ФАРИЗА АҚЫН НЕГЕ ЖАУАП ЖАЗБАДЫ?…..

Бір үзік сыр…… Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы……..

Баукеңе қарадым. Жүзі түнеріңкі, тіксініп қалдым. Абайлап сөйлеспесем, іс насырға шауып, арандап қалуым оп-оңай. Әңгімені Баукең бастады.

– Сен Мұқағалидың қазақтың жігітінен дос таба алмай, нәзік жанға мұң шаққанын қалай бағалайсың? – деді.

– Бұл өлең мені қатты толғандырды. Шыны керек, алдымен шамырқандым. Ер адамның нәзік жанға мұң шаққаны қалай? Намыс қайда? Бұл біздің жігіттеріміздің, тіпті бүкіл халқымыздың кемшілігі емес пе деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды.

Содан соң ойлана келе сабама түстім. Қазақ әйелдері арасынан Фаризаға жететін өр рухты, күрескер ақын жоқ екеніне «мені түсінсе, сол ғана түсінеді» деген үмітпен Фаризаның сезімталдығын бағалап, оған мұң шағуын – тіршілік анасына мұң шағуы деп ұқтым.

Енді Мұқағалиға кешіріммен қарадым. Өйткені тіршілік анасы – әйел ғой.

«Жаралмаған жан екенмін күресуге, бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып, тастағысы келеді күресінге» немесе «ақын болып несіне жаратылдым, арасында қап қоймай қара түннің» деп өкінген Мұқағали күншілдердің өзіне өшігу құпиясын «жалын едім, жақсы едім, ұяң едім, аттап өттім олардың қия белін» деген жолдармен өте нәзік аңғартқан.

Талант туралы ұғымымыздың өлшемдерінің шеңберін біршама кеңейте түсті. Ақынның күйзеліске ұшырауы – айналасы айтқан сөзін, жазған өлеңін дұрыстап бағаламады.

Әлдекімдер ақынның жолына көзге көрінбейтін кедергілер қойды… Оны айналасындағылар неге елемеді? Себебі, ол – басында бағы, астында тағы жоқ. Қарапайым адам еді.

О дүниелік болғаннан кейін ғана Мұқағалиды халық мойындады. Халық мойындаған соң, солардың қарасына қосылып мақтаушылар көбейді.

Себебі, ол енді ешкімге кедергі келтірмейді. Сыртынан неше түрлі өсек таратып, жамандап жүргендер: «Мен досы едім, ол маған келіп ақылдасатын», – деген тәрізді естеліктер айтып, жұрттың ілтипатына іліксем дейді.

Өлген адам қайта тірілмейді. «Мына сөздерің өтірік» дей алмайды. Аярлар осы халді пайдаланады.

– Пікірің өте дұрыс. Сенің басың кейде жақсы жұмыс істеп кетеді. – Баукең әзілдей күлді. – Мұқағали ақын, сөз жоқ, өз деңгейін білді. Оны ақын-жазушылардың, билік тізгінін ұстағандардың сезбегеніне жаны ауырды.

Кең дүниесі тарылып, ширықты. Сондай сәтте нәзік жанға мұң шағуы орынды.

Әсіресе, оның қоғамымыздағы күншілдіктің, әділетсіздіктің, алауыздықтың кесір-кесапатынан бір-біріміздің жетістігімізге ішіміз күйіп, қуанбайтынымызды, яғни әлі толыққанды ұлт болып қалыптаспағанымызды батыл бейнелей алғаны маған ерекше ұнады.

Бағалай білсек, Мұқағалидың мұңы баршамызды ойландыруға тиісті. Бұл дерттен құтылу үшін не істеуіміз керек деген күрделі сұраққа жауап іздеп, мұңға батқандаймыз. Сөзіңді жалға, – деді Баукең ойлы жанарын өңменіме қадай отырып.

– Меніңше, Мұқағалидың даналығы – өмір мен адам танудағы талғамының биіктігі мен тереңдігінде, ал Фаризаның білгірлігі – Мұқағалиға жауап жазбағаны. «Жігіттер-ау, біз кім болып бара жатырмыз?

Қазақ халқындай ақылды, бауырмал, данышпан халық жоқ» деп бөскенде алдымызға жан салмаймыз. Мына тірлігіміз не?» деген деген тәрізді жадағай пікірде сөздің қауқары болмайтынын Фариза ақын жақсы түсінді.

– Мен үнемі айтып келем, – деп Баукең сөз тізгінін қайта қолына алды. – Бұрынғы қазақ шын мәнінде ұлы халық болған. Оған дәлел, жер көлемінің үлкендігі, өрісінің кеңдігі. Оны қорғап, ұстап тұру ешқашан оңайға соқпаған. Өзің ой жіберіп, таразылашы.

Аш қасқырдай анталап жеткен жауды жерімізден желкелеп қуып шығу үшін қаншама көрегенділік, тектілік, төзімділік, қаншама қайрат-жігер, ақыл-айла керек. Мұқағалидың ортасындағы өмір сүрген адамдар қазақтың бұрынғы сол асыл қасиеттерін жоғалтып алғандар.

Олар мұндай бейшара халге қалай душар болды деп сұрақ қой.

– Олар мұндай бейшара халге қалай душар болды?

– Себебі, соңғы дәуірлерде алауыздықтың кесірінен жат жұрттың тізесі батып, теріс ықпалы бойларына сіңіп, дүниеқоңыздық деген әзәзілмен достасты, бірін-бірі сыйлаудан, бір-бірімен ымырауға келуден алыстады.

Жаудың оғымен бір-бірін ата бастады. Мұқағалидың «қазақтың жігіттерінен мұңдас таппай, сені таптым» деп өлең арнауы сондықтан.

Түсінбеген адам даналық тіркестерін «көкмылжың» санаса, керісінше, түсінген адам көкмылжың сөздің ішінен өзіне керек дәнді тауып ала біледі. Сол сияқты Мұқағалидың Фаризаға жазған өлеңінен қазақтың мәдениеті, рухани дүниесі алыстан менмұндалайды.

Іргетассыз үй салынбайды. Егер салынса, ол желге, дауылға төтеп бере алмай құлайды. Жас буынға айтарым, әуелі қара тобырды халыққа айналдырып алыңдар. Сонда ешкім ешкімге мұң шақпайтын әділетті заман орнайды.

Мылжыңдап кеттім бе… Жарайды, тізгінді тартайын, қорытынды сөзді өзің айт.

– Мұқағали келмеске сапар шеккенде Ғабит Мүсірепов: «Қазақтың Есенинінен айырылдық», – деді. Бұл сөзді Ғабең оның тірі кезінде неге айтпады, неге қорған болмады деген өкінішті сұрақтың кейде мазалайтыны да бар.

Жеке пікірім, түсінген адамға Мұқағалидың қасіреті – біздің ғана емес, Америкадағы, Жапониядағы, Африкадағы, яғни жер шарының түкпір-түкпіріндегі күншілдерден қиянат, теперіш көрген күллі жандардың қасіреті.

 

Ғабиден Жакей парақшасынан.