ҚАЗАҚТЫҢ соңғы ХАНЫ КЕНЕСАРЫ
2022 жылы Ұлы Дала елінде есімін ел құрметтеген Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына 220 жыл толды. Еуразияшыл, орыс ғалымы, этногенез теориясының авторы Л.Н.Гумилевтің айтуынша, қарсыластарын қаймықтырған, үзеңгілестерінің құрметіне ие болып, қол астындағылары төбесіне көтерген Хан Кене – Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең көрнекті пассионарлық тұлға. Батырмен бетпе-бет келген патша әскербасылары «Көзсіз батыр», «Қазақ даласының Митридаты», «Қырғыздың (қазақтың) ұлттық батыры», «Сойқан», «Ержүрек билеуші», «Қиратушы дауылпаз», «Қырғыздың Шамилі», «Ұлық батыр», «Дала рыцары» деп таңдай қағып, еріксіз мойындаған еді. Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкше тауында дүниеге келген, Қасым сұлтанның баласы, Абылай ханның немересі. Абылайдың отыз ұлының ішіндегі ең кішісі Қасымның отбасында ұлы Қазақ мемлекетінің ұлттық билігі мен азаттығын қайтару идеясы ерекше маздатқан тұлға. Қасым төренің екі әйелінен дүниеге келген жеті бірдей ұлының ішінде Кенесарының болмысы биік еді. Ол сұлтанның екінші әйелінен қалмақ қызынан туған. Рухы биік жаратылған жасынан халық даналығын бойына сіңіріп өсті. Туған халқының салт-дәстүрін біліп, дуалы ауыз билер мен шешендердің тәлімімен егескенді елдестіретін бітімшілік қасиеті де бір бойынан табылды. Орталық Азияның барлық тілдерінде еркін сөйлей алды. Жасынан дала заңын билер шешендігін бойына сіңіріп өсті.
Сұлтан Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның баласы, Абылай ханның туған немересi едi. Көтерiлiстiң болашақ басшысы Кенесары бала кезiнен-ақ ат құлағында ойнаған, құралайды көзге атқан мерген болды. Ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әдiлдiгiмен, ерiк-жiгерi, қажымас қайратымен және жүрекжұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен танылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын.
Жаужүрек батыр,дипломат, данагөй тұлға неге атқа мінді?
Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанқожаға, Жанқожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, – деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.
1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді.
Батыр бабамыз қалай қолға түсті?
Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары 10000 сарбазымен қырғыз елінің солтүстігіне басып кірді. Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы 1847 жылы 17-25 сәуір аралығында Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекілік-Сеңгір тауының бөктеріндегі Шу өзеніне 1-2 шақырымдай жердегі Майтөбеде болды. Қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің пулемет пен зеңбірекпен қаруланған офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының сарбаздары қазақ, қырғыз зерттеушілерінің болжауынша, 100 мыңдай адамды құраған. https://i0.wp.com/edq.kz/wp-content/uploads/2018/05/соғыс.jpg?resize=300%2C200
Бас қолбасшылық Орманның қолында болды. Кенесары қолы өзінен күші 10 есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Шешуші шайқас қарсаңында Рүстем төре мен Сыпатай батыр соңына ерген жасақтарымен ұрыс алаңын тастап шықты. Бұл оқиғаның Кенесары қозғалысын тұйыққа тірегені тарихи шындық болатын. Иман (Аманкелдінің әкесі), Бұғыбай, Бұқарбай, Құрман батырлар опат болды. Қырғыздардың қолына 1000-нан аса қазақтар тұтқынға түсті. Тұтқында қалғандар арасында Кенесары, сұлтандар – Құдайменді, Ержан және басқа да 32 төре тұқымдары бар. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай, Ағыбай, Жекебатыр тобы болды. Бірақ, аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген Наурызбай ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп беріледі. Тұтқынға өзі келіп түскен інісін көргенде Кенесары інісіне «бекер болды-ау, сен ат үстінде жүргенде бұлар маған ештеңе ете алмас еді. Енді, бәрі бітті» деген екен. Патша әскерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Кенесары 45 жасында, Наурызбай 25 жасында өлген. Кенесарысыз Наурызбай жоқ, Наурызбайсыз Кенесары жоқ. Халық ұғымында ешқашан ажыратылмай, екеуі бір аталады. Кенесары да, Наурызбай да тәуелсіздік үшін, болашақ үшін өлетінін білсе де, өздері ұрпақтардың бақыты үшін құрбан болған батырлар. Наурызбай – өзі әнші, өзі ақын, өзі күйші-сазгер. Осы арада арнайы айта кетейік, «Төрелер күйі» деп аталатын көп күйлер бар. Сол «Төрелер күйлерінің» бастауында жиырмаға жуық күй шығарған заңғар Абылай хан тұр. Осы «Төрелер күйлерінің» бір өкілі Наурызбай еді. Соның бәрінен де Наурызбайдың батырлығы басым болған. Кенесары қысылтаяң, қиын жерлерге тек, көбіне, соны ғана жұмсаған. Кенесары опат болғанда оның артында 8 ұл, 4 қыз, екі әйел жесір қалды. Баласы Сыздық сұлтан, әке жолын қуып, отарлау саясатына қарсы күресіп өтті.
Ресей отарлауына қарсы күрес үш ғасырға жуық уақытты қамтыды. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз жалғасып отырды. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліс. 1824-1836 жылдардағы сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған халық толқуы. 1836-1838 жылдардағы Исатай – Махамбет бастаған көтеріліс. 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған қозғалыс. 1856-1857 жылдардағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі. 1853-1857 жылдардағы Есет Көтібарұлы жетекшілік еткен бас көтеру, міне, осылай тізбектеліп кете береді. Сонау XVI ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілістерді санауға болады.
Қазақ елінің тарихында бостандық үшін болған көтерілістердің ішінде ең маңыздысы – Кенесары басқарған ұлт-азаттық қозғалыс. Ол бүкіл өмірін халқының бостандығы үшін арнап, он жыл бойы өте қиын жағдайда Ресей империясына, Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылық шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ерлігімен, даналығымен, әділеттілігімен абырой алып, хан болып сайланды. Кене хан мен Наурызбай қозғалысына қатысқан ата-бабаларымызды құрметтеу – бәріміздің міндетіміз. Елін, жерін қорғаған бабаларымызды құрметтеу жас ұрпақтарымыздың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға қызмет етуі керек.
Дана ТОЙШИЕВА,
Елдос ЕЛЕУСІЗОВ,
Жамбыл облысы
Т.Рысқұлов ауданы