ДІНИ РӘСІМ ДӘСТҮРГЕ САЙ БОЛУЫ КЕРЕК
Қазіргі таңда қоғамда діни сауаттылықты арттыру және радикалды көзқарастардың алдын алу – басты міндеттердің бірі. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағын сақтау, жастарымызды дұрыс тәрбиелеу, рухани құндылықтарды дәріптеу – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Бүгін аудан әкімі С.Мамытов аудандағы мешіт имамдарымен кездесу өткізді.
Жиында аудан басшысы: — Еліміз үшін тұрақтылық пен бірліктің маңызы зор. Осы жолда мешіттер мен имамдардың қызметі ерекше. Сіздер халық арасында рухани ағартушылық жүргізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастарымызды теріс ағымдардан қорғауда елеулі еңбек етіп келесіздер. Бұл бағытта сіздердің жауапкершіліктеріңіз жоғары. Жұмыстарыңыздың тиімділігін арттыру үшін біз әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетіп келеміз және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады, — деді.
Ауданда «Дін саласында 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға жоспарлары туралы» аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ. Салимова баяндама жасады. Сонымен қатар, аудандық мешіттің бас имамы А.Кәрімбаев сөз сөйлеп, діни іс-шараларды ұйымдастыру, жастармен жұмыс жүргізу және руханиятты дамыту мәселелеріне тоқталды.
Аудан әкімі С.Үмбетұлы діни рәсімдер кезіндегі ысырапшылдықты тыюда бірқатар мәселелерді айтты: — Біріншіден, садақаға жайылатын дастарханның өз әдебі мен тәртібі болуы қажет. Біздің садақада жаятын дастарханмен той дастарханының айырмашылығы болмай жатыр. Ысырапшылдыққа жол бермей, негізгі тағам түрлерімен ғана ас беруді халық арасында кеңінен насихаттап, осы мәселені бақылауға алуларыңызды сұраймын. Екіншіден, діни рәсімдердің өз талаптарына және дәстүрімізге сай орындалуын бақылауларыңыз қажет. Халық арасында әсіресе жерлеу рәсімдерінде түрлі жаңа ырымдар, ысырапшылдық орын алып жатады. Бұл мәселені де ескерулеріңіз керек, — деп діни рәсімнің дәстүрге сай өткізілуінің маңыздылығын жеткізді.
Кездесуде ұсыныс — пікірлер айтылып, сұрақтарға толық жауаптар берілді.