Махаббатпен емделген жүрек

Атақты кардиохирург, академик Владимир Андреевич Алмазовтың Бірінші медициналық институттағы кабинетінде спиртке батырылған жүрек салынған құты бар еді. Бұл жүректің хикаясын әр студент жақсы білетін. Алмазов осы институттың 4-курсында оқып жүргенде эндокардитпен науқастанған бойжеткен түседі. Бұл ауруды емдеу қазір де қиын, ал ол кезде үміт жоқ еді.
Елдің бәрі қызды о дүниелік деп есептеп қойған. Қызуы қырыққа дейін көтеріліп, жүрегі үсті-үстіне әлсірей береді. Атақты профессорлар топтанған интерндерін шұбыртып кеп, қызды ықылассыз қарап кетеді. Сол практиканттардың бірі – дарынды, зейінді болып шығады…
Жоқ, ол эндокардиттің емін ойлап таппады. Ол қызға ғашық боп қалады. Бойжеткен өте сүйкімді еді. Жігіт қызға күнде келеді. Гүл сыйлайды. Өлім аузында жатқан қыз оның ынтықтығын байқайды. Қыз да оны ұнатады. Содан ақырындап дертінен айыға бастайды.
Олар үйленіп, балалы болады. Күміс тойына емдеген дәрігерлерді шақырады. Кейін қартайып, бақиға аттанар кезінде сол бойжеткен жүрегін Бірінші медициналық институтқа аманаттап кетіпті. Жаралы жүректі тек махаббат емдейтінін ел есінен шығармасын дегені екен.
  • Анна Кирьянова
  • Аударған Шынар Әбілда