сыйлағанның құлы болдым. Соған бірнеше мысал айтайын. Еңбек ету бар да оны бағалай білу өнер дер едім. Төлеуханнан кейін де ауданға білікті де іскер Мәден Мұсаев пен Болат Рысмендиев сияқты басшылар келді. Олармен аз уақыт болса да қызметтес болдым. Ел билеу өнерін жетік меңгерген екі басшының да бойында тектілік пен жарасымды кісілік, көрегендік қасиет болды. Олар мені іштарлық жасап, аяқтан шалғысы келген кейбір азаматтардан қорғай білді, қолдай білді. Зейнеткерлікке шыққанымда адал еңбегімді бағалап, 63 жасқа толған мерейтойымды аудан көлемінде атап өтсе, барлық марапаттардан құр қалдырмады. Оларға алғысым шексіз.
Бабалардан «Адамның айтқаны келмейді, Алланың дегені болады» деген мәтел сөз қалған. 2008 жылдың маусым айының аяғында аудан әкімі Төлеухан Оспанбеков басқа қызметке ауысып кетті де біраз іс-жоспарымыз орындалмай қалды. Атап айтқанда, 50 орындық монша мен шағын асфальт зауытын салу. Екі нысан да ауданға аса қажет қызмет түріне жататын. Демеушілер де табылған еді. Уақыт емші деген. Қалғанын уақыт өзі шешеді. Мен бұл мақаланы мақтаныш үшін емес, жастарға жол көрсету, жақсы істерден үлгі алсын деген мақсатпен жаздым. Төменде бес ғұлама бабалардың дана сөздерін жастарға ғибрат алсын деген оймен ұсынып отырмын.
1. Ғұлама Мұстафа Шоқай: «Алған білімін халықтың қажетіне жарата алған адам бақытты, әрі оның алған білімі де баянды».
2. Ғұлама Төле би баба: «Аллаға жағамын десең азанды бол, ағайынға жағамын десең қазанды бол, елге жағамын десең әділ бол».
3. Ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Кісіге екі дүниеде пайдалы 3 нәрсе бар. Біріншісі халқына адал қызмет ету, екіншісі ар-ұят, үшіншісі әділдік деген екен». Адам осы қағидалар арқылы екі дүниеде бақытын табады.
4. Ғұлама Абай: «Пайда ойлама, ар ойла».
5. Ғұлама Мағжан Жұмабаев:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Мен жастарға сенемін! деп жырлаған екен.
Осыдан оқырман қауымға айтарым:
Жастарға сенейік,
Рухани жаңарайық.
Әділ болайық,
Пайда ойламай, ар ойлайық.
Абырой атақ үшін емес,
Ұлт руханиятын байыту жолында еңбек етейік. Сонда ғана ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов армандап кеткен «Басқалардан кем болмас үшін білімді, бай, күшті мемлекет бола алатынымыз анық.
Қабылан КӨРПЕБАЕВ,
еңбек ардагері,
ауданның Құрметті азаматы.