ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ – 30 ЖЫЛ

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиын еліміздің Әнұраны орындалуымен басталды. Жиынға барлық сегіз шақырылым депутаттары шақырылды. Сондай-ақ жиынға аудан әкімі Ермек Карентаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ерболат Саурықов, аудан әкімінің орынбасарлары Ержан Әмірханов, Еркін Заурбеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Ермек Карентаев сегізінші шақырылымның депутаттарын атаулы күнмен құттықтап, мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін атап өтіп, олардың ауданды дамытудағы және халықтың әл-ауқатын арттырудағы шешімдер қабылдаудағы маңыздылығына тоқталды. Ермек Амангелдіұлы барлық шақырылымдардағы депутаттарға азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
— Аудандық мәслихат депутаттары 30 жыл бойы халықтың сенімін ақтай отырып, елдің бірлігі мен тұрақтылығы үшін еңбек етті. Сіздер билік пен халық арасындағы алтын көпірсіздер. Әлеуметтік-экономикалық даму процестерін қалыптастыру сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Депутаттар әрқашан бюджетті қалыптастырудан бастап, инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтің әлеуетін көтеруге дейінгі маңызды мәселелерге назар аударады. Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқара беретіндеріңізге сенімдімін. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймын,- деді аудан басшысы. Содан соң жиынға арнайы келіп қатысып отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ерболат Саурықов мәжілістің атқарған жұмыстары туралы баяндап, барлық шақырылым депутаттарын мерейлі мерекемен құттықтаған жылы лебізін білдірді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесіндегі тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басып келеміз. Мәслихат –Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие негізгі институт. Мәслихаттар тұрғындардың үлесін қорғау, елдің әл-ауқатын арттыру, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысы «Депутат болу биік мақсат емес, бұл зор жауапкершілік және маңызды міндет» деп атап өткен болатын. Мықты мәслихат – ел тірегі. Аудандық мәслихат бұрыннан-ақ берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек ірілігімен ерекшеленген. Сегізінші шақырылым депутаттары қоғамның сөзін айтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды еңбек етуде. Мұны мен сіздердің күнделікті атқарған жұмыстарыңыздан көріп отырмын дей келе Ерболат Байұзақұлы мәслихат депутаттарына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хатын тапсырып, барлық шақырылым депутаттарын 30 жылдық мерейлі мерекемен құттықтады. Сонымен қатар жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда тындырымды істер атқарып, игі істердің бастауы болған мәслихаттың жетістіктеріне тоқталды.
— Биыл еліміздегі мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында сегіз рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауын жасады. Мәслихат – біздің демократиялық жүйеміздің негізіне айналған және жергілікті басқаруда маңызды рөлі атқаратын өкілді орган, азаматтардың мүдделері мен билік кетіктері түйісетін алаң. Дәл осы мәслихаттар арқылы тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалып, мәселелері шешілді. Біз әртүрлі партиялары мен түрлі кәсіп өкілдері болсақ та, жұмысымыз бір мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және Отанымыздың дамуына бағытталған. Біз үшін басты мақсат қашанда адамдардың өмірін жақсарту болып қала береді. Осы уақыт аралығында аудандық мәслихаттың депутаты болып 109 адам сайланды. Қазіргі сегізінші шақырылым жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Депутаттық корпус негізінен жаңартылып, 11 депутаттың 10 партиялық тізім, қалған бір депутат өзін-өзі ұсынып, бір мандатты округ бойынша сайланып, бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Былтырдан бері сегізінші шақырылым депутаттары 20 сессия мен комиссия отырысын өткізді. Нәтижесінде 400-дей шешім қабылданды дей келе әріптестерін Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Салтанатты жиында барлық шақырылым депутаттарына Ермек Карентаев, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік төсбелгісін табыс етті.
Салтанатты жиын «Тараз триосы» мен аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».