ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ
Түркістан қаласында орналасқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бітіруші түлектері үлкен жетістіктерге жетуде. Нақтырақ айтқанда, 12 «К» сыныбының оқушылары – Гайдаенко Алихан мен Каримжанова Дильнура әлемдік университеттердің QS рейтингісінде топ 50-ге кіретін беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алды.
Гайдаенко Алихан Канаданың Ванкувер қаласында орналасқан Британдық Колумбия университетіне (UBC) қабылданды. Бұл білім ордасы – Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, білім беру мен зерттеулер саласындағы көшбасшы. UBC ғылым мен технология саласында білікті мамандар дайындайды.
Ал, Каримжанова Дильнура Азияның үздік университеттерінің бірі – Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақырту алды. PolyU – әлемге танымал инновация және технология орталығы. Бұл оқу орны болашақ мамандарды заманауи ғылым мен өнеркәсіптің ең озық талаптарына сай дайындайды.
Айта кетейік, биыл Түркістан NIS-те алғашқы бітірушілер мектептен түлеп ұшпақ. Қазіргі таңда оқушылар сыртқы жиынтық бағалау емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу рәсімдеріне қызу дайындық үстінде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі