Сұлтан Тәукей: Шыңғыс ханның қазақ болуы кімге мақтан?
Бақытсыз балалық шақ мені де айналып өткен жоқ
– Сізді алғаш осыдан жиырма жылдай бұрын Қытай астанасы Бейжіңнен шыққан «Ақыр Жәнібек» романыңыз арқылы біліп едік. Содан бері шығармашылығыңызбен таныспыз десек те болады. Сол 2006 жылы, әлде 2007 жылы ма екен, қасыңызға Ардақ деген қызыңызды ертіп Бейжіңге кітабыңыздың таныстырылымына келгеніңіз есімде. Сол сапарыңызда сізбен танысудың орай туған еді. Сізбен қайта сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Сіздер екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде туған ұрпақтың өкілдерісіздер. Сол алапат соғыс сізді де айналып өтпеген шығар. Жазушы болуға не әсер етті?
– Хемингуэйдың айтқан «Бақытсыз балалық шағы» мені де айланып өткен жоқ. Себебі мен екінші дүниежүзілік қанды қырғын жылдары дүниеге келіппін. Қырқыншы жылдардың алдында, яғни 1937 жылы ұлы әкем Мәмәділді «Жапония тыңшысының қол-аяғысың» деген сылтаумен ұстап, Қобда қаласында ешбір тексерусіз, сұраусыз атып, мал-мүлкін тәркілеп әкетеді. Атамыз Жапония деген елді де, сөзді де ұқпаған адам ғой. Амал нешік! Ұзамай әкем Тәукей қайтыс болып үй тола жас бала, қарт әженің тағдыры анамыздың мойнына жүктеледі. Анам Миуа «ұлдарымды өгей әкеге мүрит болдырмаймын» деп, 40 жасқа толар-толмаста жесір қалса да, қайта бас құрамай жесірлік, жетімдіктің ауыр тақсыретін көтерді. Егіз екеуіміз әкеден екі жаста ғана қалыппыз. Алты ұлдың ең үлкені 14 жаста. Әкеден қалған мал дәулетті «бірлестікке» (колхозға) тартып алып кетті. Қырқыншы-елуінші жылдары малдың барлық өнімін Кеңес еліне, фронтқа, қызыл армияға көмекке арнап жібереді. Малдан басқа тіршіліктің көзі жоқ қазақтар қолында қалған аз ғана ұсақ малдың сүтін жазда айран шалап етіп, қыста бірерін соғымға сойып, «тарамысқа таспа жалғап», талғажау етеді. Елдің қолында ешбір ақша жоқ. Шай, ұн, пұл сияқты күнделік тіршіліктің қажетті заттары түгелдей картпен беріледі. Ол да қолжетімді емес. Бір жанұяға жарты қанар қара кебек тисе, көп олжа. Оны ақтап, тазалап, май жоқтықтан құрғақтай қуырып, сумен былғап, балаларға сықпа жасап береді. Жетімдік, жоқшылықтың мұңына тола осындай балалық шақ қалай бақытты болсын. Бақытсыз адам бақытты болуды армандауы заңды құбылыс. Анам марқұм оқымысты, аса діндар еді. Ол Шеруші үкердайының («хошуын немесе уәлаяттың) хатшысы-залың Әмірәлі қажының қызы. Текті атаның ұрпағы. Сол Шеруші хошуының бас имамы Тілеубердіден 8 жыл дәріс алып, жоғарғы деңгейде білім игереді. Араб, парсы тіліне жетік. Ескіше, жаңаша кітаптарды көп оқитын-ды. Абай, Біржан сал, Ақан серілердің өлеңін жатқа айтып отырушы еді. Кейін білдім, Семейге баратын жәрмеңкешілер арқылы «Айқап» пен Ахмет Байтұрсынның «Қазақ» журналдарын алғызып оқиды екен. Мал қораланып, ел орынға отырған шақта ауылдың ата-әжелері біздің үйге жиналып, шешеме көне жыр, дастан, жаңаша өлең, толғауларды оқытып, ұйып тыңдайды. Бұл мен үшін үлкен рухани сабақ болды. Сол күндері жыр оқыған анамның сазды дауысы құлағымнан кетпей менің көкірегімді оятып, әдебиетке деген құштарлығымды тудырған-ау деймін. Анам алты ұлын «арқасына көтеріп, аузымен тістеп» дегендей «қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» өсірді. Барлық күш-қуатын сарп етіп, түзде ер, үйде әйелдің міндетін атқарып, бізді жоғарғы білімді, маманды азамат етіп өсірді.
Сонымен, асыл анамның қажырлы еңбегі мен рухани тәрбиесінің арқасында «Бақытсыз балалық шағымды» бақытты дәуренге ұштастыру үшін талпындым.
– Қарапайым мемлекеттік қызметкерден монғолдың мемлекеттік думасының мүшесіне дейін биік дәрежеге көтерілдіңіз. Құстың қос қанатындай жазушылық пен қайраткерлікті тең алып жүрдіңіз. Неден ұтып, неден ұтылдым деп ойлайсыз?
– Екінші сауалыңа сай мынаны айтпақшымын. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген тәмсіл бар. Мен төрт кеменің құйрығына жармасқан жанмын. Біріншісі: Мемлекеттік әртүрлі жоғарғы лауазымды қызметте болдым. Бірақ, жұмысымды ақсатпай, өсу, өрлеу жолымен ілгеріледім. Қатардағы экономистен, аймақтық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Монғолияның тұрақты парламенті-Ұлы Құрылтай депутаты, билік ұстаушы МХРП-ның хатшысы, Төтенше өкілетті елші сияқты қызметтерді абыроймен атқардым.
Екіншіде: Ғылыми зерттеу жұмысын қызметіммен қатар жүргізіп, ғылыми еңбек қорғадым. Оның жемісін бүгінгі күнге дейін көріп, жоғарғы оқу орындарында дәріс беріп келемін. Ғылыми монография, жеке шығармаларым жарық көрді. Шәкірттер тәрбиеледім.
Үшіншіде: Шығармашылық еңбегімді қандай лауазымда болсам да бір күні де үзбей, қолымнан қалам тастамадым. Шығарма жазу түнгі шаруам болды. Әдеби шығарма – жастық шағымнан аңсаған арманым. Өзімше «хоббиім». Көркем әдебиеттің барлық жанрында қалам тарттым. Әңгімеден романға дейін, драмадан кино сценарийі, операның либреттосына дейін жаздым. Шығармаларымның 22 томдығы Ұлан-батырда басылып шықты. Оқырмандар мен жоғарғы ұйымдардың қолдау, марапатына ие болдым. Саны жеткілікті, сапасы жөнінде оқырман – әділ қазылар бағасын берер. Төртіншіде: Көркем суретке әуестендім. Бір суретім Монғолияның Көркем суретшілер съезіне арналған бәсекеде озық орын алып, мемлекеттік көрмеге қойылғаны да бар. Сурет – адамның жүйкесін тоздыратын аса ауыр еңбек. Ақыры оны тастауға мәжбүр болдым. Ғылыми еңбек пен әдеби шығармашылықтан бүгінге дейін қол үзбедім.
– Алғашқы шығармаңызды жазған кезіңіз есіңізде ме?
– Әр қаламгердің алғашқы туындысы тұңғыш ұлындай ыстық. Мен шығармашылық еңбегімді аудармадан бастадым. Университеттің 2-курсында жүріп, Монғолдың аты шулы жазушысы Ч.Лодойдамбаның екі әңгімесін қазақ тіліне аударып, аймақтық ұлттық журнал, газетке бастырдым. Мұның арты дауға ұласты. «Қайыспаған қайсар тұлға» атты әңгімесі М.Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесінің көшірмесі деген сын сөгіс айтылып, аудармашыға да күйе жағушылар бой көрсетті. Кейін ғалымдар бұл әңгімені жан-жақты саралай талдап, монғолдың классикалық шығармалар тобына жатқызды. Монғол, қазақ тілінде бірер өлең жазсам да, ақпарат құралдары жарамсыз деп қайтарды. Қаламдас досым, көрнекті ақын Б.Имашхан: «Сенің аудармаң мықты еді. Проза саған лайықты болар. Сен сол жолды таңдашы», – деген кеңес берді. Сонымен алғашқы әңгімем «Сахарада өскен гүл» мен алғашқы повестім «Жайдарман» жарық көрді. «Жайдарманды» жастар жақсы қабылдап, мақтау, мадақтаулары шыға бастады. Осыған қанаттанып 1970 жылдары алғашқы жинағым «Жайдарман» қазақ тілінде, «Балапан қанаттанған таулар» монғол тілінде баспадан шықты. Мұндай болымсыз жетістік мені романға қарай итермеледі…
– Шығармаларыңызға атажұрттан алыста жүрген қандастардың, яғни Монғолиядағы қазақ диаспорасының Баян-Өлгий өлкесінің тарихы арқау болыпты. Әсіресе, «Сеңгір таулар» романыңызды оқыған кезде осыны байқадық.
– Шығармаларымның негізгі арқауы – тарих. Заманауи тақырыпта, жаңа заман батырларының да көркем бейнесін сомдаудан шегінген емеспін. Десе де, дені тарихи тақырып екені рас. «Қазақ деген қандай ұлт, қандай ел? Біз қайдан шығып, неге тарыдай шашылдық? Түп-тұқиянымыз, тегіміз кім, қанымыз кім?» деген сауалдар мені бала жастан мазалады. Сол сауалдың жауабын іздеп тарихи көздерге, ғылыми шығармаларға көп үңілдім. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығының үш ғасырлық текетірес күресін зерттедім. Қазақтың Алтайдан-Арқаға, Саураннан-Сайрамға, Семейден-Алтай, Жайырға, Алтайдан-Қобдаға, бір сөзбен айтқанда, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жосыла көшкен шаңды ізіне түстім. Осының барлығын саралап, көркем сюжеттер құрып, «Арман тау», «Арыстардың арманы», «Ақыр Жәнібек», «Сеңгір таулар» романдарым дүниеге келуіне себепкер болды. Ақыры жазушыдан соң, тарихшы деген атым танымал бола бастады. Қазақ – көшпелі халық. «Көшпек, қонбақ елге сын» деген аталы сөз бар. Көштің көлеңкесінде күнделікті тіршілік, күрес, тартыс, намыс, жеңіс-жеңіліс бар. Көш қазақ халқының тарихымен егіз.
Драматургия –көрерменге апаратын төте жол
– «Ақыр Жәнібек» пен «Сеңгір таулар» роман-диалогыңызға дейінгі романдарыңыздың дені тарихи тақырыпқа арналған. Тарихи тақырыпқа жиі-жиі оралуыңыздың себебі неде? Бір сөзіңізде «Мен өз шығармаларым арқылы (романдарым арқылы) Баян-Өлгий өлкесіне қазақтардың қоныстану тарихын жазып, Баян-Өлгийдің қазақтың байырғы атамекені екенін көрсеткім келді деп едіңіз.
– Тарихи тақырып мені романнан драмаға жетеледі. 20-ға жуық драма, кино сценарий жазыппын. Алғашқы тарихи тақырыпта жазылған «Арқалық» пьесамды 1990 жылы режиссер Халидолда Баян-Өлгийдің ұлттық театрында сахналады. Кейінгі жас режиссерлер де қайталап қойды. 1930 жылдардың нәубатына байланысты «Келін», «Жетімдер», Қазақ хандығы мен Ер Жәнібек өміріне байланысты «Көк бөрі», Көне Керей тайпасының ханы, Шыңғыс ханның өкіл әкесі Тоғұрыл туралы «Тоғұрыл хан» драмам Өлгий театрының сахнасына қойылды. Соңғы бір жылда 1930 жылдардың ауыртпашылығын көтерген ер аналар турлы «Әз ана», тарихи тақырыпта «Шыңғыс хан», «Жамуханың өкініші», «Атилла хан» драмаларым қолдан шықты. Олар өз иелерін (режиссер) тапты. Келесі жылдары бірінен соң бірі сахнаға шығатынына сенімдімін. Ақыры драмаға бауыр басып қалған сияқтымын. Қазір бұл жанр оқушы мен көрерменге апаратын төте жол іспетті.
– Прозалық шығармалар жазумен бірге драматургияға да қалам тартатыныңызды білеміз. Пьесаларыңыздың қазақ, қалмақ тілдерінде Баян-Өлгий, Ұлан-батыр театрларында сахналанып жатқанын айтып жатырсыз, «Сәлиха-Сәмен» деп аталатын либреттоңызды «Абай» атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрына ұсынған екенсіз. Атақты «Аттила» туралы пьеса жазып жатқаныңызды да естіп қалдық. Әңгімені осы драматургияға қарай бұрсақ.
– Баян-Өлгий аймағында ұлттық театр 1956 жылы құрылды. Монғолия үкіметі барынша жан-жақты қолдау көрсетіп, Қазақстаннан өнертанушы, доцент Халидолда Тастанов, хормейстер Зоя Жараспаева екеуін шақырып, орталықтан білікті мамандар мен талантты режиссер, суретшілерді әкелді. Нәтижесінде құрамы 50 кісілік ұлттық домбыра оркестрі, хор-драма, солист әнші, музыка кластары ашылып, қойдың қорасынан, ауыл үйлерден таланттыларды жинап, өнерпаздар қауымы екі жылдың ішінде маманданып, таланттары жетіліп, таныла бастады. 1960 жылы Ұлан-батырда Баян-Өлгий аймағының мәдени он күндігі өтіп, дүйім дүниені дүркіретті-ау. Алғашқы қарлығаштардан Ж.Қибатдолда, Б.Қайжамал, А.Монголхан үшеуі халық артисі, Т.Дүйсембі, Д.Құсайын, Ж.Төлеухан, А.Қабыкей, Ж.Қадулар еңбек сіңірген артист атағын иеленді. Солардың ізін келесі буын жалғастыруда.
Театрдың қазіргі халі мүшкіл. Нарықтың желеуімен ұлттық өнерге қыры жоқ бастықтар оркестрдің жартысын қысқартты. Білікті, талантты режиссер, композитор жоқ театрдың халі онсыз да белгілі ғой. Соңғы отыз жыл осы театрдың жоғын жоқтасам да нәтижелі болмай отыр. Соңғы жылдары орталық өнер ошақтары көмектесіп, бірер қойылым қойды. Жас мамандар екі елде қатар дайындалуда. Үмітіміз үзілген жоқ. Жастарға сенемін.
– Баян-Өлгийде Қазақ музыка және драма театры бар екенін білеміз. Ондағы қазақ театрының жағдайы қалай?
– Монғолиядағы Қазақ әдебиетінің жағдайы недәуір жақсы деуге болады. Монғолиядағы қазақтар екі ананың сүтін емген телі қозыдай халық. Қазақ, монғолдың тарихи көне көздерін, шығармаларын қатар оқимыз. Орыс әдебиетінен үйренетін мүмкіндік социализм кезінде мол болды. Қазір әлем классиктері қазақ, монғол тіліне аударылып жатыр. Осының барлығы рухани нәр береді ғой. Монғолиядағы қазақ әдебиеті қазақ әдебиетінің ғана емес, монғол әдебиетінің бір саласы ретінде өркендеп, өсіп келеді. Екі тілде жазатын немесе екі тілде аударма жасайтын қаламгерлер де бар. Бұл аса ұтымды тәсіл. Монғолиядағы қазақ әдебиетінің көшбасшылары: Б.Ақтан, Ж.Арғынбай, М.Құрманхан сияқты ақсақалдарымыз дүниеден өтті. Орта буын өкілдерінен қалған Р.Шынай, Б.Монголхүү, Т.Сұлтан дегендей біздің де қатарымыз сиреуде. Бірақ, келешегіміз зор. Талантты ақын Қ.Байыт, А.Барыс, Б.Аманжол, Б.Жанат сияқты төкпе ақындар мен жас жеткіншектер легі тықсырып келеді. Қазір еркіндік заманы. Еркін құлаш сермейтін мүмкіндіктер көп. Тек жастардың талап, талпынысы шешуші рөл атқарады ғой.
Аударма екі ұлттың тілі мен салт-дәстүрін,тарихын жете білудіталап етеді
– Тамыры бір болғанымен тағдыры басқа Монғолиядағы қазақ әдебиеті тұтас қазақ әдебиетінің бір бөлігі деуге болады. Ондағы қазақ әдебиетінің жағдайы қалай?
– Аудармашылық еңбегім ұзақ сонар әңгіме. Өйткені мен шығармашылық еңбегімді аудармадан бастадым дегенді жоғарыда айттым ғой. Аударма екі ұлттың тілі мен салт-дәстүрін, тарихын жете білуді талап етеді. Жауапкершілігі зор, жүгі де ауыр шаруа. Алғашқы жылдары жастықтың жалынымен ұрынып қалсам да бертінде екі ел мен екі ұлттың алдындағы қоғамдық жауапкершілігімді мойындауға тура келді. Екі ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, әдебиетін таныстыру азаматтық парызға айналды. Біз аудармасақ, бұл шаруаны кім атқарады? Кімге сеніп кейінге қалдырамыз? Сонымен, тірнектеп жиған білім, тәжірибені осы жанрға да арнауға тура келді. Абайдың «Қара сөздерін», М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының 2-ші томының 1-ші тарауын, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Жұмаділов, С.Сматаев, Т.Әлімқұлов сияқты оннан астам жазушылар мен көрнекті ақындардың өлеңдерін Ш.Жамлиха, Жүкел сияқты қаламгерлермен бірлесе аударып, «Айгүл қойшының бір күні» деген атпен жеке кітап болғызып бастырдық. Прозалардың дені менің аудармам. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» киносын қазақшаға аударып экранға қойдық. Соңғы жылдары Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары мен «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» сияқты мақалаларын, Қ.Тоқаевтің «Абай және ХХІ ғасырдағы қазақтар» мақаласын аударып бастырдым. «Құран кәрімді» арабша білетін жастармен бірлесіп, қазақша, орысша аудармаларымен салыстырып монғол тіліне аудардым. Он шақты монғол жазушысының әңгімесін қазақ тіліне аудардым. Аударма саласындағы соңғы еңбегім: Мұхамет Қайдар Дулат бабамыздың «Тарих-и Рашиди» екі томдық шығармасын соңғы екі жыл бойы монғол тіліне аударып, баспаға жуықта ғана өткіздім. Жуырда жарыққа шығады. Қ.Тоқаевтің «Әке туралы ойлар» естелік кітабының аудармасын редакциялап, баспаға бердік. Әр шығарма, оның ерекшелігі, аударылу михнаты туралы әңгіме ұзақ сонар.
– Қазақтың біраз классик жазушыларының шығармаларын, Абайдың қара сөздерін қалмақ тілдеріне аудардыңыз.
– Баян-Өлгийде соңғы статистика бойынша 100,0 мыңнан астам халық тұрады. Оның 96 пайызы қазақтар. Қалғаны ұранхай, тывалар. Монғолияда өмір сүретін қазақтардың жалпы саны 150 мыңға жуық. 1990 жылдан бері атажұртқа қоныс аударғандардың саны да 150 мыңнан асқан шығар. Монғолия қазақтарының тіршілік тынысы, әлеуметтік жағдайы қалыпты деңгейде. Монғолдардан артық болмаса кем емес. Жастар нарыққа тез бейімделіп, әлемді шарлап жүр. Біздің қазақтар күй талғамайтын, аса еңбекқор халық.
Өкініштісі, нарық бәсекесі рухани мешеулікке апарып соғуы мүмкін деп ойлаймын. Әркім өнер, мәдениетке талпынудың орнына, кітап оқып театрға барудан көрі дүние боқшылық жинауды, пайда табуды әуелгі мақсат ететін болды. Бұл рухани мешеулікке апаратын жол екенін ұмытпағанымыз жөн.
– Монғолиядағы қазақ диаспорасының дені Баян-Өлгий өлкесіне қоныстанған. Онда қанша қазақ тұрады? Қандастардың әлеуметтік жағдайы, рухани өмірі қандай?
– Монғолия қазақтарының интеллектуалды тобы Ұлан-Батырда шоғырланған. Мемлекеттік әр сатылы ұйымдар мен бизнес орталықтары, ғылыми зерттеу институт, жоғарғы оқу орындары, клиникалық больница, банк, финанс орталықтарында қазақ жастары жұмыс жасайды. Белгілі қазақ ғалымдары, жазушы, өнер қайраткерлері Ұлан-батыр қаласында өмір сүреді. Олар Баян-Өлгий аймағы үшін интеллектуал капиталы, көш бастар тобы деуге лайықты.
– Өзіңіз қалмақ астанасы Ұлан-батырда тұрасыз, онда да қазақ зиялыларының біраз өкілдері топтасқан деп естиміз.
– «Туған жерге туыңды тік» деген ғой. Мен Баян-Өлгий аймағында 1988 жылдан бастап 5 жылға жуық басшылық қызмет атқардым. Сол жылдары іске қосқан өндіріс, даяшылық орны, тұрмыс қажетін өтейтін орталықтар, мәдени ордалар мен мектептер, музей мен ұлттық театр сияқты нысандар көзге жылы, көңілге жақын. Жаздың жайдары күндері жыл сайын ауылға барып, өткен жолымызды қайта қарап, ауылда аунап-қунап қайтқанға не жетсін! Менің туып-өскен өлкем Сырғалы көлі, Алтайдың қарлы жондары, Қобда өзеніне құятын сарқырама, Ақсу, Арасанды өзен, кәусар бұлақтар жанға шипа ғой, шіркін!
– Астана Ұлан-батыр мен Баян-Өлгийдің арасы мыңдаған шақырым, қазақша айтқанда, ит өлген жер. Баян-Өлгий өлкесіне елге баруға қаншалықты мүмкіндігіңіз болады?
– Мені алаңдататын ең өзекті мәселе – ұлт тағдыры. Ұлт болып қалу үшін тіл тағдыры әуелгі кезекте тұрмақ. Қазақ тілінің мемлекеттік статусын өмірге қалыптастыру шарасы тым самарқау. Ғаламдану деген ұран көтерілді. Бұл екі жақты. Аз ұлттар империяларға сіңісіп кетуге аса оңтайлы. Жастар бұл желеуге тез ілеседі. Әр ел бірігу мен қатар оқшаулану саясатын бекем ұстаған жөн. Бұл Баян-Өлгийден тысқары өлкелерде өмір сүретін қазақтар үшін де тағылымды. Әлемді шарлап, шет жерде оқып, қызмет жасайтын жастар ұлттық тіл, дәстүр, мәдениет, өнерден қол үзіп, ұлттық рухын жойып алу қаупі де алыс емес.
Ұлттық рухтың негізі ұлттық тіл мен ұлттық тарих. Тіл жөнінде айттым. Қазақтың тарихын жаңа, тың деректермен байытып, ақ таңдақ жылдардың бетін ашып, толыққанды тарихын жазып, жастарды сол тарихи тағылым арқылы тәрбиелеу қажет-ақ.
– Атажұртқа, газет оқырмандарына айтар сәлеміңіз бар шығар.
– Газет редакциясы мен оқырмандарына қазақ халқының ынтымақ, береке-бірлігінің көпірі болуын тілеймін. Кәсіби тарихшы емес, кейбір әуесқойлар Шыңғыс ханды қазақ қылып алмақшы. Жарты әлемді қан жылатқан, Тараз, Отырар, Ташкент, Самарқан, Бұхараны талқандаған Шыңғыс ханның қазақ болуы кімге, қандай мақтан? Шыңғыс ханның әкесі Хиад, анасы Олхонуд тайпасынан. Сол заманда «қазақ» атты ел де, ұлт та болмаған. Сонда ол қалай қазақ болады? Оның орнына Жошыны «қазақ» қылып алсаңыздар аз олжа емес. «Ал, Хиад тайпасының түп тұқияны кім? Жужандар ма, Түріктер ме?» деген сауал төңірегінде ғылыми зерттеу жұмысын істеп, пікірталас жүргізсе құба-құп!.. Шыңғыс ханға таласып екі ел, екі ұлттың арасына сызат түсіріп алмайық.
– Қазақтың көк байрағы желбірей берсін!
Сұхбаттасқан –
Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Алматы – Ұлан-батыр – Алматы