ТҮРКІСТАНДА БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ, ТУРИЗМ САЛАЛАРЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

✔️Түркістан облысында білім саласын дамыту, Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жұмыстарды жалғастыру жолдарын талқылау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек пен аталған университет ректоры Жанар Темірбекованы қабылдады.
Кездесуде университет пен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсу, жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.
✔️Мухитдин Шимшек Түркістанды туризм орталығына айналдыру, Түркістанда Түркология саласындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғимаратын салу, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті білім беру орталығын ашу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Жылына 8 миллион зияратшы мен турист келетін Конья қаласының тәжірибесін енгізу мәселесі де сөз болды.
⤵️Нұралхан Көшеров «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жаңа жобаларды бастау, техникалық мамандық иелерін даярлау бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
📌– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универстеті Түркістанды дамытуға оң серпін бергенін білеміз. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектер елімізді, өңірімізді дамытуға үлес қосып келеді. Аймақты дамытудағы серіктесіміз десек, қателеспейміз. Бүгінде өңірде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары ашылып жатыр. Соларға лайықты мамандар қажет. Университетте аймақтағы өндіріс орындарына қажетті жұмысшылар мен мамандарды даярлайтын бөлімдер ашып, гранттарды бағыттау маңызды. Білім, туризм және өзге де бағыттар бойынша айтылған ұсыныстарды назарға аламыз, әріптестікті нығайта береміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі