ХАЛЫҚТЫ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖОСПАРЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланған. Осы ретте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен жиын өтті. Оған тұрғын үй саласына жауапты басшылар, бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты. Мәжілісте өңір халқын тұрғын үймен қамту, ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру, әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтарды пәтермен қамту, тұрғын үй мәселелерін шешу, оның ішінде жалдау ақысын субсидиялау тетіктерін енгізу, заңдағы жаңа өзгерістерді жүзеге асу барысы қаралып, қазіргі жай-күйі талқыланды.
– Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Жаңа заңға сәйкес, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Президент тұрғын үй салуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта жоба әзірлеңіздер, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Өткен жылы 1 174 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал биыл жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 578 арендалық пәтер және 2 078 ипотекалық пәтер беру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған 7 567 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылған. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізу және инвесторлар тарту керектігі айтылды. Жиналыста көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы басшылық назарында болады. Мемлекет тарапынан жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсету жалғасады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Жаңа Заңға сәйкес, осы жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі