Жатақхана мәселесі ушығып тұр
Жатақхана мәселесін біраз бөліктерге бөліп қарасақ, талайын ашып жаруға болады. Бірінші кезекте, жатақхана ақысы студенттердің қалтасын тесіп жатыр. Кейбір университеттерде бағалар айтарлықтай жоғары, ал көрсетілетін қызмет сапасы сын көтермейді. Мемлекеттік гранттағы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер үшін жатақхана ақысы белгілі бір деңгейде жеңілдетілгенімен, бұл барлық студенттер үшін жеткіліксіз. Кейбір жоғары оқу орындары жатақхана ақысын алдын ала белгілі бір ай аралығына төлеу керек деген талап қояды. Егер төлем өтпесе, онда баспанасыз қаласың. Қазақстан бойынша ең жоғары жатақхана бағасы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің жатақханасы. Оның жылдық бағасы 864 мың теңгені құрайды. Бірден төлеген жағдайда, кішкене жеңілдік алуға болады. Ал бағасы сапасына сай ма? Бұл сұрақтың жауабын СДУ студентінің пікірі арқылы біле аламыз. «Жағдайы тамаша: жылы, құрғақ, жайлы, тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, душ, ыстық су, дәретхана қағазы, сабын бар. Барлығы керемет. Әр апта сайын студенттердің көңіл күйі үшін апталық дастарқан кешін ұйымдастырады. Ойынға немесе тыныштықта кітап оқып, сабақ оқитын арнайы бөлек бөлмелер қарастырылған», – дейді. Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде үш жатақхана бар. Бірінші жатақханада негізінен колледж студенттері мен 1-курс студенттері тұрады, ал екінші және үшінші жатақханаларда қалған студенттер орналасады.
Төлемақы: Жатақхана №1: төрт адамдық бөлме – 14 000 теңге, екі адамдық бөлме – 21 000 теңге. Жатақханалар №2-3: төрт адамдық бөлме – 25 500 теңге, үш адамдық бөлме – 28 000 теңге, екі адамдық бөлме – 30 500 теңге. Сонымен қатар, 20 000 теңге көлемінде депозит төлеу қажет. Баға қолжетімді болғанымен, өмір сүру сапасы көңіл көншітпейді, барлық жиһаз әлі күнге дейін КСРО заманынан қалған. Кейбір бөлмелерде шкафтар мен есіктер әрең тұр, тіпті кейде құлап қалуы мүмкін. Ал №2-3 жатақханаларда жағдай да аса жақсы емес, кейде душ пен дәретханада тарақандар жүгіріп жүреді, кейбір кір жуатын машиналар істемейді. Оған қоса, қыста жылу қосулы болса да, бөлмелер суық болып тұрады деген студенттің шағымы болған екен (жатақхана бағасы https://studlife.aues.kz/ пікір https://informburo.kz/ сайтынан қарастырылды).
Екінші кезекте, тұрмыстық жағдайдың төмендігі жайлы айтар болсақ. Көптеген жатақханаларда студенттердің өмір сүру жағдайлары нашар. Ескі жиһаз, жеткіліксіз санитарлық жағдай, су мен жылудың дұрыс жұмыс істемеуі – бұл студенттердің күнделікті кездесетін қиындықтары. Асүйлер мен жуынатын бөлмелердің тазалығы да көңіл көншітпейді, ал кейбір жағдайларда қажетті құрал-жабдықтар жетіспеуі мүмкін.
Соңғы пункт деп бөлмелердің шамадан тыс толып кетуін назарға аламыз. Студенттер жатақханадан бөлме алу үшін өте ұзақ кезекте тұрады. Тіпті орын алған күннің өзінде, 3-4 адамнан тыс бір бөлмені бөліп тұруға мәжбүр. Оның үстіне, жоғары курс студенттері жатақханадағы орнын босатуға мәжбүр болады. Әуелгі мақсаты, 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету болып табылады. Себебі, 1-2-курс студенттерімен-ақ бөлмелер лық толады. Ал оқуға ақылы түскен студенттер жатақханадан орын алуы екіталай.
Тағы бір алаңдататын мәселе – жатақханалардың жеткіліксіздігі. Университеттердің барлық студенті жатақханамен қамтамасыз етілмейді. Жатақхана орындарының бөліну тәртібі түсініксіз. Бір студентке жатақхана беріледі, ал біреуі орын жетіспегендіктен, пәтер жалдауға мәжбүр. Ал кейбір жоғары оқу орындарында жатақхана мүлде қарастырылмаған.
Қазіргі таңда осы мәселелерді шешу үшін бірнеше жатақхана жобалары іске асып жатыр. Атап айтқанда, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі арқылы жүзеге асырылатын жобалар қарастырылуда. Minber.kz хабарландыруы бойынша бір жыл бұрын Satbayev University-де жаңа студенттік жатақхана құрылысын бастау жобасы қолға алынған. Жоба толықтай «Forum Invest» инвесторы мен «EPC Stroy Group» құрылыс компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асырылып, Алматы қаласының Қала құрылысы кеңесінің мақұлдауын алды. «EPC Stroy Group» ЖШС-нің басшысы Ерлан Қожықов компанияның Satbayev University-мен жұмыс істеуге қуанышты екенін атап өтіп, бұл олардың елдің болашағына қосқан үлесі екенін айтты.
Жалпы алғанда, қазіргі жатақхана жағдайы күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Баға қолжетімділігі, жатақхана құрылысының қарқыны, орын тапшылығы мен бөлініс әділдігі сияқты мәселелердің шешімі табылмаса, студенттердің жайлы өмір сүруі мен білім алуына айтарлықтай кедергі келтірмек. Билік бұл мәселеге назар аударып, нақты шешімдерді қолға алу қажет.
Камила СЕРІКҚЫЗЫ