ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР «ЖАҚСЫ АДАМ-2024» СЫЙЛЫҒЫНА ИЕ БОЛДЫ
Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жақсы адам-2024» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Үздіктер қатарында Түркістан облысының да өрені бар. Биыл арнайы сыйлықпен Созақ ауданының тұрғыны, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан Бүркіт Арынбеков марапатталды.
Көптің ыстық ықыласына бөленген дәрігер Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы. Ол ғұмырының 58 жылын медицинаға арнап келеді. Осы аралықта жалпы саны 10 мыңнан аса ота жасаған. Хирург Бүркіт Арынбеков дәрігерлік жолында шалғай ауылдағы бөлімшелік ауруханада күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалған. Сондай-ақ босану кезінде ана мен бала өміріне қауіп төніп, екеуінің де жанын ажалдан арашалаған. Бүгінде тәжірибелі ардагер білгенін Созақ аудандық орталық ауруханасындағы жас мамандарға үйретіп, оталарға бірге кіріп, тәжірибе бөлісіп жүр.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі шара биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі