Палата отырысы өтті

Бүгін Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Аталған заңдардың нормалары Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауға, сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны қорғап, рухани нысандардың бірегейлігін сақтауға бағытталған.
Заң арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейтін болады.
Сонымен қатар жиында әкімдіктер мен мәслихаттардың құзыреттері қайта қаралды. Енді қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу әкімдіктің құзыретінде болады. Бұл Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін келісу рәсіміне де қатысты екенін атап өткен жөн. Осылайша, аталған заңнамалық нормалар қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде дүниежүзілік мұра – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау аймағында орналасқан нысандарды басқару мен сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға арналып отыр.

Әзімбек Пазылбекұлы,

Түркістан қаласының әкімі