ОТЫРАР АУДАНЫНДА 2 ІРІ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

✔️Түркістан облысы, Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауытының капсуласы салынды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бастамаға сәттілік тіледі. Инвесторлармен кездесіп, мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасымен танысты. Аймақ басшысы инфрақұлыммен қамту жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мәселелер туындаған жағдайды дер кезінде хабардар етуді ескертті.
✔️Отырар ауданында қолға алынған бұл жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бастамасымен және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырылуда. Бірегей жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды. Мұнда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станциялары салынуда. Жалпы инвестициялық құны – 80 млрд тенге.
✔️Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде, биыл 2 зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы 2 зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда, жақын маңайдағы аудан, қалалардың 1500-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылады.
✔️Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі.
📌Су үнемдеу технологияларын қолданатын еліміздегі ірі масштабтағы алғашқы жоба өндірістік процесстің барлық кезеңдерін қамтиды. Үздік технологияларды қолдану есебінен су мөлшерін 3-4 есеге дейін үнемдеуге, жоғары өнімділік алуға мүмкіндік береді.
📌Жобаның экономикалық тиімділігі орасан. Мақта-тоқыма кластерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, өңір бюджетіне кіріс әкеліп, салық түсімдерін арттырмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі