НҮРКЕНОВ БАҚЫТЖАН БАЛТАБЕКҰЛЫ
Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті. «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Үстіміздегі жылдың 10-ақпан күні Шу ауданының Құрметті азаматы, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарының бұрын аудан әкімі болған Нүркенов Бақытжан Балтабекұлы дүниеден озды.
Бақытжан Балтабекұлы 1960 жылы 18 қазанда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ленинское селосында (Қонаев ауылы) дүниеге келген. 1983 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы, 1999 жылы Қырғыз Мемлекеттік Ұлттық университетін құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1977 жылы В.И.Ленин совхозында жұмысшы болып бастаған. Содан кейін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында (1983-1989 жылдары) студент болған. 1983-1986 жылдары Шу ауданы «Чусовхозводстрой» трестінің инженері, шебері, Шу ауданы Ленин атындағы совхозының инженер-гидротехнигі, 1986-1988 жылдары Шу ауданы Ленин атындағы совхоздың комсомол комитетінің хатшысы, 1988-1991 жылдары Шу аудандық комсомол комитетінің 2-хатшысы, Шу аудандық партия комитетінің партия ұйымдастырушысы, 1991-1992 жылдары Ленин атындағы совхоздың инженер-гидротехнигі, 1992-1993 жылдары Шу ауданы әкімінің көмекшісі, 1993-1998 жылдары Шу ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, 1998-2004 жылдары Қордай ауданы әкімінің орынбасары, 2004-2007 жылдары Т.Рысқұлов ауданының әкімі, 2007-2010 жылдары Шу қаласының әкімі, 2010-2013 жылға дейін Шу ауданы әкімінің орынбасары, 2013-2015 жылдары Шу ауданының әкімі, 2015-2018 жылдары Мойынқұм ауданының әкімі қызметін атқарды. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мерекелік медальдармен марапатталған.
Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Бақытжан Балтабекұлы аудан әкімі қызметін атқарған жылдары өңірдің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға аянбай еңбек етті. Елге жасаған қызметі мен сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.
Халқына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта, иманы саламат болсын! Артында қалған отбасына, туған-туыстарына Алла сабыр берсін.
Марқұмның барша туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.
Мойынқұм ауданының әкімдігі