Кемертоған: Жаңа мектеп ашылды, жетістіктер де жетерлік

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылы жөнінде оқырмандарымыз жақсы біледі деп ойлаймын. 40 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың жанайқайлары, көкейтесті мәселелері жөнінде газетіміз соңғы бір жылдан аса уақытта қайта-қайта жазып, биліктің ол кемшіліктерді түзеу, жөндеу қажеттігін еске түсіретін мақалалар жаздық. Ол сыни материалдарымыздан облыс, аудан әкімшіліктері қорытынды шығаруға тырысты. Әрине, әу баста мәселелерді тез шешудің орнына әкім-қаралар кері тартып, сөзбұйдаға салып созған кездері де болды. Жиналыстар… басқосулар… айтыс-тартыс, тіптен халық пен билік арасында ірілі-ұсақты шайқастар да болды. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да келіп араласты. Үкімет тарапынан да уәкілдер қатысып, ушыққан жағдайды жөндеуге тырысты. Жалпы Алматы қаласының маңындағы ауылдарда шешілмей жатқан түйіндер көп. Әлбетте, ол түйіндерді жасаған ашкөз жемқорлар екені бәрімізге аян. Оның тереңдеп, тамырланып кеткені сонша – оған анау-мынау балтаның шамасы жетпейді. Батыл да ақылды, кешенді реформа қажет. Оның тамырларының ұштығы сонау жоғарыда жатыр. Олар Қожанасыр сияқты өзі отырған бұтақты кеспейді ғой. Әділ, таза, қуатты қолдар ғана оларды жамсата алады.
Кемертоған ауылы солардың бір құрбандығы ғана. Халық, баспасөз, депутаттардың арқасында ғана мәселелер жөнге келіп, жол салынды, электр, су, жер мәселелері шешіліп, халық бұрқ-сарқ еткен ашуын басты, жүзеге асып жатқан істерге ризашылығын білдірді. Енді ауылда шешілмей жатқан мәселе – мектеп жайы. Ауылда бір мектеп болды. Халық саны көбейген сайын мектепке балалар сыймай кетті десе де болады. Оқушылар үш ауысыммен оқып жатты. Біз сол мезеттері мектепке соққанда оқушы саны 4,5 мыңға жеткен екен. Уақыт жетпегендіктен оқушыларды 45 емес, 40 минутқа оқытуға мәжбүр болыпты.
Газетіміз мектептегі бұл күрделі мәселе туралы жазып, оны Үкімет назарына ұсынған еді. Көп ұзамай қуанышты хабар да жетті. Мектеп салынатын болып, көп ұзамай оның құрылысы да жедел басталып кетті. Өткен жылдың желтоқсан айының 18-інде көзайым хабар жетті. Сол мектеп бітіп, осы күні ашылу салтанаты өтіпті. Анау- мынау емес, «Жайлы мектеп». Кемертоған тұрғындары осылай зор қуанышқа бөленді. Бірақ ауылға бұл мектеп те аз әрі тарлық етіп отыр. Біз оны осы мектепке арнайы келген сапарымыз барысында кеңінен сөз етеміз.

 

Жайлы, жаңа
мектепте барлық жағдай жасалған

Алдымен біз жаңа ашылған «Жайлы мектепке» ат басын бұрдық. Үш қабатты еңселі ғимарат анадайдан айбынды көрінеді. Менің жанымда Кемертоған ауылы, 17 квартал тұрғындары, ерлі-зайыпты Ерлан Мыңтаев пен Ақлима Қазақбаева бар.
«Аға, жаңа мектепті келіп көріңіздер. Оның салынуына сіздердің газеттеріңіз ерекше еңбек сіңірді», – деп, олар қайта-қайта айтқан соң, міне келіп қалдық. Бұл екеуі де Кемертоған мәселелері оқиғасының басты қаһармандары.
Бізді алдымен мектеп директорының орынбасары қабылдады. Мектеп директоры Гүлмира Райсбекова Алматы қаласынан арнайы келген, ПШО орталығының директоры Асубаев Берік мырзамен кездесуде екен. Жаңа мектеп болған соң лауазымды адамдар жиі келгіштеп, бір жағынан танысып, екінші жағынан әркім өз саласы бойынша көмектеспек. Келгенімізді естіп, мектеп басшысы бізбен жолығуға шешім қабылдапты. Гүлмира көпжылдық тәжірибесі бар ұстаз екен.
– Жаңа ғана Берік Асубаевпен кездесуіміздің басы осы газет, журналды оқу мәселесінен басталды, – деп бастады ол әңгімесін. – Иә, шынында да қазір мұғалімнің кітап, баспасөз оқуы жөнінде жиі-жиі мәселе көтеріліп жүр. Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды.
– Иә, біз жаңа мектептің ашылғаны жөнінде ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге арнайы келдік. Мектептеріңіз құтты болсын! – деп, біз Кемертоған жайлы кеңінен білетінімізді қысқаша ортаға салдық. Гүлмира мектеп жайлы әңгімелеп берді.
– «Жайлы мектеп» деп аты айтып тұрғандай, мұнда барлық жағдай жасалған. Әр сынып бөлмесінде электронды тақта бар. Химия, биология, физика, роботтехника бөлмелерінде заманауи жағдайдың бәрі жасалған. Зертханалар жұмыс істейді. Қосымша факультативтік сабақтар жүргізіледі.
– Қазір мектепте қанша оқушы оқиды? Соған сәйкес мұғалімдер де жұмысқа қабылданған болар? Олар қандай талап тұрғысында қабылданды? – деп біз сауал тастадық.
– Қазір екі ауысыммен 1646 оқушы оқып жүр. 108 мұғалім жұмыс істеп жатыр. Мұғалімдер арнаулы конкурспен қабылданды. Кемертоғандағы мектептен 37 мұғалім ауысып келді. Мұғалімдердің біліктілік деңгейі үшке бөлінеді. Шебер, зерттеуші, сарапшы педагогтер. Әр 5 жыл сайын мұғалімдер біліктілік деңгейін жоғарылату үшін тесттен өтіп тұрады. Айлықтың мәселесі осы біліктілік деңгейіне және еңбек өтіліне байланысты шешіледі.
– «Жайлы мектеп» болған соң, конкурспен қабылдайсыздар ма?
– Жоқ. Ауылдың кез келген баласы біздің мектепке келе алады, бөле-жармаймыз.
– Спорт мәселесі қалай?
– Тоғызқұмалақ, баскетбол, волейбол, үстел теннисі түрлерінен оқушыларды баулимыз. Содан кейін айтатын мәселе – мұғалім жұмысы үнемі бақылауда. Оның шеберлік деңгейі, жаңашылдығы, белсенділігі үнемі назарда болады.
– Мектепте форма мәселесі жолға қойылыпты. Қыздардың боянуына, шаштарын жайып жүруіне тыйым салынған көрінеді. Тәртіп қатаң деседі.
– Мұнсыз болмайды ғой. Тәртіп мектептен бастау алуы тиіс. Жаңа мектеп болған соң кемшіліктері де болады. Бәрі біртіндеп қалыпқа келеді, – деді Гүлмира сөзін түйіндеп. Алдағы уақытта бұл мектеппен байланысымыз үзілмеуіне уағдаластық.

 

«Қиын ұжымға» жаңашыл
директор келді

Кемертоған ауылымен бірге жасасып келе жатқан байырғы мектепке баруды жөн санап, оның табалдырығын аттадық. Бұл мектеп оқушылары үш ауысыммен оқитынын жоғарыда айттық. Мектептің жаман атағы күллі елге жайылған. Балалар түгілі қыздардың бірімен бірі төбелескендері жайлы дақпыртқа толы әңгімелер көп. Өте қиын мектеп.

Мұнда қазір бесінші директор келіп жаңадан жұмысын бастапты. Бұрын 6 мыңға жуық оқушы оқыса, қазір оның саны 4,5 мыңға түскен. Әлі де көп. Мектеп бұл ауыр салмақты көтере алмай белі қайысып отыр. Жаңа мектеп директоры Айнұр Абишева біз келгенде ата-аналармен кездесіп, әңгімелесіп отыр екен. Көп ұзамай бізді қабылдады. Мектеп басшысының жүзі шаршаңқылау көрінді.

– 5 қаңтарда жұмысқа кірістім. Былтыр орыс мектебіне жұмысқа шақырған. Бірақ оған онша зауқым соқпады. Басшылар осыны аңғарды ма, әлде басқа себептері бар ма, осы мектепке баратынымды айтты. Қуана келістім. Қиын мектеп. Бірақ ұзақ жылға жинаған тәжірибемді қазақ мектебіне жұмсайтынымды сезіну маған күш-жігер берді, – деді Айнұр бірден шынайы түрде әңгімесін бастап. «1000 көшбасшы» арнаулы бағдарлама тезінен өткен мұғалімдер өте аз. Осы және басқа да көптеген оның бағдарламалардың сүзгісінен өткен Айнұр шынында да бай тәжірибемен келгенін естігенде біз қуанып қалдық.

– Мектеп 1200 орынды. Қазір мұнда 4065 оқушы оқып жатыр. 300 мұғалім жұмыс істейді. Міне, мектепте келеңсіз оқиғалардың етек алуының басты себебі – балалардың көптігі. Бірақ, мен ойлаймын, бұл қиындықтарды жеңуге болады. Ол үшін мұғалімдердің, ата-аналардың жауапкершіліктерін арттырып, жаңашылдықпен жұмыс істеу керек. Мектепте жауапкершілік сезімі болмай тұр. Мұнда жұмысқа келген мұғалімдер уақытша келгендей болады. Ауылда пәтерде тұрушылар көп. Ата-аналар бар жауапкершілікті мектепке артқан. Бұл дұрыс емес.

Алдымен ата-аналармен жұмысты жандандыруға күш салып жатырмыз. Сабақтарға жиі қатынасып, мұғалімдердің шеберлік, біліктілік деңгейін зерттеудемін. Алдағы уақытта тәртіпті күшейте отырып, ұлттық құндылықтарға ден қойсақ деп отырмын. Ата-аналар мұғалімдерді таңдайды. Яғни сабақтың сапасын күшейту керек. Бала білім биігіне шығуға өзі ұмтылған жөн. Ең бастысы шоу болмауы тиіс. Біз көбінесе сыныпта техникалық жағынан жағдай жасалса, мектеп күшті болады деп бағалаймыз. Ол дұрыс емес. Бәрі де мұғалімдердің сабақ беру қабілетіне, шеберлігіне байланысты. Балалардың сеніміне кіру арқылы оның жан дүниесін өзгерту керек. Баланы өзі ойлануға үйреткен жөн…
Бізге, шынын айту керек, мектеп директорының шынайылығы, шыншылдығы, жаңашылдығы ұнады. Өз жұмысына ол зор сеніммен кірісіп жатқан көрінеді. Мұндай кезде жұмыс та алға басады деп ойлаймыз. Қиын мектептің көшін бәлкім осы сенім түзейтін шығар. Иә, күтейік, сенім артайық. Айнұр Әбжалалқызына біз сәттілік тіледік.

Біз бұдан кейін Қарасай ауданы әкімшілігіне соқтық. Коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Салават Қазиевпен жолықтық. Кемертоған ауылы 17 квартал тұрғындарының «егер қазіргі су жүйесіне фильтр орнатылса, ертең үлкен су жүйесіне кіргізбейді екен» деген дүдамал ойын ортаға салдық. Бұл дүдамал ойдың дұрыс еместігін, болашақта мемлекеттік су жүйесі іске қосылғанда квартал соған қосылатынын ол сенімді түрде айтты. Иә, Кемертоған ауылында қуанатын жаңалықтар, жетістіктер көп. Біз осыған қуанып аттанып кеттік.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ