МАҚАЛДАСУ
– Ассалаумағалейкум ағасы. Сәлем сөздің атасы. «Әкең өлседе, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген бар. Алдыңызға кеп жүгініп тұрған Болмастың баласы, Толмас.
– Уағалейкумассалам. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық» деген рас-ау. Бұйымтайыңды айта отыр балам.
– «Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші, ойымды ашық айтайын. «Сай-сайға, бай-байға» құяды. Арманым «жоғарыға жорғалап барып, дорбалап» қайту еді.
– Әп-бәрекелді. «Жылан жымын білдірмес», Әкең мешкей еді. «Сараңнан бермес, Соқырдан көрмес» туар деген осы-ау.
– «Әке көрген оқ жонар» дегенді қайда қоясыз. Әкемнің «Жұтқан жұтамас» деген мәтелін бой тұмардай қастерлеймін ағасы.
– Жарайды. «Жұмыс қолдың кірі». «Береген қолым алаған» дегендей… Өзіңде білесің бала,«құрғақ қасық ауыз жыртады». Бұлбұлдың да жемсауы бар екенін есіңнен шығарма.
– «Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүрер. Кедей мен кедей құда болса ортасында дорба жүрер». «Ымды білмеген дымды білмейді». Бәрін қатырамын. «Сауда сақал сипағанша» .
– «Болар бала боғынан». Жарадың. Қазір кадрден қадір кетіп тұр. Жұмысқа қабілетің қалай өзі?
– Ол жағынан қам жемеңіз. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатамын. «Текені жезде, ешкіні апа» қылу қолдан келеді.
– «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуға» қалайсың?
– «Жалғыздың – жары құдай». «Көппен көрген – ұлы той» деген миыма кірмейді.
– «Қарның ашса қаралы үйге шап» демекші, өлім-жітім, той-томалаққа белсенділігің қалай?
– «Өлім – бардың малын, жоқтың – артын ашады». Беті аулақ. Тойды жақсы көрем. «Той десе – қу бас домалайды». Бірақ «Тойға барсаң тойып бармен» келіспеймін.
– Сен әкеңнен асып түскен «өзі тойсада көзі тоймайтын» пәтшағар болдың-ау. Күн ертең «жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтып, шетелге қашып кетіп жүрме антұрған.
– «Балапанды күзде санайды». «Тәрбие тал бесіктен» деген бар. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» аға.
– «Болар бала 15-де баспын дер, болмас бала 30-да жаспын дер». «Ат тұяғын тай басар». Қызметіңмен құттықтаймын балам.
Нағашыбай Қабылбек
2012