Өгей жандар қоғамға да өгей ме?

ӨГЕЙЛЕР — ӨШ АЛУДЫҢ ҚҰРБАНЫ

Бүгінде айналамызда жиілеп кеткен жан түршігерлік қылмыстардың құлағымызға сіңісті, көзімізге үйреншікті болып кеткені сонша, жүрегімізбен қабылдамай, жүре тыңдайтын, өзгенің тағдырына жанымыз ауырмайтын халге жеткендейміз. Бұл не, адамдықтан алыстап, азғындай бастағандығымыздың белгісі ме?.. Бұл орайда, біз қозғайтын әңгіме күйеуінен кек алу үшін кішкентай ғана сәбиін аяусыз сабаған немесе өз баласын көпқабатты үйдің терезесінен лақтырып жіберген қатыгез аналар мен әкелер жайлы емес, өзгелерден көбірек жәбір көретін немесе «өгейлігін көрсетіп», жазықсыздарға жапа шектіретін жандар жайлы өрбімек. Сонымен, жуырда Алматыда қыршын жаны өгей шешесінің жауыздығының құрбаны болған 11 жасар Өркен Азаматұлының өлімі тіпті жоғарыда айтқан «өлі» жүректердің өзін дір еткізген еді. Иә, қатыгез ана аралары жараспаған күйеуінен өш алу үшін, өгей баласын өлтіруді ұйымдастырып, қылмыс жасауға өзінің туған ұлы мен қызын да қатыстырған. Мүмкін, бұл операцияны іске асыруда өзінің «нақ сенерлері» деп шешті ме екен, әйтеуір туған ұл-қызын қылмысқа итермелеген ана, олардың келешегін ойлап, қорықпаған да сияқты. Қалай десек те, қазіргі күнде елімізде туыстық немесе отбасылық қатынастарға байланысты болып жатқан қылмыстар негізінен «өгей балаларға», «өгей аналарға», «өгей әкелерге» қатысты екен. Бейне, өгей жандар өзара өшпенділік пен кек алудың нысанына айналғандай. Бұл айтылған уәжге статистикалық тұрғыдан келмей-ақ, дереккөздерден алынған біраз қылмыстық оқиғалардан мысалдар келтірсек те жетіп жатыр. Мәселен: Павлодар облысында 43 жастағы бір ер адам кәмелетке толмаған өгей қызын зорлап, 11 жылға сотталса, Атырауда 34 жастағы ер адам 15 жасар қызын үш жыл зорлап келіпті. Жазасы — 17 жыл. Ақтауда қатыгез еркек өгей анасын өлтірсе, Павлодарда өгей әкесін ана дүниеге аттандыра салған. Қарағандыда 5 жасар, Шымкент, Семей қалаларында 7 жасар өгей қыздарын зорлағандар бар. Ал өткен жылы Жамбыл облысында өгей әкесінің туысы зорлаған Ерасылдың асып өлтірілген азапты өлімі кімдердің жадынан тез өше қойды дерсің? Қысқасы, айта берсек, қылмыстар тізімі де аш ішекше созылып кете беретіні белгілі. Сонда, бұл қылмыстарды мүлде тоқтата алмасақ та, азайту үшін не істеуіміз керек?

1111

КЕМШІЛІГІМІЗДІ КӨРМЕУ — КӨРСОҚЫРЛЫҚ!

Сыбағасына «сынық қабырға» тиетін «өгей» байғұс ешқашан өз бетімен өрге де, төрге де ұмтыла қоймайды. Өйткені оған айналасындағы адамдар тарапынан көрсетілетін психологиялық қысымдар, кемсітулер, менсінбеушілік, тіпті физикалық тұрғыдағы күш көрсетулер себеп. Нәтижесі белгілі: не өгей өледі, не өлтіреді. Бірақ, өз қаны болмағандықтан, өзегінен тепкі көретін «өгейлер» проблемасы бүгінгі қоғамды аса ойландырып отырған жоқ. Жасалып жатқан барлық қылмыстарды жеке адамдардың туыстық қарым-қатынастарына арта салып, көз алдындағы кемшілікті әлеуметтік проблема ретінде көргісі келмейді. Бұл енді — барып тұрған көрсоқырлық. Әлде, шынымен-ақ ата-ана, ағайын-туысқа өгей жандар қоғамға да өгей ме? Біле білсек, өгейлерге қатысты жасалып жатқан қылмыстар үшін, ең алдымен қоғам жауап беруі тиіс. Әншейін кезде «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз» деп сайраймыз. Рас, иман мен салт-дәстүрімізге селкеу түспей, менталитетіміз мейірімнен ажырамай тұрған, ертеректе шынында солай болған шығар, бірақ қазіргідей «түлкі» болып қашып, «тазы болып шалған» заманда көп нәрсе мемлекеттің жалпыға ортақ заңына бағынып, өзгергені баршаға аян.

Дегенмен, әлі де болса, қолданыстағы заңға, ҚР Азаматтық Кодексінің, ҚР Қылмыстық Кодексінің баптарына, ҚР «Неке туралы» Заңына тиісінше өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек сияқты. Ол өзгерістер біз айтып отырған өгейлермен қоса, жетім-жесірлер мен қаңғырып қалып, қағажу көрген қарттардың, өзге де жапа шегушілердің құқықтарының қорғалуын күшейте түсуі тиіс. Рас, өмір болған соң, түрлі тағдырлар, түрлі жағдайлар болатыны заңдылық. Біреу қатыгез өгей әке, өгей шешеге, біреу мейірімсіз өгей балаға тап болып жатады. Осы орайда, ойымда жүрген біраз ұсыныстарымды айта кетсем артық етпес:

1. Өгей балаларға, өгей аналарға, өгей әкелерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексіне, ҚР Азаматтық Кодексіне, ҚР «Отбасы және Неке туралы» Заңына арнайы баптар мен тармақтар қосу;

2. Қандай да бір жолмен бас қосқысы келетін ерлі-зайыптылардың арасындағы балаларының құқықтарын, олардың жас ерекшеліктеріне қарамастан, заңдық тұрғыда қорғау;

3. Жергілікті құқық қорғау органдары барлық өгей балаларды арнайы тізімге алып, бөлімшелік полиция қызметкерлері арқылы олардың төмендегідей жағдайларын қадағалап отыру:

1) Тұрмыс жағдайы;

2) Білім мекемелеріндегі тәртібі, сабақ үлгерімі;

3) Қоғамдық белсенділігі;

4;) Баланың өгей анасымен немесе өгей әкесімен құқықтық-консультативтік мазмұнда кездесулер өткізу;

5) Дер кезінде тиісті шаралар қолдану;

6) Өгей ата-ананың жұмыс орнынан мінездеме алынып, ішімдікке әуесқойлықтары мен психикасын тексеріп отыру;

7) Дәл осындай бақылау мен қадағалау өгей әке мен өгей аналарға да қатысты жүргізілуі тиіс.

Әрине, мен заңгер емеспін, сондықтан бұл айтылғандарды: менің жеке ұсыныстарым есебінде қабылдап, егер қажет деп тапса, кез келген заңгер немесе құқық қорғаушылар бұл айтқандарымды аударып, төңкеріп, кемшін тұсын толықтырып, шекілдеуікше шағуына, сөйтіп парламентке ұсынуына әбден болады. Міне, осы айтылғандарды қоғам қолға алып, өгейлердің құқықтарын қорғап отырғанда ғана өшпенділік өшіп, қылмыс азаюы мүмкін. Десек те, төбеден соғар төмендегі мәселе де өгейлер қылмысынан алыс емес және бүгінгі күннің қаны сорғалап тұрған шындығы дер едім.

АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ — АЗҒЫНДЫҚТЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Қылмыстарды, оның ішінде біз сөз етіп отырған отбасылық қылмыстарды болдырмау үшін, ең алдымен, бүгінде көп айтылып, көп жазылып жүрген, қазақтың қанына жат «Азаматтық неке» деген арамзаны мүлде адамдар санасынан да, қоғам өмірінен аластау қажет. Өйткені ол отбасылық жауапкершіліктен, мейірім мен сыйластықтан гөрі, «жасанды» ерлі-зайыптылық есебімен «анайы қажеттілікке» ғана құрылған дүние. Міне, осы азаматтық неке отбасындағы кикілжіңдер мен бейберекетсіздіктердің, тіпті түрлі ауыр қылмыстардың алғышарттарын туындатып отыр. Бұл келеңсіздікті елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Азаматтық неке жоғарыда заң құлағын ұстап отырған біреулерге, биліктегі шенеуніктер мен байшыкештерге, тіпті өзінің тұрмыстық жағдайын жақсартып алу үшін басқаға жар бола тұратын бикештерге тиімді. Сондықтан да олар «Азаматтық неке» деген желеудің, анығырақ айтсақ, заң «қазанының» жабулы қала бергенін қалайды, тіпті, бұл мәселе туралы сөз қозғағылары келмейді. Нәтижесінде, жапа шегетіндер — «аттылардың» шаңына ілескен қарапайым халық, әсіресе жастар. Өгей де, қорлық пен зорлық та, түрлі қылмыстар да осы азаматтық некенің «арсыз шабынан» шығып жатқаны ащы шындық. Бұл некеден туғандар қоғамның өгей жандарына айналатынын дәлелдеудің қажеті жоқ болар.

АЙТА БЕРСЕК…

ТҮЙІН: Ал енді баста айтқан өгейлерге қатысты проблемаларды шешудің гуманитарлықтәрбиелік жолы да бар, бірақ дәл қазіргі кезде ол жолмен жетістікке жете қалу екіталай дүние және ұзақ әңгіме. Бастап айтсақ: өгейді отбасылық тәрбиеден бастап, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, қызмет орны, жалпы қоршаған ортасы да тәрбиелейтіндігі басты орында тұрмақ. Бұл орайда, мектеп жасындағы балаларды имандылық пен мейірімділікке баулудың ерекше маңыздылығын айта кеткен де жөн шығар. Тіпті, имандылық сабақтарын мектеп бағдарламаларына кіргізсе, көптеген «көзі ашық, көкірегі соқырлардан», қылмыскерлер мен адасушы содырлардан, сонымен бірге өгейлердің өгейсінуі мен өштесуінен және бірін-бірі өлтіруінен құтылар едік. Қысқасы, айта берсек, әңгіме көп. Сондықтан, осыны оқыған атқамінерлер бұл тақырыпты тақырда қалдырмай, қоғам мен адамды емдеудің жолдарына кіріссе екен деген тілегім бар.

Жанбақыт МЕРЕКЕҰЛЫ