ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫМЕН САУРАНДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

✔️Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы өңірде жеті мектеп тапсырылған.
✔️Жайлы мектептердің құрылысымен танысу үшін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, жауаптылармен жүздесті. Ұлттық жоба аясында Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша ауылында 600 орындық мектеп соғылуда. Нысанның құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, өндірістік кестеден кешікпеуді міндеттеді.
📌– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмалары белгіленген мерзімде мүлтіксіз орындалуы тиіс. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ұяларының сапасы басты назарда. Кадр мәселесін іріктеуде де талаптар қатаң сақталуы тиіс. Басты мақсат – халықты заман талабына сай әлеуметтік нысандармен қамту. Сіздерден құрылысты сапалы жүргізіп, ел игілігіне мерзімінде тапсыруды ғана талап етеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Білім ошағының құрылыс жұмыстары АО «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысымен 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Жалпы ауданы – 3 гектар. Білім ұясын осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Ғимарат инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Нысан пайдалануға берілген соң, 55 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
✔️Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі