ЖЫЛАН — КИЕ

Биыл жылан жылы кіріп келуіне байланысты біраз дүниелерді жинақтап жүрген едім. Соны біраздан бері пост етіп жазуға уақыт болмады. Күні кеше Айсұлу әпкенің постынан кейін қолға алдым. Жалпы, жылан жайлы не білеміз? Жыландар киносюжеттерде қарасы суық, зұлым, сұм, қатыгез персонаждарға теңеледі. Жыланды өмірде кездестірген адамды қорқыныш билейтіні рас. Сұсты, көзі жұмылмайтын жалғыз аң. Қабағы үнемі ашық тұрады. Содан болар ата бабаларымыз: «Өңіңде көрсең жаныш, түсіңде көрсең кеніш» деп айтқан. Түсте жылан көру жақсылықты, байлықты білдіреді. Түс түгілі өңіңде көрсең де байлық пен молшылыққа кенелесің. Жылан қай жерде алтын бар, сол жерді мекен етеді. Ол алтын жаламаса өліп қалады дейді. Ол өте ақылды, жүйрік, өткір көзді, арбағыш, сонымен қатар жұмбақ жаратылыс. Оларға тимесең өзі келіп шағып алмайды. Жылан жолыңды кессе, жолы болады деген таным бар. Атауы жаман есітілсе де, шын мәнінде ежелгі Түркі аңыздарында Жылан культтық деңгейде бағаланып, тотемдік аңдар қатарына жатқан.
Жыланда кие бары рас. Жылан көптеген халықтардың нанымы бойынша байлық, атақ пен даңқ, бақ символы. Жапон халқында сұлулық символы. Гректерде Медуза (богиня —жылан басты әйел құдайы) ерекше құдыретке ие. Оған қараған адам тас мүсінге айналады. Мұның астарында ақиқат бар. Жыланның арбауына түсіп қалған жан жануарлар одан тірідей құтылуы екіталай. Соны меңзесе керек. Жылан ежелгі Түркі халықтары арасында Үббе Ана құдайы, желеп жебеуші ретінде айтылады. Саха-якут халықтарында сулуккун деген мифологиялық жылан бейнесі бар. Ол су астындағы рух деген мағына береді. Ежелгі Авестада да құдіретті Даха (Аж Даха) тілге тиек етіледі. Қытай нанымы бойынша Айдаһар (бұл да жылан) ұлы күш, ұлы рух болып есептеледі. Үнді нанымдарында Жылан қолды әйел жаратушы, құтқарушы, ана құдайы ретінде танылған. Мұндай мысалдар өте көп. Жер бетіндегі дерлік барлық халықтардың ертегі, әпсаналарында жылан жақсы мағынадағы кейіпкер ретінде қарастырылады. Бірақ, Інжіл мен Құранда жылан арбаушы сайтанға қызмет етіп, Адам Атаға алма жеуді насихаттағаны үшін Адам Ата мен Хауа Ана, жылан, сайтан барлығы Пейіштен Жерге қуылады. Сондықтан болар, Еуропа мен Араб елдерінің ертегілерінде жауыз кейіпкер етіп көрсетіледі. Арабтарда жылан түске кірсе дұшпан. Ол шақса сиқырланған, яғни, дуаланған деген түсінік бар. Бірақ, бізде олай емес. Қазақ халқы үйге жылан енсе, оны өлтіріп тастамаған. Керісінше, құт келді деп жақсыға жорып, ырымдап басына ақ құйған. Біздің қазақ даласында жыланның киелі екені белгілі. Жылан — әруақ деген сенім бар. Кейбір адамға рух жылан бейнесінде көрінеді. Оған дұрыс жолды меңзейді. Күні бүгінге дейін ел арасында жыланға деген құрмет ерекше. Адам таза жүріп, арамнан алыс болып, ізгілік жолында болса, кие қонады. Түркі халықтары нанымында қайтыс болған әулие адамның әруағы түрлі бейнелерге еніп, мысалы, жылан, киік, жылқы, ит, аң, құс бейнесінде келіп, таза жүретін, әділ сөйлейтін, ақ ниетті адамға қонады. Мысалы, көріпкелдік, әулиелік, тәуіпшілік осындай әруақ қонған, киесі бар адамдарда болады. Әруақ бар, бірақ, соңғы кездері кішкене осы жолдан тайқып, барлығына реал көзбен қарауға әдеттеніп кеттік. Киені мойындағысы келмейтін көп…Құтта қадір қалмай барады. Тағы бір нәрсе, қазақтарда «Жыланқайыс» деген салт дәстүр бар. Бұл санадан өшіріліп кеткен, архаизмге айналған көне қазақ дәстүрі. Жыланқайыс салты ер баланың кәмелет жасқа жақындап, атқа қонар шағында жасалатын ырым. Дені сау болсын, әруақтар желеп жебесін, ел үмітін ақтар атқа қонар батыр болсын деп теміршіге (Теміршінің өзі құт қонған адам, Пір саналған) жасататын ырым. Темірші аузынан шоқ бүркіп, баланы екі бұтының астынан өткізеді. Бала ирелеңдеп екі рет өтеді. Бұл ырымды баласы тұрмай, немесе туған балалары соғыстан оралмай қала беретін болса, жасаған. Сонда есен аман келеді деп ырымдаған. Сөз арасында айтып өтейін, менің түп нағашы атамда үлкен әруақ болған деседі. Суды кері ағызатын деп әжем марқұм жиі айтатын. Сол кісі жыланның тілін білген деседі. Оның көзіне әруақ үлкен айдаһар болып көрінеді екен. Бірде менің әжем сол жыланды киіз үйде байқап қалады. Сонда атамыз «Киенің бәрі жиендерге кеттті-ау» деген екен. Өзінің ұрпағынан балаларым алса екен деп жүретін болған. Бірақ, әруақ, жиенге ауады. Апам Алима өте адал, әділ сөйлейтін, ақпейіл кісі еді. Тәуіпшілік жасайтын. Жәй ғана «Суф» деген адамы сауығып кететін. Оны көзімізбен көрдік қой. Сол апам бала ұрмайтын. Бала ұрсам сол замат саспай қатады, кейісем ауырып қалады деп ашуланбайтын. Апамның аузынан естіген білгенімді көбінесе осында бөлісіп отырамын. Айтпақшы өзім де жылан жылғымын. Жыландар жайлы әңгімем мұнымен бітпейді. Бөліп келесі постқа саламын. Жаңадан келген Жылан жылы құтты болсын! Киелі жылда берекеміз артып, әр қазақ бай, қуатты болсын, лайым!
Сұлухан Мыңбай