ТҮЛКІБАСТА ШЕТ ЕЛ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС ОРНАТЫЛДЫ
Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес аймаққа инвестиция тарту мақсатында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Қытай елі Үрімші индустриалды аймағының басшысы Чжен Сын бастаған делегацияны қабылдап, іскерлік байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойды.
Жалпы аталған делегацияның бір мүшесі Зну Мунг соңғы технологияларды пайдалана отырып, жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын қоймалардың құрылысымен айналысады. Компания өкілінің айтуынша, салған қоймалары қыста жылы, жазда салқын температураны біркелкі ұстап, тіпті ыстық-суыққа төзімсіз өсімдіктерді сақтауға да өте қолайлы.
Аудан әкімі аймақта жеміс-жидек өсірумен шұғылданатын ірі кәсіпкерлердің көптігін ескере келе, алдағы уақытта сол кәсіпкерлерден қойма қажеттілігін анықтау бойынша жұмыстар атқарылып, соның негізінде тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Ауданға инвестиция құйып, өз кәсібін өрлетемін деген инвесторларға мемлекеттен тиісті қолдаулар көрсетілетіндігін тілге тиек етті. Сонымен бірге Түлкібастың ауыл шаруашылығы, туризм және тамақ өнеркәсібі саласындағы әлеуеті жоғары екенін айтты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 3135 гектар алма бауы бар. Олардан алатын өнім көлемі жылына орта есеппен 30-32 мың тоннаны құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі