ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАСЫҚ немесе АУРУ АСТАН…
ӨНЕР-БІЛІМ БАР ЖҰРТТАР…
Жапонияда ерекше қасық жаппай сатылымға шықпақ. Электронды қасық. Қасықтың артықшылығы сол, тамаққа көп тұз қоспай-ақ тұздың дәмін келтіреді. Қасық тамақтың дәмін өзгертетін натрий ионының молекулаларын қалыптастыра алады екен.
Жапон ғалымдары бұл қасықтың пайдасы көп дейді. Адамдар күнделікті өмірде тамаққа тұзды тиісті нормадан көп мөлшерде пайдаланады. Салдарынан түрлі дертке шалдығуы мүмкін. Ал арнайы қасық барлығын реттеп отырады. Жапонияда қарттар тұзды тиісті мөлшерден екі есе, ал жастар үш есе көп қолданады.
Өткен жылы Kirin Holdings компаниясы әлгі арнайы қасықтарды Жапонияда 127 доллардан сатыпты. Аз ғана данамен шығарылған екен. Биылдан бастап жаппай сату ойластырылуда. Тек Жапония емес, әлем бойынша сата бастаймыз дейді.
Жалпы бұл Kirin компаниясы алған бетінен қайтпайтын компания көрінеді. 2011 жылы жапон ғалымдары бірігіп, тұздың дәмін келтіретін технологияны зерттеп, диссертация жазады. Артынша олар шанышқы, қасық жасап шығарады. Кейін олар өз технологиясын Kirin компаниясына таныстырады. Компания олардың жұмысына қызығып, бірнеше дана қасық жасап шығады. Бірақ 2023 жылы сол жұмыстары үшін «Шнобель сыйлығын» алып, келемеж болады. Алайда бір жыл ішінде қасықты өзгертіп, ғылыми тұрғыдан пайдасын қайта дәлелдеп, 2024-те сатылымға шығарады. Енді ол қасыққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы назар аударуда.
Жалпы жапондар адам денсаулығына, көңіл-күйіне қатты көңіл бөле бастады. Демография төмендеуде, экономика үшін жұмыс күші жақын онжылдықта жетіспеуі мүмкін. Жапония билігі еңбек мигранттарын жаппай кіргізуді шешім ретінде қарастырмайды. Себебі бұл «біртұтас ұлы ұлт» концепциясын жоюы мүмкін. Жапонияға дені сау, жұмысқа қабілетті жапон қажет. Сол себепті де адам денсаулығына қажетті шешімдерді қабылдауда. Жұмыс сағатын қысқарту, отбасы мүшелеріне ортақ демалыс күндерін жариялау, денсаулыққа зиян тағам түрлерінен бас тартуға үндеу жасау және басқа іске асып жатыр. Мына қасық та сол жоспардың ішіне кіріп кететін сияқты.
Жапония жақын аралықта қандай тамақта қанша май, қанша тұз, қанша қант болуы тиіс екені бекітілген арнайы ұлттық мәзірді жарияламақ. Ол мәзірдегі мөлшерлемені асханалар, тамақтандыру орталықтары ұстануға тиіс екен. Мысалы палауда осынша май, осынша тұз болу қажет деген сияқты ғой.
Осыны өткенде оқып, студенттік кезім есіме түсіп кетті. Тамақтану мәселесінде денсаулықты ысырып тастайтынбыз. Қарап тұрсам қалтамызда қаржы болса да, ең зиян тағам түрлерін қолданыппыз. Майлы самса мен палау, ащы КФС, тұтқыр дөнер, пицца, фри, газды сусындар дегендей. Кейін асқазан, өт, бауыр дегеннен мәселе пайда бола бастады. Қазір одан бас тарттық.
Түсінгенім тек біз емес, Орта Азия тұтас дұрыс тамақтанбайтын сияқты. Оны мемлекет те реттеуге мүдделі емес. Қоғам да оған бас қатырып жатқан жоқ. Қырғызстан мен Өзбекстанда бірнеше мәрте болдым. Тура біздегі сияқты, майлы, тұзды тағамдарды көп қолданады. Орта Азияда осыған байланысты асқазан, өт, бауыр, ішек аурулары көп сияқты. Бұл — менің жеке ойым. Қатты сөкпеңіздер)
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
P.s.: Суреттегі сол электронды қасық.