Жақсылар кетіп жатыр баяу ғана…
«Бұл өмір түбі бітер аялдама,
Жақсылар кетіп жатыр баяу ғана…».
Халқының шаңырағына уық болатын адамдардың қатары сиреп барады. Араға күн салмай, абыз ақсақалдардан айырылдық.
…Ғасырлар тарихына көміліп қалған көне тарихымызды қайта тірілткен, өмірінің соңына дейін өз шындығына деген адалдығын бұзбаған, көшпелі дәуірлердің көзіндей ұлт пен ұрпақтың игілігіне қызмет қылып, бар ғұмырын сарп еткен әрі парасаты мен білігін арнаған, өз қоғамының тауқыметін жүрегімен терең сезініп, тарихымыздың таңдаулы беттері талауға түсіп турала бастағанда биіктен көрініп, адалдық танытқан есіл ер еді Мұхтар аға…
Жаныңды ауыртып тілгілейтін, жүрегіңді мұздатып тоңдыратын сәттер, ауыр тиетін өлімдер, бақилық болғанын естігенде іші-бауырыңды қопарып, жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығаратын, анығы қимастық сезімнің не екенін шынайы ұқтыратын адамдар болады. Соны анық сездірдіңіз, Мұхтар аға…
Халқымыздың рухани игілігін байытып, ұлттық танымның өрісін кеңейтіп өнегесін қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан Алаш жұртының адал перзенті Мекемтас аға… Ол жетімдіктің тақсыретін тартты, қудалау мен аштықтың азабын, бір дәуірдің қоғам тудырған қиындықтарының бәрін көріп, пешенесіне жазылған тағдыр мен жазымыштың ісіне илікпеген, өмірді сүйіп қана қоймай, қайсарлықпен күресе білген. Кімнің кім екенін уақыт-құдірет өзі аршып алады. Бастысы, екеуіңіздің де іздеушіңіз, ұрпағыңыз бар. Ұлтқа еңбегі сіңген қос қарияның, қос абыздың рухқа айналып, өлмейтін мәңгілік екінші ғұмыры басталды. Тәні жер астында қалғанымен, тұғыры биік екі тұлғаның асқақ рухы ұрпағына көктен тілеулес болып, жерүсті тіршілігін, өзен-көл, орман-тоғайын, атажұртын қорғап-қоршап жүрері ақиқат. Мекеніңіз жұмақ болсын, көшпенді ұлттың нағыз қазағы ұлы Мұхтар Мағауин! Қош, Мекемтас аға!
Қаза қайырлы болсын, қазақ ұлты!