Алашорда – азаттығымыздың бесігі

Үстіміздегі жылы алғашқы жалпы қазақ съезінің ашылуы мен Алашорда мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толады. Тарихқа көз жіберсек, сол жылдардағы қазақ зиялыларының өз елінің бостандығы үшін еткен ерен еңбектерінің куәсі боламыз. Егемендік қазақ еліне оңай келмегеніне көз жеткіземіз. Енді осыған біраз тоқталайық.

Патшалы Ресей қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, қазақ халқының жерін тартып алу арқылы аграрлық мәселені шешуге тырысты. Крепостниктік тәртіпті жойғанымен, аграрлық мәселені шеше алмаған Ресей шаруаларды шығысындағы шет аймақтарға, негізінен Қазақстанға қоныстандыру жолымен шешуге тырысты. Осы жобаны жүзеге асыруды Қоныстандыру басқармасы жүргізді. 1886 жылы қазақ халқының жер көлемін анықтау мақсатымен Ф.Щербинаның басшылығымен экспедиция ұйымдастырды. Щербина малшы қазақтардың жерін алып малсыз қалса, олар қайыршылыққа түсетінін айтты. Алайда патша үкіметі ол ұсынысты тыңдамай, қазақ даласын отарлауды жүзеге асыра берді. Патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы тұрар күші жоқ қазақ халқы амалсыз көнді. ХХ ғ. басында оқыған қазақ интеллигенциясы жетіле бастады. Олардың қатарында Ресей Думасының бірінші шақырылымының депутаты болған Әлихан Бөкейханов бер еді. 1837-1847 жылдардағы Кенесары ханның қарулы көтерілісін зерттеген Әлихан қазаққа бостандық алу үшін Ресейдің өзін түбегейлі реформалау керек екенін түсінді. Ол 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін сол кездегі Ресейдің ең ықпалды Кадет партиясына мүше және 1912-1917 жылдары кадет партиясының Орталық комитетінің мүшесі болды. 1906 жылы Семей қазақтарының атынан мемлекеттік Думаға сайланған. Сол жылы 22 шілдеде Выборг петициясына қол қойғаны және Қазақстанда саяси қозғалыс ұйымдастырушы ретінде сотталып, үш айдан соң босатылған. 1908 жылы қайта ұсталып, 1917 жылға дейін Самарада болып, Қазақстанға келу құқығынан айырылған. Әлихан сонау бірінші орыс революциясы кезінде-ақ саяси партия ұйымдастыру туралы ойластырған. Сол жоспары 1917 жылы іске асады. Осы жылы ақпанда революция болып, патша үкіметі құлап, Уақытша үкімет орнады. Ал большевиктер қазан айында Кеңес үкіметін орнатқан еді. Олар уақытты оздырмай қазақ жеріндегі теміржолды өздеріне қаратып алды. Большевиктердің бұл әрекеті басқыншылық екенін түсінген Бөкейханов Ресей әскерлеріне, матростарына және жұмысшылар мен шаруаларға үндеу жолдады. Үндеу сол кезде барлық баспасөздерде жарық көрді. Қазақ зиялылары 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда алғаш рет жалпықазақтық съезін өткізді. Съезге жеті облыстан және Бөкей ордасынан 20-дай өкіл қатысып, қазақ үшін ең өзекті 14 мәселе қаралды. Бес күнге ұласқан съезде автономия алып, теңсіздік жариялау туралы өзекті мәселе біраз қызу пікірталас тудырды. Ж.Досмұханбетов бастаған Орал облысы мен Бөкей ордасының өкілдері автономияны дереу жариялау керек деді. Ә. Бөкейханов қазақ автономиясын дереу жариялауға қарсы болды. Сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген Бөкейханов:

«Қазақ жерінде қоныстанған басқа ұлт өкілдерінің және Түркістан өлкесіндегі қазақтардың қосылу-қосылмау мәселесін нақты шешіп алу қажет. Осы мәселені анықтаған соң барып, тәуелсіздікті жариялайық», — деді.

Әлиханның бұл пікірі тактикалық жағынан дұрыс еді. Оның түпкілікті көздегені қазақтың біртұтас мемлекетін құру болатын. Сөйтіп, екі жақтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ ымыраға келді. Келісім шарты бойынша «Түркістан қазақтары бір ай мерзім ішінде Алаш автономиясына қосылмаса, Алашорда халық кеңесі ресми түрде автономия жариялауға міндетті. Қосылған жағдайда Алашорданың халық кеңесіне бірінші мүмкіндік болғанда Алаш автономиясын жариялауға құқық беріледі» деп шешеді. Әлихан сол жылғы қазан айындағы революциясын қолдағанымен, саяси тұрғыдан қарсы болды. Сонымен қатар большевиктерден сақтануға шақырды. Большевиктердің халыққа қасірет әкелетінін ол сол кезде-ақ білген. Өзінің Ресей әскерлері мен матростарына, жұмысшылары және шаруаларына жазған үндеуінде:

«Патша құлағанымен, таққа Лениннің өзі отырғысы келген үкімет демократия емес, буржуазиялық сандырақ!» — деп ашық айтты.

1921 жылы 21 қарашада Алаш партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Онда жерді жергілікті халыққа беру, сот ісін қазақ тілінде жүргізу, оқудың жалпыға бірдей және ақысыз болуы, сөз бостандығы, дінді мемлекеттен бөлектеу, әскери қызметті өз жерінде атқару және жұмысшыларды заңмен қорғау туралы нақты жазылды. Бодандықтың бұғауынан құтылудың және жерге ие болу үшін мемлекеттік тәуелсіздік керек екенін түсінген қазақ зиялылары, ұлттық автономиялық мемлекет құру жұмысымен айналысты. Оған Ресейдегі ақпан және қазан революциясы Қазақстанда автономия құруға жол ашты.

Әлихан Бөкейханов — Алашорда басшысы

Сонымен, 1917 жылы 5-13 желтоқсан арасында Орынбор қаласында 2-ші жалпықазақ съезін өткізеді. Съезге делегат болып Тұрағұл Абайұлы, Кенесары ханның немересі Әзімхан, Мұстафа Шоқай бар, барлығы 300-дей делегат қатысады. Съезде қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын imagesталқылайды. Талқылауда Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясына бірігуге ұсыныс жасайды. М. Шоқай 1917 жылы құрылған Түркістан автономиясының М.Тынышбаевтан кейінгі төрағасы болатын. Білімді және саяси сауатты М. Шоқай 1914 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысы бойынша Ресей мемлекеттік думасы жанындағы мұсылман фракциясында жауапты хатшы болған. Съезд осы мәселені талқылай келе қаулы қабылдайды. Қаулыда Орал, Торғай, Бөкей елі, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облысындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы, сондай-ақ, Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, Қазақ-қырғыз ұлттық автономиясын құруға шешім қабылдайды. Съезд Алаш Автономиясын Алашорда (Алаштың ордасы немесе үкіметі деген сөз) деп атады. Сондай-ақ, Қазақ облыстарын сол кездегі бүліншіліктен қорғау мақсатында Ұлттық Кеңес құрылсын, Алашорданың тұратын орны уақытша Семей қаласы болсын (шын мәнінде, Семей қаласы 1917 жылғы шілдеден 1927 жылғы қазан айына дейін Алаш қаласы деп аталған) деп қаулы қабылдаған. Алашорданың өкімет құрамы 25 адам болып, 10 орын қазақтар арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Алашорда автономиясының Алашорда аталған ұлт кеңесінің құрамына 15 қазақ азаматы сайланды. Олардың қатарында Халел Досмұханбетов, Уәлихан Танашев, Халел Ғаббасов, Сыдық Аманжолов, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұханбетов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақтыгерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжановтар болды. Сонымен бірге, милиция жасақтарын құрып, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті киім мен қару-жарақ түрлерімен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Алашорданың басшылығына дауысқа үш адам түскен.

8bddbbaf27f918a65f23dd59c9b73f03_big

Дауыс қорытындысы бойынша Әлихан Бөкейханов — 40 дауыс, Айдархан Тұрлыбаев — 20 дауыс, Бақтыгерей Құлманов 19 дауыс жинап, көп дауыс алған Әлихан Бөкейханов қазақтың алғашқы автономиясына төраға болып сайланады.

Ленинмен айтысқан Ә.Ермековтың ерлігі

Сол кездегі Алашорда автономиялық мемлекетінің жері Ресей империясының бес әкімшілік құрамында еді. Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына,Торғай облысы Орынбор ermekovaeгуберниясына, Орал облысы тікелей Ресей мемлекетінің құрамына кірген болатын. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Ә. Ермековтер Ленин және Сталинмен Қазақ автономиясының жер көлемі туралы келіссөз жүргізген. 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралады. Сол мәжілісте Қазақстанның жер жағдайы туралы Әлімхан Ермеков баяндама жасап, Қазақстанның жері және оның шекарасы туралы мәселелерді толық қамтып, Ресейдің өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдерімен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін жан-жақты бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Оның дәлелдерінен кейін Лениннің басшылығымен Қазақ автономиясына Ресей иемденіп алған Семей мен Ақмола облыстарын, Каспий теңізінің теріскей жағалауындағы жерді, Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Қазақ еліне қайтарылды. Сөз арасында Әлімхан Ермеков туралы айта кетейін. Қазақ елінің бостандығы үшін күресе жүріп, ғылыммен айналысқан Әлімханға 1937 жылы Бүкілодақтық Аттестациялау Комиссиясы математика және теоретикалық механика саласындағы еңбегін жоғары бағалап, профессор атағын береді. 1938 жылы оны 58 статьямен соттап, 1947 жылы босатады. Осы отырғаны аздай, 1948 жылы қайта ұстап, 1955 жылы шығарады. Қазақ автономиясын құрудағы Әлімхан Ермековтың еңбектері өлшеусіз, әсіресе жер мәселесін шешудегі жетістігіне кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар. Алашорда осыған дейін болып келген ұлт-азаттық көтерілістердің және әлеуметтік теңсіздікті жақсарту үшін болған қозғалыстың жалғасы болды.

1918 жылы 22 қаңтарда «Сары арқа» газетінде:

«…желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» деген Әлімхан Ермековтың мақаласы шықты.

Алдау мен арбаудың кесірі

1918 жылы наурыздың соңында Алашорда мемлекеті Мәскеуге Ленинмен жолығуға Жаһанша Досмұханбетов пен Халел Досмұханбетовты жібереді. Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізген Досмұханбетовтер оларға 1917 жылғы желтоқсандағы қаулыны таныстырады. Большевиктер оларға «Кеңес үкіметін толық мойындап, сөзсіз бағынуды талап етті. Олар қазақтар шоғырланған жерлерді толығымен қазақтарға қайтару, Кеңес үкіметі тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату және қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді қоя білді. Сонымен қатар Кеңес үкіметі жанынан Қазақ комиссариатының ашылуына қол жеткізеді. 1918 жылы сәуірде Ленин мен Сталин Алашорда басшылары Әлихан Бөкейханов пен Халел Досмұханбетовпен телефон арқылы сөйлеседі. Сталин:

«Егер сіздер Кеңес үкіметін мойындасаңыздар, біз де сіздердің Алашорда мемлекетін мойындаймыз», — деп уәде береді. Уәдеге сенген Алашорда мемлекеті 1918 жылдың 11 маусымынан бастап тәуелсіздік жолындағы қызметін бастайды. Өз территориясын облыстық және уездік кеңестер арқылы басқару, Жаппай білім беру, ғылымды жан-жақты дамыту, Алаш әскери ұйымын құру және жабдықтау, Алаш үкіметінің жергілікті ісіндегі түрлі саяси күштермен саяси экономикалық қарым-қатынастар жасау, Алашорда үкіметі және қазақ соты сияқты өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Жаңадан құрылған Алашорда үкіметіне өте күрделі жағдайда қызмет атқаруына тура келді. 1918 жылдың көктемінде Ресейде Азамат соғысы мен шетел интервенциясы басталды. Азамат соғысы қазақ даласын да қамтыды.Сол 1918 жылы Алашорда үкіметінің Батыс және Шығыс бөлімдері құрылды. Батыс Алашорданың орталығы Жымпиты ауылында орналасып, оны Жаһанша Досмұханбетов, Семейде орналасқан Шығыс бөліміне Әлихан Бөкейханов жетекшілік етті. Алашорданың әскери бөлімінің бастығы капитан Х.Тоқтамышев Омбыда орналасқан Сібір үкіметімен Алашорда әскерін құруға көмектесу жөнінде келіссөз жүргізді. Ә. Бөкейханов Сібір үкіметіне «Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уақытша қатынастар орнату туралы» ұсыныстар жасайды. Сібір үкіметі алашорда үкіметін жартылай мойындағанымен, өз уыстарынан шығарғысы келмейді. Кеңес үкіметімен жасаған келісім бойынша олар Қазақстанның әрбір облыстық кеңесінде тұтқындалған алаш қайраткерлерін босатуға нұсқау береді. Сонымен қатар, Мәскеу Алашорда сұраған 40 миллион рубльдің 12 миллионын береді. Бірақ орта жолда Саратов қаласында Орал облыстық депутаттар кеңесінің мүшесі, большевик Д.Яковлев күтіп отырып, ақшаны тартып алады.

Бұл оқиға большевиктер құрған Кеңес билігіне деген алаштықтардың сенімсіздігін күшейте түсті. Алашорда басшылары большевиктік күштермен және Қазақ елімен шекаралас аймақтағы сол кездерде құрылған уақытша үкіметтермен ымыраға келгенде ұлттық мүддені қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізді. Алашорда басшысы Бөкейханов Қазақ елін дамытуды Батыс Еуропа және Жапония елдерінің тәжірибесін пайдалануды жоспарлаған. Осы орайда феодалдық артта қалған Жапония мемлекетін әлемнің жетекші еліне айналдырған «Мейзи исин» бағдарламасы десек, соның қазақша бағдарламасын пайдалануды ойластырған. Сондай-ақ, Батыс Еуропаның да даму үрдісін үлгі етіп алғысы келді. Бұл Алаш бағдарламасының бірденбір стратегиялық мақсаты болатын. Әлекеңнің бұл бағдарламасы, өкінішке орай, орындалмады. Кеңес үкіметі Алаш автономиясын мойындағанымен, кейіннен өз уәделерінен тайып кетті. Алашорда сол кездегі Колчак, Ақгвардияшылар мен Ресейдегі құрылтай үкіметтерінің қыспағында қалған соң, автономияны сақтап қалу үшін амалсыз Кеңес үкіметінің қарамағына өтеді. 1919 жылы көктемде Қазақстандағы Кеңес үкіметінің мүшесі Ә.Жанкелдин Ә. Бөкейхановты Ленинмен жолықтырады. Бұл кезде алаштықтардың саяси көзқарастары екіге бөлінген еді. Бірінші жағы — таза алаштық үлгідегі элита, екіншісі — партиялық-мемлекеттік номенклатура түріндегі ұлт зиялылары. Олар Алашорда мүшелеріне қарсы болды. Нәтижесінде Алашордаға Ленин сенімсіздік танытты. Сол жылы 10 шілдеде Ленин «Қазақ революциялық Комитетін» құру туралы декрет шығарады. Оның төрағасы етіп Станислав Пестковскийді, оның орынбасарлығына Әлихан Бөкейхановты тағайындайды. Алашорданың ұйымдастырған мемлекеттік құрылымдары, 5 мың әскері, мектептері, сот мекемелері және «Қазақ» газеті мен «Сарыарқа» газеттері толығымен революциялық комитеттің құзырына беріледі. Сөйтіп, Алашорда автономиясы өз жұмысын 2 жыл 3 ай атқарып, большевиктердің қысымымен 5 наурыз 1920 жылы тоқтатады. Сол жылы 26 тамызда Ленин мен Калинин Қырғыз (қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиясын құру жөніндегі декретке қол қояды. Сол күннен бастап Қазақ революциялық Комитеті таратылды. Патшалы Ресейден қудалау көрген Алаш зиялыларын 1919 жылы Алаш зиялыларына амнистия жариялағанына қарамастан, Кеңес үкіметі қудалай бастайды. М.Шоқай Түркияға, Х.Тоқтамышев пен Р.Мәрсеков Қытайға кетуге мәжбүр болады. 1920 жылы Ә.Бөкейхановты тұтқындайды. Оның «Қазақ баласы бұл жолы тәуелсіздігін алмаса да, келешекте өз тізгінін өзі ұстайтын бөлек мемлекет болады» деген көрегендігі шындыққа айналды.

Алаш идеясы неге іске аспады деген сұраққа Мұстафа Шоқай «… орыс демократтарына сеніп, алданып қалдық. Өзге ұлтқа сеніп, өз бостандығымызды ала алмаймыз», — деді.

Алаш партиясы мен Алаш автономиясының тарихи маңызы өте зор. Олардың бағдарламасының саяси негізі қазақ елінің тәуелсіздігі еді және қозғаушы күші сол кездегі қазақ зиялылары болды. Большевиктер Алаш үкіметін жойғанымен, Алаш идеясын жоя алмады. Ел тәуелсіздігі өмір ақиқатына айналды. Алаш зиялыларының армандаған ойлары іске асты. Алаш автономиясы құрылмаса, КСРО-ға дербес мемлекет болып енбес едік. Дербес Қазақ республикасы болмасақ, бүгін егеменді мемлекет болмас едік. Кезінде бастарын өлімге тігіп, Алаш автономиясын құрған сол кездегі қазақ зиялыларына бүгінгі ұрпақ бас иеміз.

Беркін Әкебаев,

Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері.