ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ…

Жаңа жыл жақсылығымен басталды. Ақ орда кадр мәселесіне  көңіл бөле бастағаны қуантады. Жалғасын таба берсін лайым. 2022 жылдың 31 тамызында Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалған Дархан Сатыбалды әкім ретінде 2,5 жыл жұмыс істеді. Жас болса да бас бола білді.
Мен Дарханды Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында, Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған кезінен тілекші болып жүрген анасымын. Себебі артынан өсек сөз бораған емес. Тік жүрді, тура айтты. Ұлттық мүддеге бүйрегі бұрып тұратынымен жаныма жақын.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден” дегені осы Дархан тәрізді азаматтарға айтылған ба деп қалам. Түркістан облысында әкім болып жүргенде Дархан Амангелдіұлының іскерлігіне жергілікті тұрғындар жоғары баға береді. Көпке жағу оңай емес әрине. Алайда халықтың көпшілігі Дарханға сенді. Сенім артты. Әсіресе, халықпен тілдесіп, мәселе шешудегі іскерлігін тамсана айтып отыратын ағайынды көп көрдім. Халық айтса қалып айтушы ма еді.
Күліп жүріп-ақ көп іс тындыратын азаматпен Шымкент қаласының әкімі болып тұрғанда, кейін Түркістанға “Қазақстан дәуірі” газетінің іс сапарымен барғанда бірнеше рет жүздестім.
Дархан Амангелдіұлының іскерлігіне жергілікті тұрғындар жоғары баға береді. Әсіресе, халықпен тілдесіп, мәселе шешудегі іскерлігін тамсана айтып отырады. Тіпті, дипломатиялық қабілетімен, кәсіпкерлікті қолдаудағы іскерлігіне «Тәшкен көрген әкім» деп баға беретіндер де бар.
Өз басым Дарханмен жолыққанда ішкі мәдениетіне, болмыс-бітіміне сүйсіндім. Үлкенді құрметтей білетін бекзаттығына, кішіні сыйлай білетін азамттығына тәнті болдым.
Ақорда кадр мәселесінде көңіл бөле бастапты деуім бекер емес. Бұл Дархан менің көзім көрген, баяғыдан сыртынан тілектес болып жүрген жігіт. Етене араласып, жақын туыс болып кетпесем де, тілектестігімді білдіріп жүремін.
Ал Дархан секілді әлі биліктің көзіне түспей жүрген, тасада жүрген қазақтың марқасқа, ұлтшыл ұлдары жетерлік. Солар билікке келсе, ұлтына қызмет етсе нұр үстіне нұр болар еді-ау. Президент Тоқаев мырзаның қасына мемлекетшіл, рухы мықты шенеуніктердің жиналуы оның да — абыройы!
Ел арасында көп жүріп, Еанасы атандым. Бұл да маған халықтың құрметі болар. Ана болғасын ұлтжанды жас жігіттердің билік басына шоғырланғанын ұнатамын. Жаныммен қалаймын. Ел ертеңі солар! Кез келген парасат пайымы мол, білімі кемел, ұлттық ұстанымы мығым адам ұлтқа қызмет етуге лайық!
Сондықтан да Дархан Сатыбалды секілді азаматтың жаңа қызметіне сәттілік тілеймін!
Ұлттың жоғын жоқта балам! Руханияттың басында жүр. Тілің мен діліңді, дініңді жоғары ұста! Өткен тарихыңды ұлықта! Дүниеге құнықпа!
Тіл мен көзден аман бол! Берер батам осы жастарға!
Сәуле Мешітбаева — қоғам қайраткері