БЕКЕРДЕН ДЕ БЕКЕР БАР

Таза мінсіз асыл сөзді қор қылатын адам өзінің арзан қылығын заманға жаба салатын әдет бар. Сондай ұсқынсыз нәрсенің бірі — жарыса мақтау, жалбақтап жарамсақтану, жағымпазданып көпшік қою. Бәлкім, қилы-қилы тарапты мүдде тоғыстыратын шығар. Сұраныс болған жерде мақтау сөз де, мақтаушы да табыла кетеді. Мақтаушы ел тарихын, ата-баба шежіресін, бұрынғы-соңғы ерлікті, байлықты адресатқа үйіп-төге салады. Одан кейін кешегісінен бүгінгісі кем емес жетістіктер, марапаттар, балалары мен туыс-достарының, құдаларының табыстары қосымша домбаздалады.
Бұрынғы-кейінгі заманмен, тұлғалармен, жеке өмірмен, тұспал болмыспен босқа мақтана беру кейде «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері болып жатады. Оның бәрі кімге, не үшін керек? Бекершілік екені айдан анық.
Әсіре мақтанға айдаладағы біреу түгілі адресаттың өзі сенбейтін жағдай аз емес.
Сонда ойлаймыз: мақтаушылардың сана-сезімі өзгермей, өткен дәуір деңгейінде қалып қойған ба?..
Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, біз өзімізді алдаусыратып, ерекшелігімізді, мықтылығымызды айтып тауыса алмай келеміз. Әрі-беріден соң мұндай құбылысқа өркениетті елдер жеркене қарайды.
Осы күні де едәуір отандасымыздың өмірі өтірік мақтаумен, алданышпен зая кетіп жатқандай.
Тым аспандап, шарықтағанның есіне дана Абайдың:
“Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма» деп көрсеткен жолы мен
“Өңкей жалған мақтанмен, Шынның бетін бояйды” деген тұжырымын салып отырған дұрыс.
Бұл — ұлттық сананы тежейтін, теріс арнаға салатын мінез-құлық екені ғылым жүзінде де дәлелденген.
Осы жөнінде Абайдан кейінгі мықтыларымыз да аз айтпаған. Әдеттегідей, «ол бұрынғы дәуірдің шындығы» деп, мәселені аттап өтуге болмас.
Мысалы, ойшыл қаламгер, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай қоғамның қилы мәселесіне қатысты толғамын қара сөздің иін қандырып, осы күннің ұғым-түсінігімен жазып жүр. Тұрсекеңнің пікір-пайымы замандастарымыздың жетесіне жетсе, кәне! Қаламгер ойынан бір үзінді ұсынуды жөн санадық:
“Мақтау мен даттаудың шекарасын ажыратудан қалдық. Өйткені, екеуінде де қазір мөлшер жоқ. Шегінен асырған парықсыз мақтау — даттауға бергісіз. Обал сауапты ұмытып, өлтіре жамандау — мақтауға татиды. Алматының ауасын машиналардың улы газы мен сирек тазартылатын қоқыс қана емес — ауыздан ауызға фольклор болып көшетін, кітап болып тасқа басылатын, газет-журналдар іліп алып жариялайтын, радио-теледидар көпіртіп эфирге тарататын жойдасыз мақтаулар мен даттаулар бұзып жатыр. Кешегі Семей мен бүгінгі Лобнордың радиациясындай Қазақстанды улап жатыр…
Әйтеуір, артының қайырын берсін» (Шапай Т. “Мақтанға — мадақ”).
Осыған орай бір әзіл әңгіме еске түседі. Өзін ынта-шынтасымен мақтаған жігітке риза болған бір кісі көкейіндегіні жасырмай:
“Рахмет, жобалауға тырыстың, жақсы айттың. Бірақ бәрібір менің өз ойымдағыдай мақтай алмадың” депті…
Жақында жарияланған жазушы Төлен Әбдік сұхбатында асыра мақтау мен әсірелеу ғадетінің белең алғанын алға тартып, өмірден алған бір оқиғаны дәйектейді. Еліміздің орыс ақыны қазақ әдебиетшісінің ұзын-сонар мадағын масқаралау деп қабылдап, жанжал шығарған. Міне, ментальдық деңгейдегі айырмашылық. Соның бәрі бекер ме?
Осынау дерттің меңдеп кеткені соншалық, мерейтой мен көңіл айту үстінде мақтау сөздерден құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Тірі немесе өлі екенін ажырату кейде қиынға соғады.
Ең сорақысы, өтірік мақтау мен құр дабыра 35-55 жас аралығындағы орта буынның «өмірлік салтына» айналып барады. Олар осыдан 20 жыл бұрын «ағалар неге бір-бірін өтірік мақтай береді?» деп сәл-пәл ойланса, қазір «мақтангершілік — халықтық рейтинг, пиар» дейтінге шүбәсіз сеніп жүр…
Арсыздыққа байланысты жазған мақаламызға әлеуметтік желіде үн қосқан Ақжарқын Нұртазина:
“Қазір қоғамда батыр, тұлға ғұлама, абыз деген теңеудерді ойланбай, ондай дәрежеге жетпеген адамдарға айтады.
Ондай дәрежені кімдерге айтуды білмейтін шығар, ондай теңеуді естіген кез- келген адам өзін солай сезінетін шығар” деп жазыпты. Ащы шындық.
Кезінде аталарымыз:
“Көзіне мақтағанша,
Көтеріп отқа сал” деп бекер айтпаған болар. Өйткені, кейде адамдардың мақтағаны да, жамандағаны да жалған сияқты.
Қазір сын біржола жойылғандай, ал оның сыпайы, қызметтік, тұрмыстық түрі — адами өзара сынның жұқанасы да жоқ.
Салыстырмалы түрде мемлекеттік қызметшіні, заң қадағалаушыны мақтаған жөн бе, әлде ұлтымыздың атын әлемге танытқан талантты өнер иелерін, ғалымдарды мақтауды алға шығарған дұрыс па?
Сондай-ақ тірісінде мақтау естігендер және өлгеннен кейін мақталып жүргендер санаты бар. Ұлтына қанша қызмет етсе де, еленбей қалғандар да аз емес. Мұндайда Бауыржан Момышұлының:
“Ерді ел үшін,
Жігітті жұрт үшін мақта!” деген аманатына бүгінгі замандастарымыз және саналы ұрпақ адалдық танытады деп сенеміз.
Тірісінің өзінде-ақ мақтаудан кенде болмаған сөз зергері Ғабит Мүсірепов:
“Ақылды адамға ең ауыр жаза — мақтай беру, мақтай беру” деп бекер айтпаған да шығар.
Сонымен, қоғам мен өмірдегі қадір-қасиет, ұстаным, парасат, біліктілік, адамшылық, шығармашылықтағы, ғылымдағы, қайраткерліктегі, басқа да бағыттағы талант, нәтижелі ізденіс, жаңалық пен жасампаздық, бастамашылдық, қағидатшылдық, ірілік, мемлекетшілдік жалаң мақтауды емес, үлгі-өнеге ретінде насихаттауды талап етеді деп ойлаймыз.
Осы ретте айтыскер ақын, халық қалаулысы Аманжол Әлтайдың:
“Талабым бір, жолдасқа да, жатқа да,
Әділдіктің шеңберінен аттама.
Ішің ұлып, сыртың күліп тұрса егер,
Көз алдымда мақтама” деген жыр шумағы үлкенді-кішілі замандастарымызға
ой салса екен дейміз. Тәжірибе қайнауынан шыққан сөз бекерден- бекер айтылмайды. Оның жауапкершілігі де, мәні де халықтың талғам-таразысымен орайласады.
Бәріміз әсіре мақтауға шапалақ ұра берсек, соның ішіне көзсіз, сөзсіз жұтыларымыз анық.
Дархан МЫҢБАЙ