Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе екенін айтып, экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту жөнінде тапсырма берді.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында біздің министрлік бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыс атқаруда.
2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Аралға 1 млрд текше метр су жіберілді. Бұл жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық. Ал, Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімдерінің нәтижесінде 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілген судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде.
Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі — 22,1 млрд текше метрге жетті. Салыстыру үшін, 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр еді. 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғаюда. Бүгінгі таңда ол 3065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп.
Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен көлемінің ұлғаюы судың минералдануың азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде, жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
Бүгінгі таңда Тәуір қорғаныс бөгетін салу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен «Қарашалан-1» каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталды. «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге ықпал етеді.
Аралды қалпына келтіруге су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу де өз жемісін беріп жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысының күріш алқаптарын лазерлік жоспарлаушымен тегістеу және су үнемдеу технологияларын пайдалану шамамен 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Аралға жіберуге мүмкіндік берді. Облыста 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік жоспарлаушының көмегімен тегістелді, бұл орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттыруға септігін тигізді.
Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын дихандар үшін суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды. 2021-2024 жылдар аралығында 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет отырғызылды. Биыл 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс.
Айта кету керек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастапа Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығындағы төрағалығы кезеңінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру 2000 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы судың минералдануын азайтады, бұл оның биологиялық әралуандығын сақтауға көмектеседі және Қызылорда облысының балық шаруашылығының дамуытуға ықпал етеді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі.
Арал теңізінің тартылған аумағын көгалдандыру топырақ эрозиясының алдын алады және құмды, тұзды дауылдармен күресуге көмектеседі.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі