ТҮРКІСТАНДА САЛЫНАТЫН ҒИМАРАТТАРДЫҢ СӘУЛЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеті кезекті рет талқыланды. Сәулеттік кеңеске жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты.
Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін ескертті.
– Біз Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуына қарсы емеспіз. Қолдау көрсетіледі. Бірақ ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыруға мән беріңіздер. Кәсіпкерлер нысан саларда нарықты зерттеп барып, іске кірісулері керек. Бізге өзін-өзі ақтайтын және елге қызмет ететін нысандар қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Түркістан қаласынан автосалон ашу, мектеп, балабақша, диагностикалық орталық ашу туралы ұсыныстар қаралды. Сонымен бірге Сауран қалашығына жақын жердегі жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталық, қонақ үй ашу мәселелері де талқыланды. Филармония ғимаратының сыртқы сәулеті, ескек есу каналы маңын туристік орталыққа айналдыру, жастардың басын қосатын орталық ашу және өзге де жобалар қаралды. Тиісті тапсырмалар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі